2011-2020 жылдарға арналған "Ақбұлақ" мемлекеттік бағдарламасы мәреге жетуге таяды. "Өңірлерді дамыту" бағдарламасы аясында басталған жобалардың арасындағы елге ең тиімді болғаны да осы "Ақбұлақ" деуге болады. Өйткені, бағдарлама аймақ тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтуды көздейді. Өкінішке қарай, көптеген өңірде сапалы су әлі де қол жетімсіз. Ал ауызсу сапасының жақсаруы ауылдарды орталықтандырылған су құбыры жүйесіне қосуға тікелей қатысты.
"Ақбұлақ" бағдарламасының шарапатын Алматы облысының тұрғындары да көріп отыр. Жетісу – нулы да, сулы өңір болғанымен аймақтағы ауыз су сапасы сын көтермейтін. Соңғы 2 жыл көлемінде ғана тұрғындардың сапалы суды қанып ішуіне қол жетті. Қазіргі күні облыстағы ауызсумен қамту көрсеткіші 89,6 пайызға жеткен. Бұл ел бойынша алғашқы орынның бірі. "Ақбұлақ" бағдарламасының аяқталуына әлі бір жыл шамалы уақыт қалғанын ескерсек, Жетісудың жұртын сапалы ауызсумен қамтудың 100 пайызға орындалатыны анық. Оған бюджеттен мол қаржы бөлініп те қойған. Жалпы, 2015-2017 жылдар аралығында облыста аталған бағдарлама бойынша жалпы сомасы 25,4 млрд теңге игеріліп, оған 221 сумен жабдықтау және cу жеткізу нысандары іске қосылыпты. Қазір бұған дейін сапасы күмәнді ауызсу тұтынып келген 338 мыңға жуық тұрғынның үйінде құбырдағы сапалы ауызсу ағып тұр.
Осы жерде "Ақбұлақ" бағдарламасына бөлінген қаржы арнасын тапты ма деген сауал туындайтыны анық. Әрі бағдарламаға бөлінген қаржы да аз емес. Қазына қаражатын сатылап игеру жұмыстың нәтижесіне көз жеткізуге мүмкіндік береді. Мысалға, бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында Алматы облысында 2015 жылы сумен жабдықтау жүйелерін реконструкциялау, жаңадан салу, күрделі жөндеу және ағымдағы жөндеуге бюджеттен 12,5 млрд теңге бөлініп, 116 нысан бойынша жұмыс істелген. Осы жылы 60 елдімекен орталықтандырылған ауыз суға қол жеткізген. Ал 2016 жылы бағдарлама шеңберінде сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін қайта жаңғырту және салуға 55 нысан бойынша бюджеттен 6,7 млрд теңге қарастырылыпты. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде қосымша 23 елдімекенде 46,5 мыңға жуық тұрғын сапалы ауызсу ішуге мүмкіндік алған. Дәл осы лекпен 2017 жылы да 25 елдімекенде тұратын 58 мыңға жуық адам сапалы сумен қамтылған. Бұл жылы сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін қайта жаңғырту және жаңадан салуға 50 нысан таңдап алынып, 6,2 млрд теңге қаржы бөлінген. Аймақта "Ақбұлақ" бағдарламасы аясындағы жұмыстар биыл да жалғасуда. Бүгінде жоспарланған сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін қайта жаңғырту және салу бойынша 8,1 млрд теңге сомасына 49 жоба іске асырылуда екен.
Судан шыққан шу
Бір қызығы, ауылдарға ауыз су құбырының жүргізілуіне наразы тұрғындар көбейіп келеді. Мысалға, облыстың Еңбекшіқазақ ауданындағы Қазатком ауылының тұрғындары елдімекендегі су тарту жұмыстарына қарсы. Былтыр "Ақ бұлақ" бағдарламасы бойынша ауылда су құбырын тарту жұмысы басталған. Бірақ, бұл ауылдағылардың көңіліне қонар емес. Олардың өз уәжі бар.
"Алматы облысындағы су мәселесі түпкілікті шешілген ауылдар санаулы болса, соның бірі біздің Казатком еді. 1966 жылы сол кездегі геология министрі А.Сәлімбаев ауылға келгенде ақсақалдар су мәселесіне көмек беруді сұраған көрінеді. Содан 1966 жылы ауылдан құдық қазылып, 100 метр тереңдіктен өз қысымымен шығатын су көзі ашылған. Осы скважина әлі күнге пайдаға жарап отыр. Жарты ғасырдан бері санитарлық-эпидемиологиялық сараптамадан да еш күмәнсіз, әр уақытта мінсіз өтіп келді" дейді Қазатком ауылының тұрғыны Қалиақбар Досымов.
Ауыл тұрғындарының қолында ауызсудың сапасы туралы тәуелсіз сараптама қорытындысы бар екен. Бірақ, аудан әкімдігі тұрғындардың тілегін тыңдамай, ауылдағы ауызсудың сапасын ішуге жарамсыз етіп көрсеткен. Нәтижесінде ел ішіп отырған суынан айрылып қалайын деп тұрған көрінеді. Әкімшіліктің ұстанымы бойынша, ауылға жаңа су жүйесі тартылып, тереңнен су соратын құдықтар қазылады. Осы мақсатқа 475 млн теңге бөлініп, алдағы үш жыл бойына су тарту жұмысын жүргізу жұмысы жоспарланған. Ал тұрғындар бұл мемлекет қаражатын желге шашу деген пікірде.
"Ауыл әкім 2018 жылғы 4 тамызда Қазатком ауылындағы ауыз судың тұтынуға жарамсыздығы туралы № 907/ 250 – 251 хаттама толтырып, ауданға "Ақбұлақ" бағдарламасына сұраныс беріпті. Біз бұдан хабарсызбыз. Ауыл әкімі оны ел-жұртпен ақылдаспай, көзбояшылықпен толтырып жіберді. Біз қазір ауыл әкімдігінің хаттамасында көрсетілгендей ішіп отырған суымыздың сапасы төмен емес, керісінше аумақтағы ең таза су Қазаткомда екенін дәлелдей аламыз. Бірақ оған құлақ асар аудан жоқ. Керісінше, бізге "ауылдарың бағдарлама бойынша су тартуға кіріп қойды, енді шегінер жер жоқ. Біз құрылыстан бас тартсақ, үлкен айыппұл төлейміз" деп ары қарай арызданбауға үгіттеуде", - дейді тұрғындар атынан сөз алған Қалиақбар Досымов.
Жалпы, дерек бойынша Алматы облысында 2216 шақырым су желісі қайта жаңғыртылып, 279 мыңнан астам су есептегіш құралдары орнатылған. Бұл көрсеткіш "Ақбұлақ" бағдарламасы жүзеге аса бастаған 2015 жылдан бері 7 пайызға көбейіпті. Нәтижесінде ауыз суға жарымай келген 168 ауылдың санын 85 елдімекенге дейін қысқарпты. Ал биыл жыл соңына дейін суды тасып ішетін немесе ауызсу сапасы талапқа сай емес ауыл саны алпыс сегізге дейін қысқармақ.
Гүлжан Амангелдіқызы, Алматы облысы