G-20 саммиті нәтижесіз аяқталуы мүмкін

3464

Жетекші державалардың лидерлеріне ортақ келісімге келу қиын болып тұр.

G-20 саммиті нәтижесіз аяқталуы мүмкін

Осакада өтіп жатқан "Үлкен жиырмалық" саммитінде әлемдік державалардың ұстанымы екіге айырылды. АҚШ президенті Дональд Трамп өз елінің экономикасының қарқынын арттыру үшін сауда келісімі қажет десе, Қытай тәрізді өзге елдердің лидерлері протекционизмнің ғалам экономикасына қауіп төндіріп тұрғанын ескертті.

Қытай мен АҚШ тариф соғысын жүргізіп жатқанына бірнеше ай болды. Екі мемлекеттің басшылары – Си Цзиньпин мен Дональд Трамп саммит аясында сенбі күні жүздесіп, Вашингтон мен Бейжің арасындағы шиленісті аз да болса жеңілдетеді деген үміт бар.

Дегенмен олардың өзара пікірталасты шешіп, бір мәмілеге келетініне сенім шамалы. Сондықтан Азия биржаларында акциялар құнсызданып, тіпті алтынның бағасы да арзандады.

Трамп әкімшілігі Қытаймен ғана емес, Үндістанмен де, Жапониямен де сауда мәселесінде дауласып отыр. Ақ үй басшысы жақында АҚШ-Жапония қауіпсіздік келісімін сынап, Үндістанды Америка тауарларына тарифті алып тастауға шақырды.

"Меніңше, біз бір үлкен сауда келісімін жариялаймыз", – дейді Дональд Трамп Үндістан премьер-министрі Нарендра Модимен өткен келіссөзде.

Дегенмен Доналд Трамп бұл мәселе турасында толық ақпарат бермеді.

Ақ үйдің ресми өкілі мәлімдегендей, екі лидер командаларын өзара тиімді сауда шешімін табу жолында жұмыс істеуге шақырған. Сонымен қатар Дональд Трамп Қытайдың телеком жабдықтар жасайтын Huawei компаниясына қатысты Американың алаңдаушылығы да Осака саммитінде қозғалсын деген ұсыныс тастады.

Айта кетсек, бүгінде Құрама Штаттар өзінің одақтастарын интернеттің бесінші толқынын немесе 5G желісін орнатарда қауіпсіздік үшін Huawei-дің көмегінен бас тартуға шақырып отыр.

"Шын мәнінде, біз Huawei-ге оның бөлшектерінің көбін сатамыз. Алдағы келіссөздерде бұл мәселені де талқылайын деп отырмыз", – деді Америка президенті.

Дау күшті, өсім баяу

"Үлкен жиырмалық" кездесуінің бірінші күнгі отырысында кейбір елдердің басшылары сауда дауларының өршуі ғалам экономикасы өсіміне қауіпті екенін ескертті.

"Қытай мен Құрама Штаттардың сауда қатынасы нашарлап кетті. Осылайша, олар ғалам экономикасының өсімін баяулатуға көмектесіп жатыр", – деді Еуропа Комиссиясының президенті  Жан-Клод Юнкер журналистерге берген жауабында.

"Үлкен жиырмалық" форумы аясында БРИКС елдерінің басшылары да кездесу өткізді.  Қытай президентінің ескертуінше, протекционизм ғаламдық сауда тәртібін жойып, әлемдік бейбітшілік пен тұрақтылыққа көлеңке түсіреді.

Осы жиында Үндістан үкімет басшысы Моди Дүниежүзілік сауда ұйымын реформалауға шақырса, Ресей президенті Владимир Путин бұл халықаралық ұйымды күйретуге әрекет жасалып жатқанын өкінішпен атап өтті.

"ДСҰ-ны жою немесе оның рөлін төмендетуге бағытталған кез-келген әрекет – өнімсіз шаруа. Ал ғалам экономикасын протекционизм мен саяси астарлы шектеулер алаңдатып отыр", – дейді Кремль басшысы.  

Ресей экономика министрі Максим Орешинннің айтуынша, Дүниежүзілік сауда ұйымын қалай реформалау туралы ортақ келісім әлі жоқ. Вашингтон болса, бұл органның ережелері баяғыда көнерген деген пікірде. Ал, Жапония өкілдерінің сөзінше, саммитке қатысушылар оған реформаның қажет екенін мойындап отыр.

Максим Орешин мәлімдегендей, әлем елдері лидерлеріне климаттың өзгеруімен күрес мәселесінде де ортақ мәмілеге келе алмай отыр.

Сайлауға араласпа!

G-20 саммитінде Дональд Трамп былтырғы шілдеден бері алғаш рет Владимир Путинмен кездесіп, оған саусағын шошайтып тұрып, әзілмен "Сайлауға араласпа!" деген ескерту жасады.

Америкада, әсіресе,  демократтар Дональд Трамптың 2016 жылы билікке келуіне Кремль көмектесті деп есептейді. Алайда арнайы прокурор Мюллер айлар бойы тергеу жүргізіп, Құрама Штаттарда өткен сайлауға Ресей хакерлік шабуылдарымен, жалған ақпараттарымен ықпал етті деген уәжге дәлел таппады.

Дональд Трамп пен Владимир Путин соңғы рет былтыр жазда Финляндия астанасы Хельсинкиде кездесті. Осы жолы олар Иран, Сирия, Венесуэла, Украина мәселелерін талқылады. Бұл проблемалардың барлығы бойынша Вашингтон мен Мәскеудің позициялары бір-біріне қарама-қайшы екені белгілі.

Осака саммиті қарсаңында Владимир Путин Британияның Financial Times газетіне сұхбат беріп, либерализмді "ескірген" құндылық деп атап, Еуропа мен Америкада популизмнің бас көтеруін мақтап, Дональд Трампты сайлаушылармен қатынас орната білетін "таланты адам" деп атап өтті.

"Үлкен жиырмалық" ұйымы 1999 жылы құрылды. Оған Аргентина, Австралия, Бразилия, Канада, Қытай, Франция, Германия, Үндістан, Индонезия, Италия, Жапония, Мексика, Ресей, Сауд Арабиясы, Оңтүстік Африка, Оңтүстік Корея, Түркия, Ұлыбритания, АҚШ, Еуропа одағы кіреді.

G-20 – әлемнің ең ірі және шапшаң дамып келе жатқан елдерінің тобы. Сарапшылардың ойынша, олардың  биылғы саммитте климаттың өзгеруі, Иран, протекционизм, ғаламдық сауда мәселелерінде ортақ мәмілеге келуі екіталай.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу