Қазақстанның Еуропа елдерін газбен қамтуына қай мемлекеттер қарсы

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
5510

2025 жылға қарай Қазақстан табиғи газ өндіру көрсеткішін 60 млрд кубометрге жеткізуді жоспарлап отыр. 

Қазақстанның Еуропа елдерін газбен қамтуына қай мемлекеттер қарсы

Қазақстан табиғи газ өндіру көрсеткішін бір жылда 49,3%-ға ұлғайтты. Жыл басынан бері елімізде 9,5 млрд кубометр табиғи газ өндірілді.

Соңғы 9 айда шетелге құны 1,4 млрд АҚШ долларын құрайтын 19,4 млрд кубометр газ экспортталды. Көгілдір отынның 7,2 млрд кубометрін Ресей, 4,6 млрд кубометрін Украина тұтынды. Швейцария, Өзбекстан, Қытай, Польша мемлекеттері де Қазақстаннан көп газ сатып алған елдердің қатарына қосылды.

Жоғарыда аты аталған елдердің Қазақстанның газын сатып алуға ерекше ықылас танытуына біздегі көгілдір отынның құны себеп болды. Себебі ТМД аумағында Қазақстанның газы Өзбекстанның газынан кейінгі ең арзан газ саналады.

"Қазақстанда газ өте арзан және оның құны әр аймақта әртүрлі. Оңтүстік өңірлерде көгілдір отынның құны 27-36, Батыс Қазақстан аймағында 8-10 шамасында болса,  өзге өңірлерінде 11-19 теңге аралығында. Ал көгілдір отынның қоры жоқ елдерде газдың бағасы шарықтап тұр. Мысалы, Арменияда газдың 1 кубометрі – 106, Молдовада – 104, Украинада  – 82, Қырғызстанда – 69, Беларусьте – 65 теңге", – деп мәлімдеді MLS-Group компаниясының сарапшылары.

Естеріңізде болса, биыл Еуроодақ пен Әзербайжан ынтымақтастық одағының жиынында Еуроодақ өкілдері Қазақстан мен Түрікменстаннан қосымша газ алғылары келетінін мәлімдеді.

"Оңтүстік газ дәлізі арқылы жүзеге асырылатын газ экспорты Еуропаның энергетикалық қауіпсіздігін нығайтады", – деді энергетикалық одақ жөніндегі еуропа комиссиясының вице-президенті Марош Шефчович. Бұл пікірді халықаралық энергетикалық мәселелер жөніндегі АҚШ мемлекеттік департаментінің үйлестірушісі және арнайы өкілі міндетін атқарушы Сью Саарнио қостады.

"Вашингтон Оңтүстік газ дәлізін құру жобасын қолдайды, себебі стратегиялық серіктес ретінде Еуропаға мұқтаж. АҚШ энергетикалық қауіпсіздік саласындағы кез келген бастамаға ұйытқы болуға әзір", – деді ол.

Жоғарыдағы мәлімдемелерді Ресей мен Иран тыжыранып қабылдады. Аты аталған елдер өз мүдделеріне қайшы келгендіктен Каспийдің түбі арқылы құбыр жүргізіп, сол құбырмен Еуропаға Қазақстанның газ жеткізуіне қырын қарады. Мұның алдында Түркменстаннан Еуропаға 30 млрд, Қазақстаннан 10 млрд кубометр газ тасымалдау мүмкін екені айтылған. Тіпті министр Қанат Бозымбаев Қазақстанның мұнайы мен газын әлем нарығына жеткізу үшін Баку мен Астана жұмыс топтарын құратынын мәлімдеген.

"Газ өндіру көлемін көбейтіп жатқан Қазақстан Әзербайжанды әлемдік нарыққа жол ашатын экспорт маршруты ретінде қарастырып отыр", – деген болатын Қанат Бозымбаев.

Айта кетейік, былтыр табиғи газдың экспорты 13,7 млрд кубометрді құрады. Газдың 49%-ы – Қарашығанақтан, 31%-ы – Теңізден,  14%-ы – Қашағаннан өндірілді. Айтпақшы 2025 жылға қарай Қазақстан табиғи газ өндіру көрсеткішін 60 млрд кубометрге жеткізуді жоспарлап отыр. 

Орта Азия елдерін экономикалық зерттеу институтының сарапшысы Әлішер Хамидовтың пікірінше, Еуроодақ  Орта Азияның газына Ресейдің көгілдір отынына деген тәуелділіктен құтылу үшін көз салып отыр.

"Қазақстан Еуроодаққа тиімді серіктес бола алады. Өйткені ол Еуропаның астаналарымен мұнай бойынша тығыз қарым-қатынас орнатқан. Батыс елдері үшін энергоресурсын экспортқа шығаратын елдермен жақсы байланыста болған маңызды. Алайда біз бұл жерде тәуекел бар екенін қаперімізден шығармауымыз керек. Қазақстан Қытайға газ экспорттағанда Ресей қалыпты жағдай ретінде қабылдады. Ал Еуропаға газ жөнелтетін болсақ, Ресейдің бізге деген көзқарасы өзгеруі ғажап емес. Ашхабадтың еуропалықтарға энергоресурс ұсыну бастамасының салдарынан қазір Ресей мен Түркменстанның қарым-қатынасы бұрынғыдай емес. Осы орайда Түркменстан мен Қазақстанның шамасы Еуропа елдерін газбен толық қамтуға  жетпейтінін ескеру қажет. Түптің түбінде Қазақстан мен Түркменстан Еуроодаққа газ жөнелтеткеннің өзінде "Газпромға" бәсекелес бола алмайды", – деді Әлішер Хамидов.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу