"Грузия поштасының" сәлемдемелері Қазақстанда талан-тараж етілуі мүмкін

4697

Грузиндердің AliExpress секілді қытайлық виртуалды сауда алаңдарынан сатып алған тауарларын біздің кеденшілер шашқалы тұр. 

"Грузия поштасының" сәлемдемелері Қазақстанда талан-тараж етілуі мүмкін

Қазақтың айлағы жүктің негізгі өсімін Қытайда күтеді

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, 2020 жылы Ақтау және Құрық теңіз порттары арқылы шамамен 5,4 млн тонна жүк тасылған, деп жазады Inbusiness.kz.

"Ақтау халықаралық теңіз сауда порты" ҰК" АҚ өзі пайдаланатын, Каспий жағалауында, соның ішінде Ақтау қаласы мен Баутино кентінде орналасқан 2 теңіз айлағы арқылы табыс табады. Жылдық қаржылық есебіне жүгінсек, ұлттық компания жүк артудан, портқа жүк операцияларын орындау үшін кемелерді кіргізу қызметінен (судозаход), буксирлерді және басқа да қалқымалы құралдарды қолдануға беруден, жүктерді сақтаудан 2019 жылы 6 млрд 879 млн, ал 2020 жылы 6 миллиард 10 млн теңге кіріс көріпті. Яғни, табысы азайған.

"Ақтау халықаралық теңіз сауда порты" ҰК" АҚ президенті Абай Түрікпенбаевтың мәліметінше, биылғы 4 айда құрлық көлігінен теңіз көлігіне ауыстырып тиелген жүк көлемі 1 млн 240 мың тоннаны құрады, бұл былтырғыдан 106%-ға көп. Соның ішінде мұнай – 736 мың тонна, астық – 287 мың тонна, метал – 8 мың тонна болды. Портымыз арқылы биылғы жыл басынан бері 209 мың тонна өзге де жүктер, көліктер, пошта сәлемдемелері, басқасы өткен. 

Болашақта транзиттік жүктердің негізгі өсімін Қытай береді деп күтілуде. Шың елі қазақстандық теңіз айлағы арқылы өтетін жүк айналымын 2030 жылға қарай кем дегенде 40 мың жиырма футтық балама (ЖФБ немесе TEU) контейнерге дейін арттыруы мүмкін.

Әзірге, пандемия тасымалдың адымын аштырмай тұр. Ұлттық компания дерегінше, артылатын жүк көлемінің төмендеуі жағдайында және Ақтау портының бәсекеге қабілеттілігін сақтау мақсатында дәстүрлі жүк базасын өзгерту, сервистің жаңа түрлерін ұсыну, сондай-ақ Ақтау айлағы арқылы жаңа транзитік бағдарларды құрып, дамыту шаралары қабылданып жатыр. 

Мысалы, жаһандық аса ірі порт операторы "DP World"-пен бірлесіп, "Ташкент–Ақтау порты–Ярымча (Ыстамбұл)" жаңа маршрутын жолға қою жоспарлануда. Жүк жеткізу "Волга–Дон кеме жүру арнасы" арқылы жүзеге асырылатын болады. Бұл бағытта халық көп тұтынатын тауарлар толы контейнерлерді ай сайын 190 TEU көлемінде тасымалдау жоспарда бар. Теңіз операторы рөлін дубайлық "P&O Maritime Logistics" жаһандық компаниясы атқарады.

Келесі бір бағыт – "Ташкент–Оазис станциясы (Қазақстан)–Ақтау порты–Ыстамбұл" маршрутімен түсті металдарды, карбамидті, құрылыс материалдарын, полиэтилен гранулаларын ай сайын 300 TEU көлемінде тасу қарастырылуда.

Сонымен қатар Түрікменбашы порты бағытында кезекті фидерлік желі ашу мәселесі пысықталуда. Түрікменстанмен арада келісім жобасының негізгі шарттары реттелген екен. Нәтижесінде, алда "Қытай–Ақтау порты–Түрікменбашы порты" маршруті және кері бағытта ай сайын 400 TEU-ге дейін жүк жеткізу көзделуде.

Қораптарды жару – кәсіпкердің жүйкесін жұқарту

Мұның бәрі дұрыс әрі құптарлық іс. Өз аумағы арқылы транзиттік жүк өткізуден Қазақстан тек ұтады, кіріске кенеледі. Алайда бұл саланың дамуына қосалқы кедергілер туындап жатыр.

Бір мысал келтірелік. Таяуда, биылғы жылғы 16 шілдеде "Ақтау халықаралық теңіз сауда портының" уақытша сақтау қоймасына Қытай Халық Республикасының "Xinjang Langtu International Trade" жөнелтуші компаниясының транзиттік жүк толтырылған контейнері келді. Оның ішіндегі барлық мүлік "Грузия поштасының" атына бағытталған. Өйткені грузиндер де жаһандық виртуалды сауда алаңдары арқылы қытай заттарын белсенді сатып алатыны мәлім. Оның бәрі "Грузия поштасы" ("Сакартвелос поста" немесе "Georgian Post") арқылы жеткізіледі.

Оқиғаның ары қарай қалай өрбігенін серіктес компания өкілі Марат Айбергенов айтып берді.

Оның мәліметінше, Алматы облысында орналасқан "Алтынкөл-жол" кеден бекетінде "инспекциялық-тексеріп қарау кешенінің түсірілімі" бойынша бұл контейнер еш күдік тудырмапты. Алайда теңіз портына келгенде, кедендішілер оған күтпеген жерден күмәнданған. 

"Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің "Теңіз порты" кеден бекетінің қызметкерлері бұл контейнерді өткізу пунктінде кедендік тексеруге ұйғарады. Осылайша, уақытша сақтау қоймасы аумағында контейнер ішіндегі барлық тюктер, қораптар, қапшықтар және басқасы сыртқа шығарып тасталды. Бастапқыда кейбір қораптаманы кесу жолымен оларды ішінара жарып қарау жүргізілген. Алайда "Теңіз порты" кедендік бекетінің қызметкерлері енді нұсқаулыққа сілтеме жасай отырып, контейнер ішіндегі 286 қорап, қапшық, тюктердің бәрін жаруды талап етуде. Бұл контейнер ішіндегі тауарлардың жалпы санын нақты есептеу және олардың әрқайсысының тауарға ілеспе құжаттарға сәйкестігін нақтылау үшін қажет көрінеді", – деді маман.

Бұл талап жүктің жеткізілуін Қазақстан аумағында сүйемелдейтін компания өкілдерінің төбе шашын тік тұрғызды. Өйткені оның бәрі қып-қызыл шығын әкеледі, тіпті жүкті жоғалтуға соқтыруы ықтимал. Ашық, алып қоймада аяқ астында шашылып жатқан қымбат заттарды өткен-кеткен іліп кетпесіне кепілдік жоқ.

"Транзиттік жүкке қатысты бұл талапты негізсіз деп санаймын. Себебі, бұл тауарлар Грузияда тұтынылуы үшін жолай өтіп бара жатқан жүк болатын. Ол тауардың бәрі "ішкі тұтыныс үшін шығару" рәсімі бойынша декларацияланған, яғни одан кедендік баж алынбайды. Қазіргі уақытта контейнердің теңіз айлағының уақытша сақтау қоймасында күтпеген жерден ұзақ уақытқа кідіріп қалуы кесірінен компания шығын шегуде. Өйткені тауарды сақтау шығыстарын сол көтереді. Мұндай тірліктер ақыр соңында кәсіпкерлеріміз үшін халықаралық сауданың мәнін жоғалтады", – деп қапаланады М.Айбергенов.

Құнды жүктер қолды болуы ықтимал

Оның айтуынша, біріншіден, барлық 286 қапшық, қорап және басқасын жарып, олардың ішіндегі қораптамаларды бүлдіріп, әрбір тауарды нақты есептеу өте ұзақ уақытқа созылады. Екіншіден, Грузияға жөнелту үшін әрбір тауарды кесіп тасталған қораптамаларына қайта салып, скотчпен бекітіп, қораптап отыру физикалық тұрғыдан күрделі әрі ол да біраз уақытта алады.

Үшіншіден, кедендік қарап тексеру кезінде құнды жүктер бірнеше апта, тіпті ай бойы уақытша сақтау қоймасының бүкіл аумағында шашылып жатпақ.

"Тауарлар бірте-бірте ұрланып бітеді. Себебі кез келген уақытша сақтау қоймасы үшін шашылып жатқан жүкті күзету өте күрделі іс. Әр заттың қасына күзет қоя алмайсың. Жасыратыны жоқ, дәл осындай тәсілдермен қазақстандық шекарадағы пысықайлар коррупциялық "откаттар" алу үшін транзитерларды сергелдеңге салады. Мұндай қарекеттер еліміздің транзиттік әлеуетінің іске асуына теріс әсер етеді, мемлекеттік органдардың имиджіне дақ түсіреді. Егер транзиттік жүктен заңнама бойынша кедендік баж алымы алынбайтын болса, онда контейнер ішіндегі тауардың нақты санын есептеудің де еш қажеттілігі жоқ. Мұны кеденшілер түсінбейді не түсінгісі келмейді", – дейді Марат Айбергенов. 

Әрине, кейбір кәсіпкерлер кеденде әртүрлі алаяқтық схемаларды қолданатыны белгілі. Мысалы, "жалған транзит" деген құбылыс бар: оның барысында контейнерлердегі тауарлар құпия жолдармен жолай түсіріліп, транзит елде қалады да, нысаналы елге тек бос контейнерлер аттанады. Болмаса, кеден сезіктенбеуі үшін олардың іші мәнсіз, арзанқол басқа тауарлармен толтырылады. Бірақ бұл схемамен күресу үшін де контейнерлердегі әрбір тауарды жеке есептеудің қажеті жоқ. Жүкті аттандырушы және оны қабылдап алушы кеден органдарының инспекциялық-тексеріп қарау кешенінің түсірілімдерін өзара салыстырса, жетіп жатыр.

Қалай болғанда, сатып алынған тауар елдерді басып өтіп, сатушыдан клиентке жеткенше, қаншама адамның жүйкесі жұқарады. Егер әлдебір елдің кеденшісі қиғылық салса, жүк жолай жоғалуы да ғажап емес.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу