Фонограммаға қатысты заң жобасы әзір

3221

Елімізде 7 мыңдай әнші мен тамада ғана кәсіпкер ретінде тіркелген.

Фонограммаға қатысты заң жобасы әзір

Кейінгі екі жыл мәдениет қызметкерлеріне қиынға соқты. Ал коронавирустық пандемия және қатаң шектеулер, соның ішінде тойханалардың және түнгі клубтардың жабылуы, отбасылық той-думандарды өткізуге тыйым салынуы саланы қаусатып кетсе керек. Жеке кәсіпкерлік құрғандары, құрмағандары бар, ондаған мың мәдениет пен ойын-сауық қызметкерлері 42 500 теңге әлеуметтік төлем сұрап, мемлекетке алақан жайыпты. Ал қалғандары әлеуметтік желі және ақпарат құралдары арқылы шектеу шараларын алғызып тастау үшін оны аяусыз сынаумен болды. Мысалы, белгілі комик, бір тойды жүргізу үшін 15 мың доллар сұрайтынын мойындаған асаба-тамада Тұрсынбек Қабатов пандемия кезіндегі әзіл-қалжыңдарының көбін шектеуді, полицейлерді сынауға арнады.

Кейбір эстрада "жұлдыздары" ғаламтор арқылы табыс табуға ұмтылуда. Алайда дүркіреп өтер тойға қатыспағасын туған күн иелеріне онлайн немесе видеоқұттықтау жібергеннен көп табыс табу қиын көрінеді.

Бірақ сарапшылар жылдар бойы қазақтың тойқұмарлығы есебінен байып келген бұлардың сонша жұтап отырғанына сенбейді.

"Мұнай бағасының құлдырауы және дағдарыс кесірінен Үкімет бюджеттің бүйірін толтырып, жыртығын жамай алмай отыр. Демек, мемлекет әртістер мен әншілерді де қатаң бақылауға алуы тиіс. Олар әртүрлі атаумен инстаграммда байқауларды, ұтыс ойындарын жалғастыруда. Көнерген көлік, сахналық киімі және басқа да ескі-құсқысын бәске тігеді. Бірақ ұтыс өткізуге рұқсат құжаты жоқ. Қазақстанда байқау, аукцион өткізу үшін сертификат керек. Әлемде де танымал адамдар, блогерлер, жұлдыздар ұтыс өткізу үшін құзырлы органнан рұқсат алады. Біздің жұлдызсымақтар да рұқсат алсын, төлемін бюджетке төлесін, содан кейін өткізе берсін. Әртістер мәдениетке үлес қосуы керек, ал бізде олар жарнамамен, ескі көліктерді жаппай сатумен, лотереямен және басқа да "көлеңкелі" істермен айналысып кетті", – дейді бұрынғы салық қызметкері, қазіргі қоғам белсендісі Зәуреш Халимбетова.

Ол мемкірістер органының қызметкері болып жүргенде осы мәселеге назар аударғанын айтады. Алайда қазақстандық "жұлдыздар" тойлар мен ойын-сауық шараларына шақырылған қонақ ретінде қатысатынын, ешқандай ақы алмайтынын айтып құтылады екен. Ақшаны конвертпен алатындықтан, бұл дәйектемесін жоққа шығару қиын. Енді "тегін той өткізетін" әнші-әртістердің тойға тыйым салынғанда тосыннан кедейленіп шыға келгені күдік туғызады. Сондықтан сарапшылар Мемлекеттік кірістер комитетіне Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, болашақта тойханалар мен мейрамханаларға рейд жүргізуді ұсынады.

Қаржы министрлігінің Мемкірістер комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиев бұл мәселе назарда екенін білдірді. Оның мәліметінше, 2019 жылы "өнер, көңіл көтеру және демалыс" саласында ақпараттық жүйеде 6 мың 620 жеке кәсіпкер тіркелген. Бір жыл ішінде олардан бюджетке 679,1 млн теңге салық түсіпті. Заң бойынша әнші-әртістер, асабалар салық органына өз бетінше тіркеуге тұруға және салықты ерікті түрде аударуға тиіс. Ведомство азаматтардан заңсыз пайда табу көрінісіне жолықса, ондай тұлғаның жеке дерек-реквизиттерін көрсете отырып, нақты жайтты хабарлауды сұрайды.

Мемлекет шектеу сыртында, эстрада "жұлдыздары" үшін тағы бір тосын сый әзірлеуде. Мәдениет және спорт министрлігі орындаушылардың фонограммаға тым әуестеніп, тыңдаушыға "табиғи" өнім ұсынбайтынына алаңдайды. Бұған қоғам тарапынан көп сын айтылуда. 

"Осы мәселені шешу үшін біздің министрлік фонограмманы және концерттік қызметті құқықтық реттейтін заң жобасын әзірледі. Ол бастапқыда барлық ойын-сауық және мәдени іс-шараларда "плюсовка", "минусовка" сияқты дауыс пен дыбыс фонограммаларын пайдалануға түпкілікті тыйым салуды көздеді. Бұған тек телевизиялық бағдарламаны жасағанда немесе ашық алаңдағы іс-шарада ғана рұқсат ету көзделді. Алайда құжатты мемлекеттік органдардың және кәсіпкерлер қауымдастығының келісімінен өткізу барысында бұл талап қолдау таппады. Өйткені ол кәсіпкерлерге арналған ережелерді қатаңдатады және қосымша талаптар мен міндеттемелер жүктейді", – дейді Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова.

Тиісінше, жобаның үкіметтік нұсқасы мәдени іс-шараны ұйымдастырушылардан және орындаушылардан өз плакаттарында және жарнамаларында көрерменді концертте фонограмма қолданылатыны жөнінде хабардар етуді ғана талап етті.  

Дегенмен, заң жобасы Парламентке енгізіле салысымен бәрі өзгерген: Мәжіліс депутаттары фонограммаға тыйым салу керек деген ұстанымда табандап, заң жобасына соны қарастыратын, фонограмманы қолданбауы үшін әнші, әртіс, асаба және басқаларының жауапкершілігін күшейтетін норма енгізіпті. Осыған орай аталған бап Үкіметтен қорытынды алуға жіберілді. Мәдениет ведомствосы талапты өткізу үшін мүдделі меморгандармен жұмыс істеп жатқанын жеткізді.

"Мәселе министрліктің бақылауында", – деді министр А.Райымқұлова.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу