Газ саласында "Газпромды" шаң қаптырдық

4937

Қазақстан жаһандық нарықта "көгілдір отын" сатудан былтыр 2 миллиард доллардан астам табыс тапты.

Газ саласында "Газпромды" шаң қаптырдық

Өткен жылы Ресейдің энергетика саласындағы беделді Neftegaz іскерлік агенттігі ТМД көлеміндегі газ тасымалдаушы ірі компаниялардың рейтингін құра келе, күтпеген байламға келген. Оның тұжырымдауынша, осы саланың өркендеуі, тиімділігі және табыстылығы жөнінен және тұтастай алғанда, газ өнеркәсібінің даму қарқыны бойынша Қазақстан Ресейді де айналып өтіп, бірінші орынға шығыпты. Және агенттік сарапшыларының айтуынша, таяу болашақта бұл жағдай өзгермейді.

Өйткені Ресей "Газпромды" және газ құбырларын геосаяси мақсаттарда, яғни қысым көрсету құралы ретінде пайдаланады, тиісінше, әлдебір елді жазалау қажет деп тапса, құбырдың шүмегін бұрап, жауып тастайды. Ал сыртқы саясаты бейбіт әрі бітімшіл Қазақстанның газ тасымалдау саласы мұндау ауыртпалықтан ада, сәйкесінше, өнімін алғысы келетін және тасымалдау мүмкіндігі бар кез келген тұтынушыға сата береді.

Оның үстіне еліміздің газ тасымалдау жүйесі бірнеше жылдан бері елеулі түрде жаңғыртылып, бұл іске мол инвестиция салынуда. Сондықтан отандық газ инфрақұрылымы посткеңестік кеңістіктегі "техникалық жағынан ең жақсы жарақтанған" болып табылады.

Осының барлығы шетелге жеткізілетін газ экспорты көлемінің артуына жол ашуда.

Жалпы, 2018 жылдың он айында Қазақстан жер-жаһанға 1 миллиард 700 миллион долларға "көгілдір отын" сатқан. Ал жыл қорытындысында бұл көрсеткіш 2 миллиард доллардан асты.

Былтырғы қаңтар-қазан аралығында мемлекетіміз сыртқа 22 миллиард текше метрден астам газ жөнелткен. Осылайша, 2017 жылғы ұқсас мерзіммен салыстырғанда, экспорт көлемі бірден 14,5%-ға артып отыр.

Ал 2018 жылдың 12 айының қорытындысын алсақ, экспорт көлемі 26,6 миллиард текше метрге жетті. Одан 2,2 миллиард доллар кіріс кірді.

Осылайша, көлемі бойынша жаһандық нарыққа жеткізілімдер 3,4%-ға, ал одан түсетін табыс бірден 37,6%-ға артқан.

Экспорттың өсуі Ресей мен Қытайға жеткізілімдер көлемінің артуы есебінен болды. Бұл ретте солтүстік көрші бізден он ай ішінде 7 миллиард 786,7 миллион текше метр газ алған. Бұл алдыңғы жылғыдан 38,9 пайызға көп. Ал жалпы алғанда, былтырғы жыл қорытындысында бұл көрсеткіш 9,3 миллиард текше метрге жетті.

Екінші орында Украина орналасады, бұрынғы негізгі жеткізушісі – "Газпромнан" бас тартқан бұл мемлекет Қазақстаннан 6,9 миллиард текше метр газ сатып алды. Бұл Украинаға 645,5 миллион долларға түскен.

Салыстыру үшін айтсақ, Ресей еуразиялық одақ елдеріне берілетін және екі ел арасындағы келісімдер аясында бекітілген жеңілдіктерді пайдаланып, 9,3 миллиард текше метр газ үшін небары 173,7 миллион доллар ғана төлеген. Демек, Қазақстан үшін "көгілдір отынды" Ресейге емес, Украинаға сату әлдеқайда пайдалы әрі тиімді. Алайда бұл ел нарығына тек Ресей жері арқылы ғана шығуға болады. Салдарынан, Украинаға газ жеткізілімдері 23,4 пайызға құлдырады.

Бір ғажабы сол, ҚХР Қазақстаннан сатып алған осы отын көлемін 8,1 есеге ұлғайтқан! Энергетика министрлігінің хабарлауынша, 2018 жылы Қытайға 983,4 миллион долларға 5 миллиард 200 миллион текше метр газ өткізіліпті.

Экспорттың күрт артуына дүниежүзіндегі қазақстандық газды тұтынушылар қатарының өсуі де ықпал етуде. Әзірге аз ауқымда болғанымен, елімізден Әзербайжан мен Қырғызстанға жеткізілімдер жолға қойылды.

Өзбекстан 1,3 миллион долларға 1 миллиард 252 млн текше метр газ әкетті. Яғни, бұл көлем алдындағы жылдан 14,9 пайызға жоғары.

Сондай-ақ қазақ газын сатып алу көлемін Польша 2,6 есеге арттырды: 34,6 миллион доллар тұратын 563,4 миллион текше метр "көгілдір отынды" тұтынды.

Швейцария болса, керісінше, 46 пайызға кеміткен: 190,8 миллион долларға тек 2,9 миллиард текше метр газға тапсырыс берді. 

"Әлемдік энергетиканың статистикалық шолуы" туралы есепке жүгінсек, Қазақстан табиғи газ қоры бойынша дүниежүзінде "отыздыққа" кіріп, 22-ші орын алады. Ал ТМД көлемінде Ресей мен Түркіменстаннан кейінгі үшінші тұғырда тұр. Қазақ жерінің қойнауында 1 триллион 300 миллиард текше метр көмірсутекті шикізат қоры барланған. Ал тақтатас-сланец газын қоса алғанда, Қазақстанның газ қоры 2 триллион 400 миллиард текше метр көлемінде бағаланады. Қазіргі өндіру қарқынымен бұл шамамен 96 жылға жетеді.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, елімізде газдандыру деңгейі 2019 жыл басында халық санына шаққанда 49,68%-ға жетті. Бұл 2017 жылғыдан шамамен 500 мыңдай адамға артық.

Сөйтіп, әзірше өз елімізде "көгілдір отын" тек 9 миллион адамға ғана қолжетімді. Бірақ үкімет бұл санды алда күрт арттыруға ниетті. Қазір құрылысының үш кезеңінің біріншісі жүзеге асырылып жатқан "Сарыарқа" магистралді құбыры түбінде 1,6 мың елді мекенді немесе тағы 3 млн адамды осынау "жасыл", экологиялық таза отынмен қамтамасыз етпек.

Әзірге өзге ұзақ жобалар іске асырылуда. Өткен жылы Қызылорда, Алматы, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл және Түркістан облыстарындағы бірқатар елді мекендер газдандырылған. Барлығы 22 жоба қолға алынған, оның алтауы бүгінде аяқталыпты. Соның арқасында 125 мың адамға газ желісіне қосылуға мүмкіндік берілді. Биыл газбен жабдықтау жұмыстары жалғасады. Әкімдіктердің дерегінше, 24 миллиард теңгеге 16 жобаны аяқтау көзделуде. Нәтижесінде, тағы 60 мың адам табиғи газдың қызығын көре бастауға тиіс.

Сонымен қатар, Маңғыстау және Қостанай облыстарында жаңа 66 жобаның жүзеге асырылуы басталады.

2019 жыл қорытындысында газдандыру деңгейі бойынша 50,01% межесіне шығу көзделуде. Ал "Сарыарқа" толыққанды іске қосылысымен, бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары болады. 

Астана әкімдігінің отын-энергетикалық кешен және коммуналдық шаруашылық басқармасының хабарлауынша, бас қаламыз орталық газ құбырының құрылысына мамыр айында кіріспек. Жоба елордада үш кезеңмен іске асырылады. Бірінші кезеңі 50 миллиард теңге тұрады және ол қаражат бюджеттен бөлінеді. Ең алдымен, қалалық жылу-электр орталығы газдандырылады. Одан кейін "көгілдір отын" "Көктал-1" және "Көктал-2" тұрғын алаптарына жеткізіледі. Өйткені ол жақта жатақ үйлер орын тепкен және барлығы үйлерінде түтіндерін будақтатып пеш жағады. Ары қарай құбырлар "Железнодорожный" және "Оңтүстік-Шығыс" аудандарына тартылады.

"Негізі, "Сарыарқа" жобасы аясында үлкен магистралді құбыр және отын Қызылорда облысынан келеді. Жолай Жезқазған, Қарағанды және Теміртаудан өтеді. Жоба аясында қалада газтолтырушы станциялар, газ қоймасы тұрғызылады. Олардан бүкіл қала газбен жабдықталады. Көшелерде газ құбыры төселеді. 7-10 үйге ортақ бір жәшік қоямыз, оған есептеуіш құралдары орнатылады. Қаладағы әр кварталда ішкі желісі болады. Соған кез келген тұрғын алдын ала техникалық шарт алып, өз бетімен қосыла алатын болады", – дейді отын-энергетикалық кешен және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ербол Төлеуов.

Екінші кезең аясында "Тельман", "Пригородный", "Family Village" секілді тұрғын алаптарын газдандыру жоспарлануда. Ақырғы үшінші кезеңде "Ильинка" және "Шұбар" аудандары қамтылады. Жаңадан бой көтеретін көпқабатты үйлер де осы орталықтандырылған желіге қосылады деп күтілуде.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу