Қазақстандық компаниялар отандық биржаға шығуға ынталы емес

21964

"Біздің елдің 2018 жылғы емес, 2008 жылғы дағдарыстан айықпағаны белгілі болып отыр".

Қазақстандық компаниялар отандық биржаға шығуға ынталы емес

Қазақстанның Орталық Азияда теңдесі жоқ қаржы орталығын құрамыз деген арманы  бір жерде, бір орында байланып қалып,  алға жүре алмай қалған адамға ұқсап барады.

Rixos Almaty-да CFO Idea Exchange & Networking Event 2019 топ-менеджерлері мен басқарушыларының жыл сайынғы саммиті басталды.  

Саммит – Қазақстанның қаржы нарығының өзекті мәселелерін талдау және шешу үшін пікір алмасуға арналған диалог алаңы. Панельдік пікірталаста белгілі саясаткерлер, әлемдік деңгейдегі қоғам қайраткерлері, халықаралық қаржы ұйымдарының және бизнес-элит өкілдері сөз сөйледі.

Саммитті ұйымдастырушы "Kazakhstan Growth Forum" төрағасы Елдар Әбдіразақов тұрғындарды "Қазақстанда қандай биржа жақсы жұмыс істейді?"  деген мәселе емес, "Қандай биржамен жұмыс істеу маған тиімді?" деген мәселе толғандыруы тиіс екенін айтты. Ал біздегі жағдай керісінше екен. Оның пайымдауынша, қазақстандық компанияларға отандық биржаға шығуға ынталандыру жағы кемшін. Биржадағы жағдай және одан ақпарат алу мүмкіндігі көңіл көншітпейді.  Нәтижесінде, қаржы орталығы деген мәртебе Алматыдан уақыт өткен сайын алыстап барады.

Елдар Әбдіразақовтың пайымдауынша, Алматы мен Астана биржаларының жағдайы "кейінгі баламыз бұл баладан жақсы болады, соның тәрбиесіне көбірек көңіл бөлеміз" деген жас ата-ананың отбасылық саясатына көбірек ұқсап барады. 

"Алматы қаржы орталығының жылдар бойғы жиған тәжірибесі мүлдем ескерілмеді, ұмыт қалды. Қазақстанның Орталық Азияда теңдесі жоқ қаржы орталығын құрамыз деген арманы  бір жерде, бір орында байланып қалып,  алға жүре алмай қалған адамға ұқсап барады", – деді Ерлан Әбдіразақов.

"Банк ЦентрКредит" өкілі Ғалым Құсайынов саммиттің "Ұлттық қаржыландырудың ерекшеліктері: Қаржы дағдарысын қай тараптан күтеміз" деген тақырыпта өткен пленарлық сессиясында 2009 жылғы дағдарыстың себебіне тоқталды. Бұл дағдарысқа макроэкономикалық, несиелік және фрод-тәуекел, басқаша айтқанда қаржы алаяқтары себеп болыпты. Қаржыгердің пайымдауынша, бұрын біз бастан кешпеген, қандай екенін түбірінен тани алмаған нарықтық тәуекелдер экономиканың күре тамырына қан жүгіртуіне көп кедергі келтірген.

Ғалым Құсайыновқа қойылған сұрақтар көп болды: Солардың ішінде ең көп қайталанғаны банк несиесін төлемей жүрген салымшыларды құқықтық жазалау мәселесі. Оның сөзінен ұққанымыз, бұл мәселе банк қызметін толғандыра бастағанына талай жылдың жүзі болыпты: Несиесін төлей алмай жүрген салымшылардың кесірінен талай банк жабылған, қарызға батқан.

"Қазір тек әкімшілік жаза ғана қолданады. Бірақ өз басым  бұл мәселенің құқықтық сипаты анықталғанын қалар едім", – деп сөзін түйіндеді Ғалым Құсайынов.  

Жарыссөз бойынша сөз алған экономист Берлин Иришев Қазақстанда бүкіл әлемдік дағдарыстың ықпалы мемлекеттік деңгейде 2015 жылы ғана мойындалғанын тілге тиек етті. Қазір мұны мемлекеттің экономикалық саясатының ақтаңдақ  беттері деп бағалауға болады екен. 2015-2017 жылдар арасында АҚШ, Германия тәрізді алпауыт елдердің экономистері әлемдік нарықтың әсерін азайту туралы зерттеулерін жазып, оған ел басшылары ден қойып, ел болып, халық болып, қаржы дағдарысының ықпалын әлсіретуге жұмылып жатқанда біздің ел "бізге қатысы жоқ, бізді айналып өтеді"  деп бейғамдық танытқан.

"Әлем 2017-2018 жылдардағы дағдарыстан айықты. Экономикалық өсім оң көрсеткішке ие бола бастады. Қазір біздің елдің 2018 жылғы емес, 2008 жылғы дағдарыстан айықпағаны белгілі болып отыр. Мұның салдары тым ұзаққа созылып кете ме деп қауіптенемін", – деп сөзін түйіндеді Берлин Иришев.       

Саммиттің пленарлық сессиясында сөз алған Vlsor Capital компаниясының басқарушы директоры Алмас Чукин Қытай Халық Республикасы экономикалық өсімін пайдалану Қазақстан үшін үлкен мүмкіндік екенін айтты.

"Экономикалық ықпалдастықтың біз үшін тиімді тұстары жетерлік. Жол салдық. Енді екі елді байланыстыратын теміржол керек. Бұл жобаны да қаржыландыруға Қытай жағы дайын отыр", – деді Алмас Чукин.

Ол Қытаймен соңғы 5 жылдағы алыс-берісте біз үшін ең тиімдісі "Belt and Road Initiative" жобасы екенін тілге тиек етті. Бұл жоба бойынша 10 мың тауар таситын пойыз Қытайдың 48 қаласын, Еуропаның 42 қаласын, әлемдік деңгейдегі әлемнің 200 мемлекетінде орналасқан 600 портты қаланы  бір-бірімен жалғастырып жатыр. Мұндағы жылдық қаржы айналымы 29 млрд АҚШ доллары", – деп атап  Алмас Чукин.  

Қытай елі тек соңғы жылдары ғана жер шарының әр нүктесінде орналасқан 400 портты сатып алған.

Рауан Ілиясов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу