Елдімекендердің 40 пайызы ғана таза ауызсумен қамтылған

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
4053

Биыл Павлодар өңіріндегі 26 ауылдың тұрғындары таза ауызсуды тұтынатын болады. 

Елдімекендердің 40 пайызы ғана таза ауызсумен қамтылған

Павлодар облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының ресми мәліметінше, былтыр өңірде 495 шақырым ауызсу құбыры салынған. Соның нәтижесінде сапалы тіршілік нәрімен қамтылған елдімекендер саны 40 %-ға жетті. Басқарма басшысы Қадылжан Сәтиевтің сөзінше, орталықтандырылған су жүйесін тарту бойынша биыл тағы бірнеше жоба жүзеге асырылмақ.

"Осы  жылы облыстың 45 елдімекенінде су тарту жұмыстары жүргізіледі. Оның 9-ы былтыр басталды. Биыл жалғасады. 36-cы – жаңа жобалар. Бұл жобалардың бәрі биыл аяқталмайды. Жалпы, су құбырын салып, орталықтандырылған жүйені іске қосу - күрделі жұмыс. Сондықтан, барлығын бірдей аяқтау мүмкін емес. Әр елдімекеннің өз "ерекшелігі" бар екенін де ескеру керек. Мәселен, су көзі ауылдан айтарлықтай алыс орналасуы мүмкін. Бұл жұмыс мерзіміне де әсер етеді. Жоспар бойынша осы жылы 26 ауылдың тұрғындары таза ауызсуға қол жеткізеді. Ал қалған 19 елдімекен игілікке келесі жылы қолдары жетеді", – деді Қадылжан Сәтиев.

Осылайша, күн сайын кешенді блок-модульден немесе құдықтан шелектеп, арбалап су тасып жүрген ауылдағы ағайын, сәл шыдаса, суық суды да, ыстық суды да үйдегі краннан ағызып отыратын күнге жетеді. Мәселен, Павлодар ауданындағы Жаңақала, Железин ауданындағы Башмачное елдімекендерінің тұрғындары орталықтандырылған су жүйесіне қосыла алады.

"Биыл 45 жобаның барлығы бойынша белгіленген істер атқарылады. Елімізде төтенше жағдай жарияланған соң, бірден мердігер компаниялармен түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Өз кезегінде кәсіпорындар қауіпсіздікті, санитарлық-эпидемиологиялық шараларды күшейтті. Ерте қамданып, құрылысқа қажет материалдарды сатып алды. Мемлекеттік конкурсты ұтып алған өзге өңірлердің мердігер компаниялары да аймағымызға карантин енгізілмей тұрып келіп, тиісті техникаларын, құрал-жабдықтарын – барлығын жеткізіп алды. Сондықтан қандай да бір кедергілер, қолбайлау жоқ", – деді басқарма басшысы.

Ол су құбырларына қатысты жобаларды қаржыландыру да, құрылысы да тоқтаған жоқ деп сендірді.

Суға қатысты тағы бір дерек. Осы аптада Шүлбі су қоймасынан Ертіс өзеніне су жіберіле бастады. Бұл процесс өзен бойында орналасқан ауылдарға қауіп төндіретіні бар. Павлодар билігі биыл бірде-бір елдімекенді су баспайды деп отыр. Тек, Ертістің жайылымдары ғана суға толмақ.

Павлодар облыстық төтенше жағдайлар департаменті осы жылы 11 елдімекенді су басуы мүмкін екенін хабарлаған еді. 22 сәуірде су қоймасынан су босатыла бастады. Секундына 3,5 мың текше метр су жіберілуде. Биыл Ертіс өзені жайылымының 80 пайызы суға толады деп күтілуде.

"Су басуы мүмкін-ау деген елдімекендердің қатарында Кенжекөл және Мичурин ауылдары, сондай-ақ Ленин және Ақсу кенттері бар. Мамыр айының ортасына қарай жайылған су тартылып, Ертіс қалыпты арнасына түседі", – деді Қадылжан Сәтиев.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу