Газ зауытымыз – Ресейге, газ кен орнымыз – Қытайға кетті

6103

Қазақстанда геологиялық барлаудағы проблемалар кесірінен қазба байлықтар қорының құлдырауы күтіліп отыр.

Газ зауытымыз – Ресейге, газ кен орнымыз – Қытайға кетті Фото: inbusiness.kz

Жаңаөзен газ өңдеу зауытын салу жөніндегі тендерді ресейлік компания ұтты. Энергетикалық салаға маманданған "Energy Monitor" Жаңаөзен ГӨЗ құрылысына қатысты тендердің жеңімпазы туралы ақпаратты жария етті,  деп жазады inbusiness.kz тілшісі. 

Сонымен, еліміздің жаңа газ өңдеу зауыты жобасын ресейлік консорциум қанжығалап отыр. Консорциум құрамына 5 компания: "Научно Исследовательский Проектный Институт нефти и газа "Петон" жауапкершілігі шектеулі қоғамы (ЖШҚ, орысша ООО), "ПК Констракшн" ЖШС, "Петон Констракшн" ЖШҚ, "Научно-Технический Центр "ЭнергоАвтоматизация" ЖШҚ, "Петон Механизация" ЖШҚ кіріп отыр.

Оның ішіндегі бастысы – Петон холдинг, ол мұнай газ саласындағы ресейлік ЕPC-мердігер. ЕPC-мердігер  дегеніміз ағылшынның "Engineering, Procurement and Construction", яғни жобалау, сатып алу, құрылыс деген терминдерінен құралған. Мұндай мердігерлер өз құрамында бірнеше фирманы біріктіруі мүмкін. Соның арқасында жобаны бастапқы кезеңінен, жобалаудан бастап, сатып алуларды басқаруға, құрылысты жүргізуге, оның барысын бақылауға, іске қосуға дейін өзі бас-көз болып, атқарып шығады.

Тендердің сомасы – 140,5 млрд теңгені (шамамен 290 млн долларды) құрады.

Energy Monitor директоры Нұрлан Жұмағұловтың мәліметінше, ГӨЗ жобасының тендеріне тағы екі консорциум қатысты. Екеуі де отандық.

Бірінші консорциум "Bazis Construction", "НГСК КазСтройСервис", "Қазақ мұнай және газ институтынан" құралды. Ал екінші консорциумге "Нефтестройсервис ЛТД" ЖШС мен "Мұнай мен газ ғылыми зерттеу және жобалау институты" кірді.

Екеуінің де күрделі құрылыс жүргізу тәжірибесі бар. Қалталы инвесторлары да табылады. Бірақ Үкіметке неге жақпағаны айтылмады.

Ал жеңімпаз туралы не белгілі?

"2023 жылғы көктемде "Петон" компаниясы Ақтөбе облысының әкімдігінде газ өңдеу зауытының құрылысы бойынша төл инвестициялық жобаларының тұсаукесерін өткізді. Оның жобалары ГӨЗ сыртында, өңірдегі Өріктау (Урихтау) кен орнының шикізатын пайдалануды және полимер шығаратын мұнай-газ химиялық кешен салуды қарастырды. Бұл ретте жаңа газ өңдеу зауытының құны 1 миллиард долларды, ал мұнай-газ химиялық кешен жобасының құны 2 миллиард долларды құрайтыны хабарланды. Алайда бұл жобалардың қазіргі мәртебесі, яғни қолға алынатыны әлде қоқысқа тасталғаны белгісіз", – деді сарапшы.

"Петон" технологиялық инжинирингтік холдингі әзірге түсініктеме бермеді. Оның ресми сайтындағы дерегінше, холдинг соңғы 30 жылда Ресей және ТМД көлемінде 170-тен астам жобаны жүзеге асырыпты. Яғни, алыс шетелде, соның ішінде дамыған елдерде жұмыс істеу тәжірибесі жоқ көрінеді. Ендеше ол салған отандық жаңа газ өңдеу зауыты қаншалықты заманауи болады? Оның үстіне Ресей санкция аясында әлемдік озық технологиялардан қағылуда.   

"Петон" холдингінің тереңге тартқан тәжірибесі бар деуге болмайды. Ол мұнай өңдеу зауыттарын салумен 1990 жылдан айналыса бастапты. Ұжымы тіпті хатшы қыздарын қоса алғанда да, сонша ірі емес. Өзімен бәсекелескен отандық консорциум құрамындағы бір ғана "Базис Констракшннен" (8,5 мыңдай) аз.

"Холдинг жалпы саны 8 мың жұмыскері бар бірнеше компаниялардан құралған. Оларға ғылыми, өндірістік, басқарушылық персонал, жеткізу және жобалау кешендері бойынша мамандар да кіреді. "Петон" ірі жобаларды іске асыру үшін қажетті біліктілік пен ресурстарға ие. Ғылыми зерттеу институттары бар", – деп хабарлады холдинг.

Дегенмен, дүниежүзінде үздік, инновациялы саналатын қандай технологияларының бары белгісіз. Холдинг өкілдіктері тек Ресеймен шектелген: кеңселері Мәскеу, Уфа, Петербор, Орынбор, Новый Уренгой, Кондратьево, Свободный, Ростов-на-Донуда орналасқан.

Атап өтетін жайт, Жаңаөзендегі жаңа газ өңдеу зауыты – тікелей Президенттің бақылауындағы жоба. Оның салынатынын Қасым-Жомарт Тоқаев сонау 2021 жылы жариялады. Бұл жоба Жаңаөзеннен басталып, Алматыны қаңтар оқиғаларынан соң қайтадан өзекті болды. "Қасіретті қаңтар" сабақтарына арналған 2022 жылғы алғашқы жиында Мемлекет басшысы Үкіметке ГӨЗ құрылысын жеделдетуді жүктеді.

Содан бері Қ.Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырыстарын өткізіп, Премьер Әлихан Смайыловты, "Самұрық-Қазына" қоры, "ҚазМұнайГаз" бен "QazaqGaz" басшыларын қабылдаған сайын осы мәселеге қайта оралып соғумен болды. Мұны Ақорда сайтындағы жаңалықтар бөлімінен білуге болады. Бір қызығы, соның бәрінде жобаны билік "Қашағандағы газ өңдеу зауыты" деп атаумен келеді.

Үкімет жалпы құны 148 млрд теңгеге түседі деп белгілеген осы жаңа зауытты биылғы жылдың соңында іске қосуды жоспарлаған. Президент осындай мерзімді бекіткен еді. Енді міне, 2023 жыл да аяқталуға таяды. ГӨЗ құрылысы әлі күнге басталған жоқ. Оны пайдалануға беру мерзімін билік әзірге 2026 жылға ысырып отыр.

Қалай болғанда, бұл зауытқа деген қажеттілік күн өткен сайын өзектілене, "өткірлене" түсуде. Осы саладағы Қазақстандағы, Жаңаөзендегі жалғыз кәсіпорын – Қазақ газ өңдеу зауыты кеңес заманында, сонау 1973 жылдан бері үздіксіз пайдаланылуда. Мамандар оның жабдықтарының әбден ескіргенін, негізгі құралдары 90%-ға тозғанын, сондықтан толық қуатында жұмыс істей алмайтынын айтады. Апаттар жиі болып тұрады екен. 2026 жылға дейін шыдамауы мүмкін.

Бұлай бара берсе, кәсіпорын Батыс Қазақстанның да қажеттіліктерін өтей алмай қалуы ғажап емес. Өйткені Маңғыстау облысында барлық автокөліктердің 90 пайыздан астамы газға көшіп алғаны белгілі.

"QazaqGaz" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешовтің айтуынша, қазіргі таңда ішкі нарықтың газға деген сұранысы толық қамтамасыз етілген. Қашағандағы жаңа ГӨЗ жылына 1 миллиард текше метр өнім шығаратын болады. Газды барлау және өндіру жөніндегі жаңа жобаларды іске қосу арқылы ресурстық базаны ұлғайту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жаңа Анабай газ кен орны іске қосылады, сондай-ақ Придорожное кен орнын игеруге дайындық басталды.

Бірақ жаңа зауыттың өнімі де болашақта аздық етуі мүмкін. Соңғы он жылда елімізде ішкі нарықтағы газ тұтыну көлемі екі еседен астамға – 9 миллиардтан 21 миллиард текше метрге дейін өсіп шыға келді және ары қарай артуда. Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында газ дефициті келесі жылы болады деген болжам барын ескерткен.

Оның үстіне қазақтың көгілдір отынына көрші Қытай қызығып, қазіргіден де көп алуға ынтығуда. Осы орайда 2023 жылғы 17 қазанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХР-ға ресми сапарының аясында "QazaqGaz" ұлттық компаниясы мен PetroChina International Co. Ltd арасындағы қазақстандық табиғи газды сатып алу-сату шарты бекітілді.

Енді белгілі болғанындай, бұл жаңа контракт отандық газды шың еліне 2026 жылға дейін кепілдендірілген түрде экспорттауды қарастырады. Тараптардың мәлімдеуінше, Қытайда салтанатты түрде қол қойылған келісім қазақ газын шығыс көршіге жеткізу бойынша ынтымақтастықты "жаңа тиімді деңгейге" көтереді. Сонымен бірге Қазақстанның бұл шикізатын Қытайға қандай бағамен сататыны жария етілмеді.

2023 жыл бойы QazaqGaz басшысы China National Petroleum Corporation (CNPC), PetroChina International және TapLine басшыларымен келіссөздер сериясын өткізді. Осы мәселеге қатысты елордаға арнайы келген қытайлық делегацияны ел басшылығы да қабылдады.

Келіссөздер барысында ҚХР-мен арадағы жаңа экспорттық контрактінің шарттары мен перспективалары талқыланды.

Жұңғо елі мұнымен шектелмеді. QazaqGaz басшысы Санжар Жаркешов пен қытайлық Geo-Jade Petroleum Corporation президенті Дэй Сяопин тағы бір елең еткізерлік келісімге қол қойды. Оған сәйкес, қытайлар қазақтармен бірлесіп, Қазақстандағы Придорожное газ кен орнын игереді. Жобалау жұмыстары келесі 2024 жылы басталмақ.

Придорожное кен орны Түркістан облысының Созақ ауданында орналасқан. Қорлар жөніндегі мемлекеттік комиссия растағандай, бұл кен орнында 1 450 метр және 2 600 метрде, яғни сонша қашық емес тереңдікте 16,5 миллиард текше метрден артық газ қоры бар. Тереңірек барлау барысында одан да ірі қорлар қатпарлары ашылуы мүмкін.

"Energy Monitor" дерегінше, қытайлық Geo-Jade елімізде басқа да кен орындарына ие: ол Қожан, Мәтен, Созақ кен орындарында жылына жалпы көлемі 840 мың тонна мұнай өндіреді. Бұл қазақ жерінің астынан жыл сайын шығарылатын барлық қара алтынның 1%-ы. Қытайлық компания жаңа келісім арқылы қазақ еліндегі активін арттырады.

Әйтсе де, Қазақстандағы шикізат соған көз сұғын қадаған инвесторлардың бәріне бірдей жетпеуі мүмкін.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев геологиялық барлаудағы қиыншылықтар кесірінен, яғни саланың дамымауы және оған инвестициялардың жете салынбауы салдарынан жерасты қазынасының барланған қоры күрт төмендейді деп күтіліп отырғанын мәлімдеді. Министрдің айтуынша, мемлекеттің геологияға шығысы өте төмен деңгейде тұр: 1 гектарға шамамен 8 доллардан ғана келеді.

"Геологиялық барлауға барынша күш салуымыз керек. Өйткені пайдалы қазбалардың ағымдағы қорының азайғаны сонша, 5–10 жылда Қазақстанда барланған қорлар күрт төмендей бастайтын болады", – деп ескертті министр Шарлапаев.

Осының аясында бірқатар сарапшы Үкіметке қазақстандықтардың автокөліктерін газға көшіруіне шектеу қою туралы ұсыныспен шыға бастапты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу