"ҚазТрансГаз" ішкі нарықта шығынға батып отыр

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
4536

Ұлттық оператордың соңғы төрт-бес жылдағы ішкі нарықтағы шығыны 200 млрд теңгеге жеткен.

"ҚазТрансГаз" ішкі нарықта шығынға батып отыр

Қазақстанның газ және газбен жабдықтау саласындағы ұлттық операторы – "ҚазТрансГаз" акционерлік қоғамы. Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, компания ішкі нарықта шығынға ұшырап отыр. Мәселен, 2018 жылдың қорытындысы бойынша ішкі нарықтағы таза шығыны 36 млрд теңгеге тең болған. Ал соңғы төрт-бес жылдағы шығыны 200 млрд теңгеге жеткен.

"Қазақстанда газға қатысты екі баға бар. Бірі – экспорттық баға, екіншісі – ішкі нарықтағы баға. Компания үшін алғашқысы тиімді, табысты. Екіншісі тиімсіз, шығынды. Өйткені, ішкі нарықтың бағасы тиісті кен орындарынан алынатын өнім бағасынан төмен", – деді Мағзұм Мырзағалиев әділет министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында.

Тарқатып айтсақ, ішкі нарықтың бағасы өзін-өзі ақтамайды. Соның салдарынан компания шығынға ұшырап отыр. Ол аздай аталған жағдай газ-химия секторындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға да кедергі келтіруде. Сондықтан энергетика министрлігі "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне газ және газбен жабдықтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын әзірледі.

"Министрлік газ-химия саласына қатысты бірнеше инвестициялық ірі жобаларды қарастыруда. Жобалар Атырау, Ақтөбе облыстарында жүзеге асырылмақ. Біздің елге қомақты қаржы құйғысы келетін шетелдік инвесторлар газ бағасының бірнеше жылға бекітілгенін, яғни тұрақты болғанын қалайды. Себебі, газ – инвесторларға қажетті шикізат", – дейді вице-министр.

Мәселен, қайсыбір шетелдік инвесторға 2 млрд текше метр газ керек делік. Мұндай көлемдегі шикізатты "ҚазТрансГаз" ішкі нарықтық бағамен сатуы керек. Бұл компания үшін тиімсіз. Ал "ҚазТрансГаз" инвесторға қажетті көлемді экспорттық газдың үлесінен алады. Ұлттық оператор үшін 2 млрд текше метр газды ішкі нарыққа емес, шетелге экспорттаған әлдеқайда пайдалы. Егер компания инвесторға ішкі нарықтық бағамен сататын болса, оның шығыны одан сайын ұлғая бермек.

"Сондықтан нарықтағы ойыншылармен, инвесторлармен келісе отырып, жаңа механизмді ойлап таптық. Осылайша, ұлттық оператор инвесторларға қажетті газды өнімнің өзіндік құнымен сатады. Бұдан бөлек 7 пайыздық маржа төленеді. Сонда ұлттық оператор газды шығынсыз сатуға мүмкіндік алады. Бұл өзгеріс инвесторларды да, ұлттық операторды да қанағаттандырып отыр", – деп толықтырды сөзін Мағзұм Мырзағалиев.

Түптеп келгенде, заңдағы өзгеріс біріншіден ұлттық оператордың шығынға ұшырамауын қамтамасыз етсе, екіншіден еліміздің газ-химия секторына мол инвестиция тартуға мүмкіндік береді.

Вице-министрдің сөзінше, бүгінде министрлікте пысықталып жатқан газ-химия саласындағы инвестициялық жобалардың жалпы құны 10 млрд АҚШ долларынан асып түседі.

"Газ-химия – капиталды көп қажет ететін сала. Сондықтан мұндай ірі өндірістерді жүзеге асыру үшін 7-8 жыл қажет. Атап өтерлігі, инвестициялық жобалар әлі нақты бекітілген жоқ. Сол себепті нақты айтуға әлі ерте", – дейді энергетика вице-министрі.

Мағзұм Мырзағалиев атап өткендей, қазір Атырау облысында газ-химия саласында құны 2,6 млрд АҚШ долларын құрайтын ірі жобаның құрылысы басталды. Жоба полипропилен өндірісіне арналған.

Сондай-ақ Атырау облысында тағы бір ірі жоба қолға алынуы мүмкін. Оның құны – 6,5 млрд АҚШ доллары. Бұл жобаны әлемге әйгілі аустриялық Borealis компаниясы жүзеге асырады деп күтілуде. Жоба полиэтилен өндірісіне арналған.

Бұдан бөлек, Ақтөбе облысында құны 1 млрд АҚШ доллары болатын аммиак селитрасын өндіретін зауыт ашылады деп жоспарлануда. Бұл жобаны қытайлық компания жүзеге асырмақ.     

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу