Ауыл-аймақты аралаған Үкімет басшысы біраз сырға қанықты

3239

Бақытжан Сағынтаевтың жұмыс сапары Қызылорда облысында жалғасты.

Ауыл-аймақты аралаған Үкімет басшысы біраз сырға қанықты

Қос ірі қаладан тысқары тұрып жатқан елдің тамырын басып көру үшін атқарушы және заң шығарушы билік ауыл-аймаққа аттанды.

Бір айта кетерлігі сол, кеше мәжіліс депутаттары да сайлаушыларымен кездесу үшін кезектен тыс сапарға аттанған-тын: парламентшілер бұған дейін жылдағы дәстүр бойынша 3-12 қаңтар аралығында сайлаушылармен кездесу үшін өңірлерге барып-қайтқан еді. Енді қалаулылар 6 сәуірге дейін өңірлерде жүреді.

Үкімет басшысы да осының алдында, өткен жылдың соңынан бері облыстарды бір "сүзіп" шыққан еді. Сонда да премьер ауыл-аймақты мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша аралап жүргені аңдатылған болатын. Бұл жолы да үкіметтің баспасөз қызметі Бақытжан Сағынтаевтың жоғарғы жақ тапсырмасы бойынша жолға шыққанын хабарлады. Осы сапарын ол суға қарық болып жатқан шығыстан емес, оңтүстік өңірлерден бастады.

Премьер мінген ұшақ бүгін Қызылорда жеріне келіп қонды.

Ал осының алдында Оңтүстік Қазақстан облысына аялдаған еді. Мұнда оған жергілікті билік беткеұстар жетістіктерін паш етті. Онысы жоқ та емес. 

Мәселен, Бақытжан Сағынтаев "Оңтүстік" индустриалды аймағы аумағындағы оңтүстік өңірдегі болат блюм шығаратын алғашқы қазақстандық зауытқа бас сұқты. Мұнда ол кәсіпорынның негізгі өндірістік циклдарымен танысты.

Жалпы, оңтүстікқазақстандықтар ел мен елбасы алдында 11 индустриялық аймақта орналасқан, Индустрияландыру картасы аясында жүзеге асырылып жатқан өздерінің 20 жобасының тұсауын кеспек. Оларға жалпы көлемі 40 миллиард теңге инвестиция салыныпты. 1500-ден астам жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Соның ішінде ең бір елеулісі осы зауыт болмақ.  

"Shymkent Temir" ЖШС-ның бас директоры Бауыржан Әлтеевтің айтуынша, бұл зауытта 40 тонналық алпауыт индукциялық пештер және үш қырлы үздіксіз құю машиналары қолданылады. Алдағы сәуір айында пайдалануға берілетін кәсіпорын өзі шығатын өнімін толығымен, 100% жақын шетелдерге, соның ішінде Орталық Азия елдеріне экспорттамақ. "Shymkent Temir" компаниясы зауыт жобасына 5,94 миллиард теңге қаржы салыпты. Онда 150 тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарда бар. Кәсіпорынның жобалық қуаты – жылына 250 мың тонна блюмды құрамақ.

Түсіндіре кетсек, "блюм" дегеніміз ең шағын мөлшері 140-200 миллиметрді ғана құрайтын және одан да көлемді болатын квадратты "кірпіш" түріндегі болат әзірлемелері, дайын құймалар болып табылады. Блюмдер "швеллер", "двутавр", "рельс" және басқа да пішін-профилдерді жасау үшін бастапқы материал ретінде пайдаланылады. Яғни, оларды одан әрі өңдеп, металлургиялық өнімдердің кез-келген түріне жасап шығаруға болады.

Бір қызығы, байырғы замандардан бері егіншілік пен диқаншылық секілді ауыл шаруашылығымен аты шыққан Оңтүстік Қазақстан қазір ірі металлургиялық орталыққа айналып келеді.

Мәселен, осы жылы онда аса ірі кәсіпорын – "Шымкент Темір" ЖШС-ның болат қорытушы зауыты іске қосылады деп жоспарлануда. Инвесторға 4 миллиард 290 миллион теңгеге түскен зауыт жыл сайын 240 мың тонна өнім шығаруға ниетті. Толық қуатта жұмысқа кіріскен шақта онда 349 жұмысшы еңбекпен қамтылатын көрінеді.  Бұдан бөлек, өңірде қазіргі уақытта металлургиялық зауыттың құрылысы жүргізілуде. Оған отандық бизнесмен, яғни "Әмір-А" ЖШС 7,5 миллиард теңге қаражат құйған. Зауыт 100 адамды жұмыспен қамтымақ және жыл сайын 150 мың тонна метал өнімдерін өндіріп отыратынын хабарлайды.

Үкімет басшысы әрине, Оңтүстік Қазақстан облысындағы ауыл еңбеккерлерімен, аграршылармен кездеспей кете алмады. Ол Сарыағаш ауданында орналасқан аграрлық кәсіпорындарды: "КелесПласт" ЖШС полиэтиленді жабын өндіру цехы мен "Жабай ата" ЖШС жылыжай кешенін аралады.

Жалпы, бүгінде еліміздегі барлық жылыжайлардың 80%-ы жалғыз ғана Оңтүстік Қазақстан облысына тиесілі. 2017 жылы өңірде 201,7 гектар жаңа жылыжайлар пайдалануға берілді, оның ішінде 72 гектары Сарыағаш ауданы еншісінде. Өңір қол жеткенге малданып, тоқтап қалмай, әлеуетін өрістетуде: 2018 жылы жалпы ауданы 214 гектар болатын жаңа жылыжай кешендерін пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Сарыағаш ауданындағы кәсіпорындарды тексеру барысында премьер "КелесПласттың" өндіріс процесін тамашалап, оның өнімдер сұрыпталымын – соңғы шыққан өңдеу технологияларының көмегімен пайдаланылған материалдардан жасалған жіптер мен полиэтиленді жабындарын ұстап көрді. Компания шикізатты шаруашылық субъектілерінен сатып алады да, дайын өнімдерін қайтадан ауыл шаруашылығының әртүрлі салаларындағы шаруашылықтар мен кәсіпорындарға сатады. Осылайша, зауыт ішкі нарық қажеттіліктерін 100% өтейді екен.

"КелесПласт" ЖШС цехы биылғы жылдың ақпан айында іске қосылды. Оның негізгі қызмет түрлеріне жылыжай шаруашылықтары үшін полиэтиленді жабындарды өңдеу мен өндіру, жылыжайларға арналған металл қысқыштар мен көшет материалына арналған пластикалық стақан шығару, полиэтиленді тоқыма кендіржібін өндіру кіреді.

Ал "Жабай ата" жылыжай шаруашылығында Бақытжан Сағынтаев тамшылатып суару технологияларымен танысты: ол еліміздің солтүстік аймақтарын жыл бойы экологиялық таза көкөніс өнімдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Шаруа қожалығының төрағасы Ергеш Төребековтың айтуынша, заманауи технологияларды пайдалану жабық жер жағдайында жыл сайын 3300 тонна элиталық сұрыпты қызанақтар мен қиярлар шығаруға мүмкіндік береді. Өнімнің 60%-ы ішкі нарықта сатылады, ал қалғаны экспортқа жіберіледі.

Өз сапарын бүгін Қызылорда облысында жалғастырған үкімет басшысы алдымен "Қараөзек" компрессорлық стансасына барды. Айтпақшы, мұның өз маңыздылығы бар: бас қаламыздың алдағы мерейтойына тарту ретінде "Сарыарқа" аталатын магистралді газ құбырының тұсауы салтанатты түрде кесіледі деп күтілуде. Ал ол құбырды қызылордалықтар "көгілдір отынмен" толтыратын болады.

Мұны растаған үкімет те биылғы шілде айында Қызылордадан Астанаға дейінгі газ құбырының құрылысы басталатынын жеткізді.

Елбасының өзі назарда ұстап отырған осы жобаға өңірдің дайындығын пысықтаған премьер президенттің бесінші әлеуметтік бастамасы – "Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру" шеңберінде "Сарыарқа" магистральды газ құбырының құрылыс жоспарын өзі пысықтады.

Қараөзек стансасы Қазақстанның кен орындарының "батыс топтары" деп аталатын Қарашығанақ, Қашаған, Теңіз, Жаңажол және Өріктау кен орындарының табиғи газын тұрақты жеткізуді қамтамасыз етуге жауап береді. Ол "Бейнеу-Бозой-Шымкент" газ магистралды жүйесінде жұмыс істемек. Зауыттың өнімділігі жылына 10 миллиард текше метрді құрайды, бұл көрсеткішті болашақта жылына 15 миллиард текше метрге дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Биылғы шілде айында "Қараөзек" компрессорлық стансасынан "Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана" бағытында 2,7 миллион адамды табиғи газбен қамтамасыз ететін "Сарыарқа" газ құбырының құрылысы басталады.

Бірінші кезеңде ұзындығы 1081 шақырым "Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Астана" бағыты бойынша магистральдық газ құбырының құрылысы жоспарланған. Екінші кезеңде ұзындығы 276 шақырым болатын "Астана – Көкшетау" газ құбыры тартылады. Үшінші кезеңде – 177 шақырым болатын "Көкшетау – Петропавл" учаскесі және соңғы төртінші кезеңде аталған газ құбырынан газ тұтынудың болжамды ұлғаюын есепке ала отырып, магистралды газ құбырының өткізгіштік қуатын жылына 3 млрд текше метрге дейін жеткізу үшін "Жезқазған" және "Теміртау" компрессорлық станцияларын тұрғызу жоспарланған. Магистралды газ құбырын толтыру және тұтынушыларды газ жеткізумен қамтамасыз ету мақсатында Қарағанды, Ақмола облыстары мен Астана әкімдіктері 2019 жылдың шілдесіне дейін газ құбырының аяқталуын синхрондау арқылы газ тарату желілерін жобалайды.

Сондай-ақ бұл жоба магистралды газ құбыры бойындағы инфрақұрылымды белсенді дамытуға, табиғи газды пайдалануға қатысты жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Сапар барысында "Қызылорда-Жезқазған" автожолын дамыту перспективалары да қаралды.

Сапар аясында үкімет жетекшісі Қызылорда облысының активімен және жергілікті бизнеспен кездесіп, өңірді дамыту мәселелерін талқылады. Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев өңірдің жобалық басқаруы аясындағы жаңа жаһандық шынайылық жағдайында экономиканың сапалы әрі тұрақты өсімін қамтамасыз етуге қажетті атқарылып жатқан жұмыстар туралы, сондай-ақ негізгі мақсатты индикаторлар туралы баяндады. Жобалық басқару бизнес және мемлекеттік органдарға үнемі байланыста болуға, кәсіпкерлікті дамытудың мәселелерін шұғыл шешуге, сұрақтар мен ұсыныстарды тыңдауға мүмкіндік береді.

Кездесу барысында Қызылорда облысы экономикасының құрылымдық трансформациясын және сапалы әрі теңгерімді экономикалық өсуді қамтамасыз ету бойынша ішкі қорларын анықтау және пайдалану жоспарлары қаралды. Осы мәселеге қатысты өздері жауапты бағыттар бойынша ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев сөз сөйледі.

Талқылауға қатысқан "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев жобалық басқару міндеттерін іске асыруға бизнесті тартудың басымдықты бағыттары туралы айтып берді.

Өз сөзінде премьер Бақытжан Сағынтаев кәсіпкерлікті дамыту үкіметтің басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Бұл – еліміздің экономикалық өсімінің жаңа моделін құрудың басты бағыты. Осыған орай үкімет кәсіпкерлік ахуалын жақсарту және бизнес субъектілерінің іскерлік белсенділігін ынталандыру бойынша жүйелі шаралар қабылдап жатыр.

"Атап айтқанда, лицензиялар мен рұқсаттар саны 3 еседен астамға қысқартылды. Мемлекеттік бақылау және қадағалау функцияларына тексеріс жүргізілді: бақылаудың 25 саласы және қадағалаудың 3 саласы алынып тасталады. Шағын және орта бизнес субъектілерін тексерудің 17,6 мыңнан астам талаптары қысқартылды, мемлекеттік органдарға есептер мен ақпараттың әртүрлі түрлерін ұсыну бойынша бизнеске қойылатын ақпараттық талаптар саны 30%-ке азайды. Бизнеске қолайлы жағдайлар жасау мен қайта реттеуге бағытталған заң жобасы парламентте қаралып жатыр. Денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарына қойылатын 30-дан астам ескірген санитарлық ережелер жойылады. Салықтық тексерістер саны 40%-ке азаяды", – деді ол.

Бақытжан Сағынтаев Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында президенттің бес әлеуметтік бастамасы қалай іске асырылатынын түсіндіру үшін әлеуметтік сала қызметкерлерімен кездесті. Сондай-ақ облыста индустриялық-инновациялық даму, АӨК бағдарламалары аясында және экономиканы әртараптандыру мақсатында жүзеге асырылып жатқан бірқатар өнеркәсіптік және аграрлық кәсіпорындарды аралады.

Бұдан бөлек, ғарыш саласының дамуымен, Байқоңыр қаласының инфрақұрылымы мен ғарыш айлағымен жеке танысты. Одан кейін Арал маңында Арал өңірінің активімен және жұртшылығымен теңіздің қалған бөлігін сақтап қалуға бағытталған "Солтүстік Арал жобалары" мен президенттің бес әлеуметтік бастамасын іске асыру мәселелерін талқылау бойынша кездесулер өткізді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу