Қыс бойы қалың қар жауып, Қазақстан мол суға кенелгелі тұр. Бірақ бұл бәрібір елімізді ауызсумен қамту бойынша ұзақ мерзімді мәселені шешпейді.
Сондықтан Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, қазірден Каспийдің тұзды суын тазалап, халықтың қажеттілігі үшін пайдалану күн тәртібіндегі маңызды мәселе.
"Себебі ауызсу тапшылығы – Қазақстандағы ең көкейкесті проблеманың бірі. Бұл жағдайда осы түйткілдің екі негізгі шешімі бар: біріншісі – теңіз суын тұщыландыру, екіншісі – қолданылған суды тазартып, қайта пайдалану. Бірінші тәсілге тоқталсақ, бүгінде Маңғыстау атом-энергетикалық комбинатында тұщыландыру қондырғылары табысты жұмыс істеп тұр. Жалпы, Маңғыстау облысында жер бетіндегі тұщы сулар, яғни өзен-көлдер жоққа тән. Мұнай кәсіпорындары және оларға іргелес қонған кенттердің суға деген мұқтаждығы Еділ есебінен өтелуде. Оның суын "Қазтрансойлдың" батыс филиалы "Астрахань–Маңғышлақ" магистралді су құбыры арқылы жеткізеді", – деп түсіндірді министр.
Ауызсудың тағы бір бөлігі жер астындағы минералды су кен орындарынан алынады.
Дегенмен, батыс аймақты сумен негізінен, Каспий суын тұщыландыру арқылы "МАЭК-Қазатомөнеркәсіп" ЖШС қамтамасыз етіп отыр.
"Расында, облыстағы судың үлкен бөлігі "МАЭК-Қазатомөнеркәсіпке" тиесілі. Бір жыл ішінде кәсіпорын Каспий теңізінен 1 млрд 286 млн текше метр теңіз суын алып қойды. Одан 218,196 млн текше метр таза ауызсуы алынды, қалғаны дистиллятқа айналды", – дейді Мағзұм Маратұлы.
Оның мәліметінше, қазіргі кезде Құрық ауылында теңіз суын тұщыландыратын жаңа әрі заманауи зауыт құрылысы басталған.
"Оның құрылысы биыл, 2020 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр. Бұл жағдайда облыс тәулігіне 50 мың текше метр суға қол жеткізеді. Басқаша айтқанда, жылына 18 млн 250 мың текше метр қосымша су пайда болады. Бұл зауыттың таза ауызсуы және техникалық суы бірден бірнеше елдімекенге жеткізіледі деп күтілуде. Олардың арасында Құрық пен Жетібай ауылдары, Ақтау қаласының бір бөлігі де бар. Жалпы алғанда, шамамен 200 мыңдай адам. Осының арқасында облыс тұрғындарының үштен бірі толығымен сумен қамтылады, сондай-ақ өңірдің су қоры толығады", – дейді Экология, геология және табиғи ресурстар министрі.
Жобаны қытайлық Safbon Beltway Consortium салып жатыр. Бұған мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлінбеген, оны "Қазатомөнеркәсіп" өз қаражатына жүзеге асыруда. Маңғыстау инвестициялық жобалары порталында аталған зауыттың құны 37 млрд теңге тұратыны көрсетілген.
Ал еліміздің өзге өңірлерінде суды қайталай қолдану талабы күшейтіледі. Бұл заңнамаға енді. Ведомство басшысының дерегінше, Су кодексінің 92-3-бабына сәйкес, жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалар, зауыт-кәсіпорындар өндірістік қажеттіліктері үшін техникалық суды пайдалануға тиіс. Сонымен бірге кәсіпкерлердің техникалық сумен қамту схемасы мен жүйелері суды қайталай қолдануды, жаңбыр суын қордалап қажеттілікке жұмсауды қарастыруы керек.
Бұған бизнесмендерді шығынның өсуі де итермелеуге тиіс, заңды тұлғалар үшін су тарифі тек көтеріле береді.
Болашақта бірқатар дамыған елдегідей Қазақстанда да "жаңбыр салығы" енгізілуі әбден мүмкін. Бұрынғы отандасымыз Инна Сталыгина Германияда жеке тұрғын үйлер мен коттедж иелері, кәсіпкерлер осындай салық – ағынды су коммуналдық төлемін төлейтінін жеткізді.
"Себебі жауған жаңбыр жеке үй шатырында жинала келе, жерге сарқырай ағады да, жекеменшіктегі жер телімінен қалалық кәріз жүйесіне төгіліп, оған қосымша жүктеме түсіреді. Аталған салық қатты беткіқабаттарға қарай есептеледі, ондайға шатыр, терраса, асфальтталған жер телімі, цементтелген автотұрақ орындары, гаражға апаратын жолдар жатады. Муниципалитеттер қатты беткіқабатты аэрофототүсірілім арқылы анықтайды да, оған үй иесінің келісімін алады. Бір шаршы метр үшін 70 еуроценттен 1,90 еуроға дейін салық есептеледі. Сонда бір үй орташа есеппен жылына 150–200 еуро жаңбыр салығын төлейді", – дейді ол.
Әрине, осы төлемді мүлдем төлемеуге де болады. Көптеген үй өз учаскелерінің астына ағынды суды жинайтын цистерналарды жасырады. Онда жиналған су бақша, гүлзәрді суаруға, кейде тіпті тазартудан кейін үй ішіндегі тұрмыстық қажеттіліктерге де жұмсалады. Сөйтіп, қарапайым немістер салықтан ақша үнемдеп қана қоймай, су шығынын азайтады.
Жанат Ардақ