Фосфогипс таулар биіктеп барады

Маржан Кәрімжанқызы Маржан Кәрімжанқызы
6003

Жамбыл облысында 10 миллион тоннадай фосфор өнімінің қалдығы пайдаға асырылмай текке жатыр.

Фосфогипс таулар биіктеп барады

Тараз қаласының батыс жағында, бұрынғы айналма жолдың бойында қаншама жылдардан бері тау-тау болып үйіліп жатқан фосфор қалдықтарына тұрғындардың көзі әбден үйренген. Оның не екенін, қашаннан бері мұнда жатқанын және қашан алынатынын көпшілік біле бермейді. Тек ел арасында "қанша айтқанмен химия ғой, зияны болады ғой" деген секілді пікірлер айтылады да қояды. Тіпті кейбіреулері "оны көтерген жағдайда төменгі қабатынан радиация бөлінеді екен" деп асыра сілтеп жатады. Сонымен, көпшілік үшін көз үйреншікті болғанымен, аса жұмбақ бұл не үйінді?

Мұнда жатқан - 10 млн тоннаға жуық фосфор өнімінің қалдығы, яғни фосфогипс. Ол "Казфосфат" ЖШС-на қарасты "Минералды тыңайтқыштар зауыты" мен әріректе орналасқан "Жаңа Жамбыл фосфор зауытынан" шығарылған қалдықтар. Зауыт жыл өткен сайын өнім көлемін арттырып отырғандықтан, шығарылып жатқан фосфогипс көлемі де көбейіп келеді.

Ол қалдықтың жергілікті жұртшылыққа зияны бар екені туралы сөздің жаны бар секілді. Бірақ ондай жағдай фосфор өте көп мөлшерде өндірілген және оны залалсыздандыру технологиясы аса жетілмеген кеңес үкіметі кезінде байқалған. Нақтырақ айтқанда, сол заманда үйілген қалдық шаңының әсерінен қара малдың тістерін өсіріп жіберетін флюороз ауруы пайда болыпты. Ал флюороздың салдарынан мал жем-шөбін жей алмай, қоректенуден қалған. Жуалы ауданындағы бұрынғы "Билікөл" кеңшарында ірі қараның азайып кетуінің бір себебі осы.

Бірақ бүгінде ҚР АШМ ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті облыстық аумақтық инспекциясының мамандары бұл қалдықтан малға ешқандай зиян жоқ екенін айтып отыр. 

Ал енді бұл қалдықтың еш зияны болмаса, демек пайдасы бар шығар?..

Білсек, пайдасы көл-көсір екен. Оны кәдеге жаратып, жұрт игілігіне пайдаланудың талай тәсілі бар болып шықты. Жамбылдық ғалымдар 1970 жылдардан бастап бұл өнімнен құрылысқа қажетті кірпіш, плиткалар мен үйдің сыртын қаптайтын қаптамалар секілді көптеген материал шығаруға мүмкіндік бар екенін анықтаған. Профессор Айтмағамбет Сағындықов фосфогипстен  қабырғаға жапсыруға болатын және еденге төсейтін шыны кристалитін ойлап тапқан екен. ҚР ҰҒА академигі, т.ғ.д., профессор Жүсіпбек Сүлейменовтің шәкірттері шығарған плиткалар сол кездерде талай кәдеге жараған.

Біз сөз етіп отырған үйіндінің мұнан өзге ең басты пайдасы, ол – арзан әрі қолжетімді минералды тыңайтқыш. Ол сортаңданған жерлерді қалпына келтіру үшін таптырмайтын зат. "Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты" облыстық филиалының бас директоры Н.Балғабаев фосфогипсті осы мақсатта пайдаланудың аса тиімді екенін айтып, оны ауыл шаруашылығы саласында кеңінен қолдану жөнінде ұсыныс білдірген.

Фосфогипсті тыңайтқыш ретінде қолдану технологиясы да аса қарапайым. Сортаңданған алқаптардың әр гектарына он тоннадан фосфогипс енгізіліп, ол жер мүмкіндік болса күз мезгілінде жыртылады екен. Ал жерасты суы көтерілген кезде жерге енгізілген тыңайтқыш екі ортада үлбір қабат түзеді.

Алайда өңір шаруалары мұндай мол қорды пайдалануға неге екені белгісіз, аса құлық танытпауда. Мәселе оның ауыл шаруашылығы үшін қажеттілігі мен тиімділігін жұрттың аса біле бермейтінінде болса керек.

Өндіріс қалдықтары мен қоқыстардан тазарту, экологиялық таза аймақ құру, табиғи таза өнім өндіру мен тұтыну бағытында жүзеге асырылып жатқан "Жасыл экономика" бағдарламасы бұл мәселені шешудің үлкен тетігі ретінде қарастыруға әбден болатын секілді. Өйткені "Жасыл экономиканы" дамытудың жеті негізгі бағыттарының бірі қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру болып табылады. Аталған бағдарламада қалдықтарды басқару мәселесі ерекше танымалдылыққа ие екені айтылады.

Осылайша ел назар аударғанымен байыбына бара бермейтін, зиянды деп алыстан айналып өткенімен, пайдасы мол фосфогипсті кәдеге жаратудың бірнеше тәсілі бар болып шықты. Ендігі кезек еліміздің ғалымдары мен агроөнеркәсіп саласы мамандарының ықылас-ниетінде.

Әйтпесе облыстың қақ ортасында миллиондаған тонна минералды тыңайтқыш текке жатқан жайы бар.

Маржан Кәрімжанқызы, Тараз

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу