Газбен жүретін көліктердің паркингке кіруіне тыйым салынды

2353

Газ баллон құрылғысы өрт қауіпсіздігі қағидаларына қайшы.  

Газбен жүретін көліктердің паркингке кіруіне тыйым салынды

Газ баллоны құрылғысымен жабдықталған автокөліктердің арнайы тұрақтарға кіруіне тыйым салынды. Осындай шараның қабылдану себебін ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер түсіндірді.

"Өткен жылдың желтоқсан айында ҚР өрт қауіпсіздігі ережелеріне өзгерістер енгізу туралы Үкімет қаулысы қабылданды. Қаулыда газбен жұмыс істейтін автокөліктердің арнайы тұрақтарға кіруіне тыйым салынды. Былтыр біз өткен үш жылда болған өт оқиғаларына талдау жасап, газбен жүретін машиналардың өртенуі жиілегеніне көз жеткіздік. Елімізде жылына шамамен 2,5 мың көлік құралы өртенеді. Соңғы үш жылда 374 газ құрылғысы орнатылған көлік жанып, адам шығыны да болды. Қаза тапқандардың арасында балалар да бар", – деді ТЖК басшысы.

Владимир Беккердің айтуынша, автокөліктердің өртенуі де жылдан жылға жиілеп келеді.

"Өрт оқиғаларының динамикасына назар аударсақ, көліктердің өртенуі тұрақты түрде көбейіп келе жатқанын байқаймыз. 2018 жылы 80 көлік өртенсе, былтыр осындай 100-ден астам оқиға болды. Қазіргі кезде кейбір көп қабатты үйдің паркингінен газдың исі шығатыны туралы тұрғындардан көптеп шағым түсуде. Шағымдарды арнайы барып зерттегенімізде, шынында да өрт шығу немесе жарылыс болу қаупі бар екенін байқадық. Нәтижесінде өрт қауіпсіздігі ережелеріне өзгерістер енгізіу туралы жоба әзірлеп, тиісті мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге жолдадық", – деді Владимир Беккер.

Қабылданған тәртіпке бағынбай, газ баллон құрылғысы орнатылған көлігін жабық тұраққа қойған адам жауапқа тартылады.

"Газ құрылғысы орнатылған көлікті қоғамдық жабық тұрақтарға қоюға шектеу бұрыннан болған. Бірақ ережесі жоқ еді. Қазір жазалау тетіктері әзірленді. Ереже бұзғандар 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді. Егер өрт шығып, жарылыс тәрізді басқа да қауіпті жағдай болса, көлік иесі қылмыстық жауапқа тартылады. Келтірілген шығынға байланысты айыппұл төлейді. Ал егер адамдар қаза тапса, кінәлі адам 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады", – деп ескертті ІІМ өкілі.

Дегенмен газбен жүретін көлікті кейбір паркингтерге қоюға рұқсат бар.

"Тұрғын үйлердің астындағы, сауда, ойын-сауық үйлеріндегі жабық паркингтерге газ баллон құрылғысы орнатылған көліктердің кіруіне болмайтынын айттық. Ал көп қабатты болса да, жеке тұрған паркинг ғимаратының ішіне көлік қоюға еш шектеу жоқ. Тағы бір айта кетерлігі, автокөліктің әйнегіне газ құрылғысы орнатылғанын білдіретін белгі қою керек болады. Белгіні заңдастырып жатырмыз. Сондай-ақ, көліктің техникалық паспортына да арнайы белгі қойылуы тиіс", – деді Владимир Беккер.

Сұрақтарға жауап бере отырып, Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы көпқабатты үйдің астында паркингі бар, бірақ көлігі газбен жүретін азаматтарға көлігінен газ баллон қондырғысын алып тастауға немесе көлікті қоятын басқа жер іздеуге кеңес берді.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу