Қазақстан Қытайға 50 млрд текше метр газ экспорттайды

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
5845

2040 жылға қарай 31 млрд текше метр газ тұтынамыз.

Қазақстан Қытайға 50 млрд текше метр газ экспорттайды

Бүгінгі таңда көгілдір отын әлем бойынша ерекше сұранысқа ие. Дәл осы қуат көзінің барланған қоры бойынша біз дүниежүзіндегі отыз елдің құрамына еніп отырмыз. Көрсеткішімізді жақсарту үшін үкімет тауарлық газдың импорты мен экспортына басымдық бере бастады. Бұған өткен жылдың нәтижесі дәлел.

2018 жылы газ экспорты 2017 жылмен салыстырғанда 37%-ға ұлғайып, 24,2 млрд текше метрге жетті, ал импорт 18,2 млрд текше метрді құрады.

Газ тасымалдау мен газбен қамтамасыз етудің ұлттық операторы "ҚазТрансГаз" АҚ-ның дерегінше, елімізде газ тасымалдау көлемі бір жылда 10,6%-ға артып, 111,6 млрд текше метр болған. Биылғы жылдың I тоқсанында газ экспорты 2,2 млрд текше метрді құраған. Ал ел ішіндегі сұранысты қанағаттандыру үшін 5 млрд текше метр газ өндірілген.

Газдың барланған қорының 98%-ы Батыс Қазақстанда, оның ішінде 87%-ы Теңіз, Қашаған, Королевское, Жаңажол, Қарашығанақ, Имашев кен орындарына шоғырланған. 

2030 жылға дейін еліміздегі газ өндіру секторын дамытудың үнемді, үдемелі және прагматикалық сценарийі әзірленген.

"Үнемді" сценарий алдағы онжылдықта 5-10 млрд  текше метр өсім шамасында мұнай және газ өндірудің ұстамды саясатына негізделген. Оны іске асыру нәтижесінде 2030 жылға қарай Қазақстанда газ өндіру деңгейі 51,3 млрд  м3, ал 2050 жылға қарай шамамен 66 млрд м3 құрайды.

"Үдемелі" сценарий шеңберінде 2030 жылға қарай жылына шамамен 100 млрд м3 газ өндіру көзделген. Ал "Прагматикалық" сценарий 2030 жылға дейін тауарлық газ өндірісін 21-25 млрд м3 деңгейінде сақтауды көздейді. 

2030 жылдан кейін Теңізде және Қарашығанақта сұйық көмірсутегін өндіру қысқарады. Осыдан бастап Қазақстанда тауарлық газ шығару көлемі артып, 2050 жылға қарай оның көлемі 40 млрд текше метрге жетеді.

IRENA баламалы қуат көзі халықаралық агенттігінің бас директоры Аднан Аминнің айтуынша, 2050 жылға қарай мұнай мен көмірге деген сұраныс күрт кемиді. Есесіне табиғи газ аса қажет қуат көзіне айналады.

Қазір АҚШ бастаған, Қытай қостаған әлем елдері жаппай газдандыру саясатына көшіп жатыр. Әсіресе , Қытайдың жанталасы алабөтен. Олар "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" бағытындағы халықаралық көлік дәлізінің бойында орналасқан жанар-жағармай бекеттерінің басым бөлігін газ сататын қылмақшы.

Естеріңізде болса, "ҚазТрансГаз" PetroChina International Company Limited компаниясымен келісімге қол қойды. Құжатқа сәйкес Қазақстан Қытайға 2019-2023 жылдар аралығында жыл сайын 10 млрд текше метр газ эспорттау міндеттемесін алды.

Ресей энергетикалық зерттеу институтының болжамынша, 2040 жылға қарай әлем елдері 5 трлн текше метр газ пайдаланады. Қазақстанда бұл көрсеткіш 31 млрд текше метрден асады. Біздің елге қатысты мәлімет "ҚР газ секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында" жазылған.

Ұмытпасаңыздар, былтыр Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарын көгілдір отынмен қамту үшін қазынадан 1 трлн теңгеден астам қаржы бөлінетіні жарияланды. Ал "Сарыарқа" магистральды газ құбырының құрылысына бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан 85 млрд теңге аударылды. Осының ізінше Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана бағытында салынатын магистральды газ құбырының алғашқы кезеңіне 267,3 млрд теңге жұмсау туралы шешім шықты.

2018 жылы басталған "Сарыарқа" магистральды газ құбырының құрылыс-монтаж жұмысы 2019 жылдың соңында аяқталуға тиіс. Жобаға жұмсалатын қаржының 53%-ы -құбырға, 22%-ы - құрылыс-монтаж жұмысына, қалған 25%-ы басқа қызмет түрлеріне шығындалады.

"Сарыарқа" магистралды газ құбырының құрылысына шамамен 800 адам жұмылдырылады. Жоба аясында еліміздің орталық және солтүстік өңірлерінің 2,7 млн тұрғыны көгілдір отынға қол жеткізеді.

"ҚазТранс Газ" АҚ-ның мәліметінше, аталмыш жоба 4 кезеңнен тұрады. Техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес, 1-кезең 2018-2020 жылдар аралығында жүзеге асырылады. Көрсетілген уақытта Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана бағыты бойынша 1 081 шақырым қашықтыққа 820 миллиметрлік магистральды газ құбыры тартылады. Бұған 267,3 млрд теңге жұмсалады.

2022-2023 жылдарға жоспарланған жобаның екінші кезеңінде Астана- Көкшетау бағыты бойынша 276 шақырым қашықтыққа 630 миллиметрлік магистральды газ құбыры тартылады. Жобаға 48,2 млрд теңге бөлінеді.

2024-2025 жылдары магистральды газ құбырының Көкшетау-Петропавл бағытындағы үшінші кезеңі басталып, 177 шақырым қашықтыққа 426 миллиметрлік құбыр салынады. Солтүстік Қазақстан облысын тұтас қамтитын жобаға 18,9 млрд теңге бөлінген.

2028-2031 жылдарға жоспарланған төртінші кезеңде Жезқазған, Теміртау қалаларында газ өткізу мүмкіндігін арттыратын компрессорлық станция салынады. Оның құрылысына 35,5 млрд теңге жұмсалады.

Жалпы "Сарыарқа" магистральды газ құбырының құрылысына 369,9 млрд теңге қарастырылған.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу