Газдың рекордтық қымбаттауы әлемді жаңа дағдарысқа соқтыруы мүмкін

3041

Осы экологиялық таза отын түрінің айналасында дүниежүзінде адам сенбес жағдайлар болуда.

Газдың рекордтық қымбаттауы әлемді жаңа дағдарысқа соқтыруы мүмкін

Мысалы, 2020 жылғы мамырда газ бағасы (TTF) тарихи межеге дейін – 1 мың текше метрі үшін 34 долларға дейін құлдырады. Себебі коронавирус пандемиясымен күреске байланысты әлемнің әр елі локдаунға жабылып, сұраныс күрт төмендеген болатын.

Содан тек сол жылғы тамыз айында ғана $100 межесінен аса алды. 2020 жылғы желтоқсанда көгілдір отын бағасы $200 белесін әзер еңсерді. 2021 жылы да газ бағасы адамзатқа жайлы болды. Былтырғы мамырда $300 тұратын.

Одан кейін көтеріле бастады. Жылдың екінші жартысында Еуропаның басты хабында – Нидерландыда TTF 1 мың текше метрі үшін $505 межесіне жетті. Дегенмен алдағы жылы одан көп шарықтай қоймас деген үміт пен болжам болған. Нәтижесінде, былтыр бекітілген контрактілер ішінде 2022 жылғы ақпанда жеткізілуге тиіс партиялар бойынша ең қымбат баға 613 долларды құрады.

Алайда 2021 жылды газ бағасы 800 доллар межесінде қорытындылады. 2022 жылдың басында оның Еуропадағы бағасы тарихи максимумді – 1 000 долларды еңсеріп отыр. Бұл кейінгі төрт жылдағы рекорд болып табылады. Себебі 2018 жылғы наурызда көктемге шаттанған Еуропа күтпеген жерден "Шығыстан келген аң" (The Beast from The East) аталып кеткен тосын суық ауа ағынына, үскірік аяз бен ақырған боранға ұрынды. Сонда газ бағасы 1 мың текше метрі үшін мың долларға дейін шығандаған болатын. 

Сарапшылар қорқынышты түстей ұмытылған сол баға енді қайта оралмас деп шешті. Өйткені бағаға қатысты сол алапат ралли еуропалық аймақтағы үреймен қоректенген еді. Баға жаңа тегеурінмен қайта оралды.

Енді сарапшылар газ бағасы алда 2 мың долларда тұрақтауы мүмкін деп отыр. Былтырғы 21 желтоқсанда еуропалық биржада болашаққа арналған жеткізілімдер арасындағы ең қымбат баға газдың 1 мың текше метрі үшін 2 190,4 долларға дейін барған. Мұндай баға әлем тарихында болмапты.

Газ тапшылығының туындауына Ресей кінәлі ме?

Қаржылық брокер Сергей Буйнов бұған бірнеше фактор әсер етіп отырғанын айтады.

"Біріншіден, әлемдік экономиканың өсуіне байланысты сұраныс та артуда. Газдың басым бөлігі Азия мен Еуразияда шоғырланған, бұл ретте Азияның өзі газды көп тұтына бастады. Тиісінше, Еуропаға жеткізілімдер барған сайын азаюда. Өздеріне жеткен отынға жапатармағай бас салған еуропалықтар биржада оның бағасын еселеп өсіруде. Еуропа мемлекеттері жерасты қоймаларындағы қорларын қотаруға мәжбүр. Әлемдегі энергетикалық дағдарыс келесі айналымға шықты. Оны Ресей де зиянды қарекеттерімен ушықтырып отырғаны жасырын емес. Мысалы, дәл қыс ішінде "Ямал-Еуропа" құбыры арқылы айдалатын газ көлемін шектеді. Бұған Еуропадағы температураның күрт төмендеуі қосылды", – дейді сарапшы. 

Ресей 21 желтоқсанда "Ямал-Еуропа" құбырымен Польша арқылы транзитпен жеткізілуге тиіс көгілдір отынды күрт тоқтатқан. Салдарынан сұранысты қанағаттандыру үшін сол күні таңертең газ Германиядан Польшаға қарай реверстік бағытта кері айдала бастады. Бұл бағаның өсуіне соқтырды.

Айта кетер жайт, бірер жыл бұрын төл газ нарығын либерализациялаған Еуропа транзит бойынша бірнеше жылдық, ұзақмерзімді келісімшарттар бекітуден бас тартты. Оның орнына өзгелер үшін ашық тетік – "аукциондық брондау" енгізілген. Мәскеу осы тетікті қарау пиғылда пайдалануда. Қалаған уақытында құбырында қуаттылықты брондамай, газ ағынын тоқтата салады. Бұдан өзі көп шығын шегетін болса да, Батысқа қысастық жасау үшін соған барады. Мысалы, 2020 жылы "Ямал-Еуропа" құбырымен Польша арқылы газ айдау бойынша "Газпромның" ұзақмерзімді контрактісінің мерзімі аяқталды. Содан бері құбырдың өткізу қуаттылығы, яғни көлемі аукцион арқылы бөліске салынады. Тапсырыс берушілер "Газпром" таңған көлемді емес, өзіне қанша газ қай уақытқа керек болса, соны ғана алуға құқылы. Әйтпесе, бұрын Ресей құбыр арқылы тиісті көлемде шикізат алмаса, айыппұл салатын. Еуропа осы құлдықтан құтылғандай болған.

Қуаттылықты аукционда 1 жылға, 1 айға, тіпті әр апта мен әр күні брондауға болады. 2021 жылғы желтоқсаннан бастап "Газпром" "Ямал-Еуропа" құбырын бір жылдан күн сайын брондауға ауыстырды.

Осы факторлардың бәрі "құланның қасуына мылтықтың басуындай" дөп келіп, жаһандық нарықты нашарлатты. Қаржыгердің байламынша, онсыз да ауыр ахуалды өршітуге Батыс елдерінің атом электр станцияларын бірінен соң бірі тоқтата бастауы да түрткі болуда. Мысалы, Financial Times мәліметінше, Франция биылғы қаңтар айында өз аумағындағы АЭС-тердің 30%-ын істен шығармақ. Германия 2021 жылдың соңында атом станцияларының жартысын сөндірді. Олардың газға тәуелділігі артты.

Газ дағдарысы әлемдік дағдарысқа ұласуы ықтимал

Bloomberg мәліметінше, биржадағы бағалардың аспандап кетуі еуропалық елдерді сатып алуды азайтып, жерасты қоймаларындағы онсыз да жарым-жартылай ғана толтырылған резервуарларынан газ алуға көшуге мәжбүрлеуде. Соған қарамастан бүкіл Еуропа бойынша тұтынушылар үшін газ бағасы еселеп өсуде. Батыс елдеріне биылғы қыста онсыз да аз қорларын тып-типыл ету қаупі төніпті. Ондай жағдайда әлем ұзаққа созылатын отын тапшылығына және энергетикалық дағдарысқа тап болуы мүмкін. 

Gas Infrastructure Europe дерегінше, Австрияда қорларының небәрі 36%, Нидерландыда 40%-ы, Германияда – 56%-ы ғана қалған.

Қалай болғанда, энергетикалық дағдарыс, "омикрон" штамының таралуына қосылып, Еуропа экономикасының қалпына келуін тежеуі мүмкін. Бұл әлем экономикасының еңсе тіктеуіне нұқсан келтіреді. Газ отынының, оның соңынан электр қуатының қымбаттауы қазірдің өзінде әлемдегі көптеген компанияны жұмысын тоқтауға немесе өндірісті қысқартуға итермелеуде. Мысалы, бұл тыңайтқыштар бағасының өсуіне соқтырған, яғни алда жер-жаһанда жеміс-көкөніс қымбаттайды деген сөз.

Сондай-ақ тауардың жетіспеуі дүниежүзіндегі, соның ішінде еуроаймақтағы инфляцияның жылдам қарқынмен ұлғаюына серпін берді.

Баға қалай арзандайды?

Әйтсе де, бірқатар сарапшылар 2025 жылға қарай газ бағасы 200 долларға дейін төмендеуі мүмкін деп болжауда.

"Газ бағасы биылғы сәуірде төмендей бастайды және жаздың ортасына қарай отынның өзге түрлерінің бағасына жақындауы мүмкін. Әзірге ол әлемдегі ең қымбат отынға айналды. Егер мұнай баррелінің құны 60-80 доллар деңгейінде сақталса, газдың әділетті бағасы, яғни спекуляциялардан және саяси факторлардан тазартылған бағасы 1 мың текше метрі үшін 200-500 долларды құрайды", – дейді РФ Стратегиялық әзірлемелер орталығының отын-энергетикалық кешен секторы басшысының орынбасары Сергей Колобанов.

Әзірге көгілдір отын құны спекуляциялар әсерінен қалыптасуда және оған әлемдегі қитұрқы саяси ойындар кесірін тигізіп жатыр.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу