"Бала туудың әлемнің көпшілік елдерінде алапат қарқынмен құлдырағаны сонша, енді халықтың санын тіпті өзге елдерден көшіп келетін мигранттар есебінен сақтап қалу да мүмкін болмай қалды. Бұл біздің өркениет бұрынғы дәуірлерде ешқашан бетпе-бет келмеген жаңа сын-қатерлерді туындатады", – деген пікір білдірді ақпарат құралдарына "Киевстардың" бұрынғы президенті, белгілі кәсіпкер Петр Чернышев.
Жұмыс берушілердің бұл алаңдаушылығы негізсіз еместігін, дәйекті екенін демографтар растайды. Олар "халықтың өсу деңгейі" деп аталатын көрсеткішке назар аудартты. Бұл көрсеткіш халық саны кемімеуі үшін әрбір әйел 2-ден көп бала табуы тиістігін (2,1 коэффициенті) көрсетеді. Мұндай жағдайда халық саны өзгермейді.
Қазіргі уақытта жаһандағы елдердің басым бөлігінде бұл көрсеткіш 2,1 коэффициентінен де төмен.
Сарапшылар келесідей қарапайым арифметиканы қаперге салды. Егер бала туу коэффициенті 1,6-дан төмен болса, бұл небәрі 3 ұрпақ ауысқаннан кейін, халық саны жартысына (50%-ға) азаятынын білдіреді.
Егер бала туу 1,2-ден төмен болса, онда алдағы жүз жыл ішінде халықтың небәрі 20 пайызы ғана қалады (80% кемиді) деген сөз.
Енді қараңыз, әлемдегі елдердің бала туу көрсеткіші келесідей:
- Оңтүстік Кореяда – 0,75;
- Қытайда – 1,10;
- Польшада – 1,12;
- Испанияда – 1,12;
- Жапонияда – 1,16;
- Украинада – 1,22;
- Ресейде – 1,42;
- АҚШ-та – 1,60;
- Жалпы, Еуроодақта –1,69;
- Қазақстанда – 3,13.
Мысалы, ХХІІ ғасырдың басында Оңтүстік Корея халқы қазіргіден 96%-ға азайып кетуі мүмкін.
Дәл осы Оңтүстік Корея – әлемдегі демографиялық апаттың үлгісіне айнала бастады. Ғалымдар, зерттеушілер соны мысалға келтіреді. Бүгінде әр 3 әйелдің біреуі – баласыз!
Оңтүстік Кореяда 2024 жылы бала тууды арттыру проблемаларымен ғана айналысатын жеке ведомство құрды. Ол "Демографиялық стратегияны жоспарлау министрлігі" деп аталады. Осы тұрғыда жан-жақты ұсыныстар әзірлеп, бастамаларды жүзеге асыруға қыруар қаражат бөлінген. Алайда жағдайды түзете алар емес. Жас кәріс қыздарының көбі сәби сүйгісі келмейді.
Иммиграцияға сүйенбесе, сырттан жатжұрттық халықты жаппай шақырмаса, келесі елдердің тұрғындары шамамен келесідей қысқаруы мүмкін:
- АҚШ: -47%;
- Франция: -46%;
- Германия: -68%;
- Украина: -76%.
- Италия: -78%;
- Жапония: -81%;
- Қытай: -88%;
- Таиланд: -89%;
Сондай-ақ Түркия, Ұлыбритания, Мексика және басқа да елдер ұқсас теріс тенденцияларға ұрынды.
Эксперттердің байламынша, адамзат өркениеті "алапат коллапсқа" қарай қозғалып бара жатқанға ұқсайды және ол зұлмат 2200 жылға дейін болуы мүмкін деп болжанды.
Оған жеткізбес үшін әр ел өзіндегі бала туу көрсеткіштерін жақсартуға барын салуға тиісті.
Ұлттық статистика бюросы Қазақстанда да бала туу көрсеткіші жыл сайын құлдырап бара жатқанын жариялады. Мәселен, 2013 жылы елде 387 256 бала туған, ал 2023 жылы 388 428 сәби өмір есігін ашты.
Бүгінде Қазақстан жылына 400 мың балаға көбейетін жақсы көрсеткішін жоғалтып алды. 2021 жылы – 446 491, 2022 жылы – 403 893, 2023 жылы – 388 428 нәресте дүниеге келді.
Ұлттық статбюро 2024 жылы демографиялық көрсеткіш әрі қарай нашарлағанын жариялады. Оның дерегінше, 1000 адамға шаққанда туу көрсеткіші 2023 жылғы 19,54 баладан 2024 жылы 18,47 балаға дейін азайды.
"2024 жылдың 9 айында Қазақстанда 278,7 мың бала дүниеге келді. Қайтыс болғандар саны – 99,5 мың адам. Осылайша, халықтың табиғи өсімі 179,2 мың адамды ғана құрады. Туудың ең жоғары деңгейі тек Түркістан облысында (1000 тұрғынға 25,04 адам), Маңғыстау облысында (24,84) және Шымкент қаласында (23,68) байқалды", – деп хабарлады статистика ведомствосы.
Қорыта айтқанда, ғасыр соңына қарай әлем халқы жүздеген миллион адамға азаюы мүмкін. Сондай заман туғанда мемлекеттер адамдар үшін қызу күреске түседі. Дүниежүзінде қалған жас ұрпақты, еңбекке жарамды азаматтарды өзіне тарту үшін оларға ең жақсы жағдайлар жасап, ең жоғарғы жалақы ұсынады. Бұл әлемдегі геосаяси жағдайды күрт өзгертіп, әлемдік тәртіптің қайта құрылуына соқтырмақ.