G-7 саммиті өтіп жатыр

11772

Әлемнің ең ықпалды 7 тұлғасы 45-ші рет кездесті.  

G-7 саммиті өтіп жатыр

Бірде өркендеп, бірде түскен "Үлкен жетілік" дүниенің ірі мәселелерін еңсеру жолында басты форум болып қалып отыр. Оның күн тәртібіндегі проблемалар сан-алуан: экономика, сауда, қаржы дағдарысы, терроризм, заңсыз ақша аудару, климаттың өзгеруі, СПИД пен туберкулез тәрізді әлемдік сипат алған індеттер.

Сенбі күні Францияның оңтүстік-батысындағы курортты қала – Биаррицте басталып, дүйсенбі күні аяқталатын "Үлкен жетілік" саммиті жайында білуге тиіс негізгі жайттар төмендегідей:

 Бейресми, демократиялық, саяси...

"Үлкен жетілік" - бай әрі демократиялық елдердің бейресми клубы. Олар өзара достықты нығайтып, көзқарастарын бір ортаға тоғыстыруға талпынып келеді. Бұл мемлекеттер әдетте саяси, қаржылық міндеттемелер жүктеп, қорытынды мәлімдемемен аяқталатын саммитті жыл сайын кезекпен басқарып келеді. Онда не жарғы, не ережелер кітапшасы, не бюрократия жоқ. Ал саммиттің шешімдері қысым жасалғанда немесе лидерлер уәдесінде тұрғанда ғана орындалады. Торонто университетінің зерттеу тобы мәлімдегендей, "Үлкен жетілік" елдері былтыр Канадада өткен саммит міндеттемелерінің 76%-ын жүзеге асырған екен.

"Жетілік" тобына АҚШ, Канада, Франция, Германия, Италия, Жапония, Ұлыбритания кіреді.

 Беймаза әлемдегі достар

"Үлкен жетілік" - әу, баста, батыстық демократия лидерлерінің экономикалық күйзелістер мен 70-ші жылдардың ортасындағы рецессияға жауабы еді. Олардың қатарында Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі долларға байланған айырбас бағамы жүйесінің күйреуі, энергетикалық шикізат бағасының құнын күрт өсіріп, дүниежүзілік экономиканы Ұлы күйзеліс жылдарынан бері ең қатты теңселткен араб елдерінің мұнай бойкоты бар. Францияның сол кездегі президенті Валерий Жискар д'Эстен осы топтың алғашқы саммитін 1975 жылы Париж түбіндегі Рамбуйе қаласында қабылдады. 

Ол кездесудің басты идеясы – ірі халықаралық ұйымдарға өзекті проблемаларға жедел жауап беруге кедергі жасаған бюрократия мен баяу шешім қабылдау үрдісін еңсеру еді.

 Олар нені талқылайды?

Саммиттің күн тәртібіне бүгінгі негізгі проблемалар кіреді: оларды кездесудің қожайыны анықтайды.

Бұрын G-7-нің басты назарында ғалам экономикасы ғана еді. Қазір талқыға тасталатын тақырыптар аясы кеңейді. Саммитте қауіпсіздік, терроризммен күрес, адам құқығы, қоршаған ортаны қорғау, ғаламдық сауда келіссөздерін қолдау, экономикалық ынталандыру шараларын келісіп жүзеге асыру, протекционизмге жол бермеу, кедей елдердің қарызын жеңілдету, СПИД-пен, туберкулезбен, безгекпен күрес жүргізу мақсатында қор құру мәселелері қарастырылады.

 Ортақ құндылықтар                                                                                                                                                               

Демократиялық елдердің басын қосқан G-7 тобына мақсат пен сенім ортақтығы тән. Сол бірлікті 2008 жылы құрылған "Үлкен Жиырмалық" саммитінде қайталау оңай емес. Өйткені G-20-ға сөз бостандығын міндетті түрде ескере бермейтін немесе адам құқығын қорғауға акцент жасамайтын саяси, экономикалық, даму моделі әртүрлі Қытай, Ресей тәрізді елдер кіреді.

"Бұл мемлекеттер әртүрлі, олардан алауыздық күтуге болады. Әлемдік істерге, жанжалдарға ықпал ету мәселесінде бұл блоктан "Жетіліктегідей" бірлік пен ортақ бағыт байқау қиын", –  дейді Германияның халықаралық қатынастар кеңесінің трансатлантикалықт бағдарламасының басшысы Хеннинг Рике "Ассоушиэйтид пресс" агенттігіне берген сұхбатында.

Трамптан тағы не күтуге болады? 

Трамп "Үлкен жетіліктің" өзге алты мемлекеті қолдаған Париж климаттық келісімінен бас тартқаны белгілі. Сонымен қатар ол өзгелердің қарсылығына қарамастан, Ресейді топқа қайта қабылдауға шақырып отыр. Ол былтыр Канадада өткен саммитті "Твиттерде" сынап, оның қорытынды мәлімдемесіне қосылмай қойды. 

Америка президентінің осындай әрекеттері "Жетілік" форумдарының қорытындыларын болжауды қиындатып, G-7-дегі ынтымақтастықтың аясын тарылтады деген пікір бар.

Дегенмен G-7 бұрын да мұндай жанжалға тап болып, одан аман қалған еді. АҚШ президенті Рональд Рейган мен Франция президенті Франсуа Миттеран 1982 жылы Версальда Кеңес одағымен сауда мәселесінде салғыласып, сол саммиттің қорытынды мәлімдемесінен негізгі бөлігін алып тастауға тура келген.

 Неліктен жетеу?

Алғашында топқа алты ел кірді. Канада оған 1976 жылы, Ресей 1998 жылы қосылды. Бірақ соңғысы 2014 жылы Қырымды басып алғаннан кейін "Үлкен сегіздіктен" шығарылды.  G-7 саммитіне Еуропа одағынан жоғары лауазымды шенеуніктер де шақырылып, оларға одақтың өзге елдері атынан өкілдік етуге мүмкіндік беріледі. Ал Франция биылғы форумға Үндістанды, Чилиді, Оңтүстік Африканы, Австралияны маңызды аймақтық демократиялық мемлекеттер ретінде және Африканың төрт елі – Буркина-Фасоны, Мысырды, Сенегалды, Руанданы шақырып отыр.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу