Халық шахталық құдықтан су ішіп отыр

1674

2001-2030 жылдарға арналған "Ауыз су" мемлекеттік бағдарламасы баянсыз болып тұр. Бұған халықты ауыз сумен қамтудың қазіргі көрсеткіші дәлел.

Халық шахталық құдықтан су ішіп отыр

Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бері халықты таза ауыз сумен қамтудың түрлі бағдарламаcына 1 трлн теңге жұмсалды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

2025 жылға дейін елімізде ауыз су мәселесі 100% шешілуге тиіс. Бұл – Президенттің пәрмені. Тапсырма орындала ма, орындалай ма? Екіұшты сұрақ қоюымызға 1200-ге жуық ауылдың күні бүгінге дейін ауыз сусыз отырғаны түрткі болды.

Мәжіліс депутаты Ерлан Саировтың сөзінше, "Ауыз су" мемлекеттік бағдарламасы арқылы бөлінген қаржы тиісінше жұмсалмайды.

"Елімізде 1200-ге жуық ауыл әлі күнге дейін ауыз сумен қамтылмаған. Мысалы, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарында ауылдан 2 шақырым жерге су шығаратын үлкен насостар орнатылған. Әрбір насосқа 30-40 млн теңге кетеді. Ал ауылдарға магистраль тартылмаған. Магистраль тартылғанша насостар істен шығады. Миллиардтаған қаржы желге ұшады. Бұл – жергілікті шенеуніктердің немқұрайлығы. Немқұрайлылық – жемқорлықтың түптамыры, – деді депутат.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев болса, 2025 жылға дейін 87 ауылдық елдімекен таза ауыз сумен қамтылады деп "сүйінші" сұрап жүр.

Министрдің мәлімдеуінше, ел аумағында ұзындығы 15,5 мың шақырымды құрайтын 74 топтық су құбыры бар. 2019 Павлодар облысындағы Май, Беловод, Қарағанды облысындағы Жәйрем-Қаражал топтық су құбырлары іске қосылды. 2020 жылы Алматы облысындағы Қаскелең, Қызылорда облысындағы Талап, Жиделі, Солтүстік Қазақстан облысындағы Преснов, Батыс Қазақстан облысындағы Жымпиты топтық су құбырларының құрылысы аяқталды.

"37 ауылдық елдімекенде су құбыры салынып, 46 мыңға жуық тұрғын таза ауыз сумен қамтылды. 2025 жылға дейін 11 топтық су құбыры жаңартылады. Нәтижесінде бұған дейін сапалы ауыз суы болмаған 87 ауылдық елдімекен таза ауыз суға қол жеткізеді. "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 2025 жылға дейін топтық су құбырлары жобасына 133,1 млрд теңге бөлу жоспарланған. Осының есебінен алдағы 5 жылда 1469 шақырым су құбыры желісі салынып, 1724 шақырымды құрайтын құбыр жаңартылады. 90 ауылдық елдімекенге су құбыры жеткізіліп, 105 мың тұрғынға сапалы ауыз су қолжетімді болады. 321 елдімекеннің ауыз су беру жүйесі жөнделеді. 5 жыл ішінде 3 мыңнан астам шақырым топтық су құбыры салынады. Халықты ауыз сумен қамту жоспары 100% орындалады", – деді Мағзұм Мырзағалиев.

Министр статистикадағы сандарды сөйлетіп, орындалуға тиіс жоспарды жариялап жатқанда түркістандықтар түңіліп, жаңақорғандықтар жылап жүрді. Себебі Түркістан облысындағы Шақпақ ауылының тұрғындары 10 жылдан бері жер астынан шығатын таза ауыз судың дәмін татып көрген емес. Тұрғындар әкімдік есебінен әкелінетін суды кезекке тұрып алуға мәжбүр. Халықты таза ауыз сумен қамтуға қазынадан бір емес, екі рет қаржы бөлінген. Ақша тиісінше жұмсалған, бірақ жер асты суы екі рет тартылып қалған. Өйткені бұған дейінгі барлау жұмысы дұрыс жүргізілмеген.

Сенатор Нариман Төрағалиевтің айтуынша, жаңақорғандықтардың да жағдайы жақсы емес. Осыдан 7 жыл бұрын құрылысы басталып, 11 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсалған "Сырдария", "Талап" топтық су құбырлары халыққа су жеткізбеген.

"28 елдімекенде тұрып жатқан 43 мыңға жуық халықты ауыз сумен қамтуға тиіс қос құбыр қаңсып тұр. "Сырдария" топтық су құбырының құрылысына 5,2 млрд теңге жұмсалды. "Талап" топтық су құбыры 5,5 млрд теңгеге салынып, пайдалануға берілді. Алайда мұның халыққа пайдасы болмады. Жобаның іске дұрыс қосылмауының салдарынан тұрғындар ауыз суды әр үйдің ауласындағы шахталық құдықтардан немесе кіші ұңғымалардан ішіп отыр", – деді депутат.

Ғалия Әділ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу