Қытайдың су саясаты Балқаш көліне қатер төндіріп тұр

Қайрат Қожамжаров трансшекаралық өзендер бойынша келіссөз жүргізетін отандық комиссия мүшелеріне айрықша мәртебе беруді ұсынды.

Қытайдың су саясаты Балқаш көліне қатер төндіріп тұр Фото: sputniknews.kz

Ертіс пен Іленің Қытай жағындағы бөлігіне халықтың тығыз қоныстануы Балқаштың суына қауіп төндіруі мүмкін. Сенатор Қайрат Қожамжаров осындай күдігін айтты.

Ол алдымен халықты ауызсумен қамту, мезгілдік су тасқындарынан қорғану шараларына бөлінген қаражаттың бейберекет игеріліп жатқанына тоқталды. Сенатордың айтуынша, елдегі су қоры 30-50 жыл бұрын барланған. Ол кезде анықталған су көздерінің көбінің үстіне қазір құрылыс түсіп кеткен. Елдімекендерде кәріз суын тазарту жүйесі ескірген. 29 қалада ондай жүйе атымен жоқ. 

"Халықты сумен қамту үшін бөлінген қаражаттың тиімді игерілмеуіне байланысты 102 қылмыстық іс қозғалып, 30 лауазымды тұлға сотталды. Мысалы, Қарағанды облысында Жайрем-Қаражал су құбырының құрылысы басталғанына 10 жыл болды. Осы уақыт ішінде жобаның құны 830 млн теңгеден 6,7 млрд теңгеге, яғни 8 есе қымбаттаған", – дейді депутат.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықты сапалы аузысумен қамту үшін алдағы 3 жылға 250 млрд теңге бөлуді тапсырып отыр. Оның сыртында Азия даму банкінен 250 млн доллар көлемінде қаржы тарту көзделген. Сенатордың сөзіне қарағанда, салаға қаржыны қарқынды бөлу мәселені шешуге жеткіліксіз болып тұр. Мәселен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі бюджет ақшасының уақтылы игерілмеуі салдарынан қазан айында сумен қамту жүйесін салуға қарастырылған 10 млрд теңгені қысқартқан. Есеп комитетінің дерегі бойынша, елдегі су арналарының 56%-ы тозған.

Қайрат Қожамжаров елдегі су қоймаларының 40%-ы ескіріп, тозғанын айтады. Оның 82%-ы 40 жыл бұрын іске қосылған.

"Көптеген су тоғандарының иелері қарауындағы нысанды күтіп ұстауға инвестиция салмай-ақ, пайда табуға әдеттеніп алған. Кейін төтенше жағдайдың шығынын мемлекет көтеріп жатады. Қызылағаштағы көп адамның өмірін жалмаған қайғылы оқиға соған дәлел. Парламент қабырғасында гидротехникалық нысан иелерінің жауапкершілігін арттыруға бағытталған заң жобасы қаралып жатыр", – деді Қайрат Қожамжаров.

Мезгілдік тасқындар мен сел салдарынан былтырдың өзінде жолдарды 734 рет су алып, 157 көпір бүлінген.

"Ақмола облысындағы Атбасар ауданының әкімі Жабай өзенінің арнасын тазартуға бөлінген қаржының 80%-ын талан-таражға салып, салдарынан тасқын кезінде 800 адам үйсіз қалды. Кейін апат салдарын жоюға жарты миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалды", – дейді сенатор.

Депутат өндіріс ошақтары улап жатқан су көздеріне де тоқталды. Әсіресе Қарағанды және Шығыс Қазақстан облысындағы тау-кен кәсіпорындарының табанында жатқан 8 өзеннің жағдайы алаңдатып отыр. Зерттеулер елдегі 139 ірі өзен-көлдің ішінде тек Жайық, Шаронов, Қаттыбөген өзендері мен Каспий көлінің су ғана норматив деңгейінде таза екенін анықтаған. 

Қайрат Қожамжаров трансшекаралық өзендерді тиімді пайдалану бойынша келіссөз жүргізетін комиссияның құрамы тұрақсыз болғандықтан, кейінгі 20 жылда елеулі өзгеріс болмағанын мәселе етіп көтерді.

"Қытай бойынша Іле мен Ертіс суының азаюы мәселе болып тұр. Бұл демографиялық өсім мен Шыңжан-Ұйғыр автономиялы районының экономикалық дамуына байланысты. Бұл Балқаш көлінің суына, сондай-ақ, Ертістің бойындағы инустрияның негізі болып отырған кәсіпорындардың жағдайына қатер төндіреді. Сондықтан, Қытаймен су бөлісу келісімдерін аяқтап, келісім жобасындағы келіспеушіліктерді жою қажет. Даулы тұстарды шешу комиссия құрамындағы мамандардың жиі ауысуынан созылып кетті. Жаңа келген комиссия мүшесі оқиғаның өрбу тарихын білмей жатады", – деген сенетор Дунайды тиімді пайдаланып қана қоймай, су қорын бірлесіп молайтып жатқан 19 еуропалық мемлекеттің өзара тату байланысын үлгі етуге болатынын атады.

Сенат өкілі трансшекаралық өзендер бойынша келіссөз жүргізетін отандық комиссия мүшелеріне айрықша мәртебе беріп, олардың тағайындалуы саяси шешім ретінде мақұлдануы керек деген ұсыныс айтты.

Есімжан Нақтыбайұлы
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу