Ауылдықтар бір жыл бойы таза ауызсусыз отыр

1780

Биліктегілер құр уәде берумен келеді 

Ауылдықтар бір жыл бойы таза ауызсусыз отыр Фото: Валерий Бугаев

Су тасуға мәжбүр

Осыдан 10 жыл бұрын Павлодар облысындағы Май ауданында топтық су құбырының құрылысы басталып, жобаға қазынадан 4,4 млрд теңге қарастырылған еді. Өткен жылдың желтоқсан айында құрылыс жұмыстары аяқталып, аудандағы 12 ауыл орталықтандырылған су жүйесіне қосылды. Ал үш елді мекен әлі күнге дейін құдықтан су тасуға мәжбүр.

"Таза ауызсуды күте-күте шаршадық. Жазда экология министрі Мағзұм Мырзағалиев ауданымызға келгенде жергілікті билік өкілдері "барлық ауылды таза ауызсумен қамтып отырмыз" деген еді. Бірақ іс жүзінде мүлде олай емес. Ақжар, Майтүбек ауылдарында таза ауызсу жоқ. Аудан орталығы – Көктөбе ауылындағы үйлердің жартысы ғана орталық жүйеге қосылған", – дейді Май ауданының тұрғыны Қайыржан Ахметов.

Белгілі болғандай, аудандағы бірқатар елді мекен ішіндегі су құбырларының құрылысы толық аяқталмаған. Соның салдарынан көпшілікке су тасуға тура келіп отыр. Облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа сенсек, қараша айының соңында тиісті жұмыстар бітіп, желілер тұрғын үйлердің аулаларына дейін жеткізіледі.  

Баянауылдықтардың да таза ауызсуға қол жеткізе алмай келе жатқанына бір жылдың жүзі болды. Былтыр аудан орталығында су жүйесі салынып, 1578 үй тіршілік көзімен қамтылды. Ал 170-ке жуық үй желіден жырақ қалды. Баянауыл ауданының әкімі Қанат Кәрімовтің айтуынша, жобаны енді әзірлей бергенде жүйеге қосылатын жаңа үйлердің бары анықталған. Сөйтіп, әкімдік желілерді жүргізудің емес, үйлерді түгендеудің қамына кірісіп кетіпті. Баспаналарға орталықтандырылған суды тартуға қатысты сметалық құжаттама әлі дайын емес. Әу баста "бұл істі жыл соңына дейін қатырамыз" деген әкімдік енді нақты мерзімді атай алмай отыр.

"Жағдай соншалық мүшкіл емес"

Жалпы Павлодар облысында тұрғындарды таза ауызсумен қамту мәселесі мәз емес. Аймақтағы көрсеткіштің көңіл көншітпей, көш соңында келе жатқанын бұдан бұрынғы Үкімет отырысы кезінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов та айтқан еді.

Павлодар облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Қадылжан Сәтиевтің пайымынша, жағдай соншалық мүшкіл емес.

"Бұрындары орталықтандырылған су жүйесі бар елді мекендер саны бойынша Павлодар облысы елімізде ең соңғы орында болатын. Биыл бір сатыға көтеріліп, көрсеткіш Қостанай облысынан асып түсті. Ал жан басына есептер болсақ, Жамбыл, Қызылорда және Қостанай облыстарынан алда келеміз", – дейді басқарма басшысы.

Қадылжан Сәтиевтің сөзінше, соңғы екі жылда ауылдарға су тарту үшін 38 млрд теңге бөлініп, 71 жоба жүзеге асты. Нақтысын айтсақ, 1571 шақырым су құбыры салынып, 72 мыңнан астам адам таза ауыз суды пайдаланатын болды. Нәтижесінде сумен қамту көрсеткіші 19,8%-дан 40,1%-ға дейін өсті.

"Биыл "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша 45, "Жұмыспен қамтудың жол картасы" аясында 8 елді мекенде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Оның 37-сі осы жылы іске қосылып, таза ауыз сумен қамтылған ауылдар саны 49,9%-ға жетеді", – дейді Қадылжан Сәтиев.

Келесі жылы жалпы сомасы  8,5 млрд теңге болатын 42 жоба жүзеге аспақ. Сонымен қатар 2022-2024 жылдарға арналған 27 жоба дайындалуда.

Ал әзірге 210 елді мекен, бұл дегеніңіз облыстағы барлық ауылдардың 59,6%-ы, суды құдықтардан, кешенді блок-модульдерден алады. Оның ішінде 200-ден астам адам тұратын 96 ауыл бар. 2022-2023 жылдары жыл сайын 10 млрд теңге бөле отырып, бұл елді мекендерде орталықтандырылған су жүйесін тарту жоспарланып отыр.

Ажар Дәулетова


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу