Данияр Елеусінов: Халық шетелде өткізген кездесулерді көбірек бағалайды

1815

Жуырда ғана әлем чемпионы атанған былғары қолғап шебері соңғы жекпе-жегін Қазақстанда өткізуінің сырымен бөлісті. 

Данияр Елеусінов: Халық шетелде өткізген кездесулерді көбірек бағалайды

19 желтоқсан күні Нұр-Сұлтанда өткен бокс кешінде Данияр Елеусінов аргентиналық Хуан Эрнан Леаоны жеңіп, ІВО тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанды.

Былғары қолғап шебері бірінші минуттан белсенді болып, екінші раундта қарсыласын екі рет есеңгіретті. Ал үшіншісінде аргентиналық тағы бір рет нокдаунға түсті. Осыған қарамастан, жекпе-жек толық 12 раундқа созылды. Оның қортындысы бойынша төрешілер жеңісті Дания Елеусіновке берді. Осылайша, қазақ боксшысы жартылай орта салмақта IBO чемпионы атанды. 

Енді Данияр толыққанды чемпиондық белбеу иеленген бесінші қазақстандық боксшы болып отыр. Бұған дейін Василий Жиров, Геннадий Головкин, Жанат Жақиянов пен Бейбіт Шүменов чемпион атанған. Бұл ретте былғары қолғап шеберімен Atameken Buisness арнасына сұхбат беріп, отбасы, туған жері, алға қойған жоспарларымен бөлісті.

– Данияр, ІВО тұжырымы бойынша әлем чемпионы атануыңызбен құттықтаймыз. Осындай жетістіктеріңіз көп болсын.

– Рахмет, айтқаныңыз келсін.

– Сіз тәуелсіздіктің құрдасысыз. Осы 30 жылда жеткен жетістеріңіз өте көп, бірақ қайсысын ерекше атап өтер едіңіз?

– Барлық жетістіктерімді атауға болады. Біріншіден әлем чемпионы атанған кезім, одан кейін Олимпиада ойындарының чемпионы атандым. Ол әрбір әуесқой спорттағы адам үшін ең биік шың. Енді кәсіби боксқа ауысып, 30 жылдық мерейтой қарсаңындағы кеште ІВО тұжырымы бойынша әлем чемпионы атандым. Осының барлығын ерекше атап өтер едім.

– Сізді спортта қолдап жүрген әкеңіз екенін білеміз. Ол кісінің сізге беріп жатқан тәлім-тәрбиесімен спорттағы бағыт-бағдарының айырмашылығы бар ма?

– Айырмашылығы көп емес. Әкем спортқа алып келгенде оны алға ұлдарының бірі Олимпиада чемпионы болса деген арман жетеледі. Сол арманына, мақсатына жетті. Ал кәсіпқой боксқа ауысу – менің арманым болатын. Әкем көп шәкірт тәрбиеледі. Кейбір адамдар оны қатал деп жатады. Бірақ меніңше, ол отбасында, спортта өзін қалай ұстау керек, қандай болу керек екенін біледі, әр істің байыбына жетеді.

– Алдағы уақытта кәсіпқой бокстағы жолыңызды жалғастырасыз ба? Әлде жаттықтырушы болсам дегендей мақсатыңыз бар ма?

– Жаттықтырушы болу ол мүлде басқа дүние. Олимпиада немесе әлем чемпионы мықты жаттықтырушы бола алады деген сөз емес. Ол бөлек жұмыс, оған шыдамдылық, ерекше төзімділік керек. Мен сияқты спортшылардың қарсыласына шыдамы жетсе де, шәкірт тәрбиелеуге келгенде шыдамы жетпеуі мүмкін. Біздің елде әлі ондай болмаған. Бірақ шетелде әкесі де, ұлы да чемпион болып, спорттағы жолын, тәжірибесін шәкіртіне бере алған мықты мысалдар бар. Болашақта Қазақстаннан да осындай чемпиондар шығуы мүмкін.

– Өзіңіз де ұл тәрбиелеп отырсыз. Перзентіңіздің боксшы болғанын қалайсыз ба?

– Ол баланың өзінің қалауына байланысты. Үлкен ұлым қазір дзюдоға қатысып жүр, кішкентай ұлымның жасы кіші, екі жарымда. Менікі тек оларға бағыт-бағдар беру.

– Ал сізді әкеңіз спортқа өз қалауыңызбен алып келді ме?

– Біздің кезімізде басқа айналысатын ештеңе болмады ғой. Қазіргі балалар телефон мен теледидар алдынан шықпайды. Ал біз залға баратынбыз, сонда ойнайтынбыз. "Барма" десе де қоймай, ер адамдардың артынан еріп барып, жаттығатынбыз. Осылай ойнап жүріп боксқа келдім десем болады. Негізі әкем көп уақытын, назарын ағам Дәуренге бөлетін. Ол спортты ертерек бастады. Меннен 5 жас үлкен. Батыс Қазақстан облысында халықаралық дәрежедегі спорт шебері, бірінші ел чемпионы болған азаматтардың бірі. Ол бала күнінен нәтиже көрсеткен соң, әкем оның жанынан табылатын. Мен басында спортпен айналыспасам да залға келіп-кетіп, ойнап жүретінмін. Осылай спортты бастап кеттім.

– Соңғы жекпе-жегіңіз 12 раундқа созылды. Үлкен атақ үшін талас болған соң осылай жоспарланды ма?

– Қарсыласыңды нокдаунға жіберіп, құлатпасаң жекпе-жек 12 раундқа созылады, регламент солай. Бірақ қарсыластың бәрі бірден құлай бермейді ғой, небір мықтылар бар. Соңғы рет аргентиналықты екінші, үшінші раундта есеңгіреттім, тек содан соң ол қорғанысқа көңіл бөле бастады. Барынша соңына дейін шыдауға тырысты, ашылмады.

– Ал өзіңіз кездесуге шыққан қарсыластарыңыздың ішінен қайсысын ерекше атар едіңіз?

– АҚШ-тағы барлық қарсыластарым мықты болды.

– Алдағы уақытта кіммен жекпе жекке шыққыңыз келеді?

– Алдағы уақытта IBF тұжырымдамасы бойынша үздік 15-тікке кіремін. Сол тұжырым бойынша әлем чемпионы Эррол Спенс. Соған қарай бет бұрып келе жатырмын, жақсы қарсылас боламын деген ойдамын.

– Сіз көбіне АҚШ-та жаттығасыз, ол жақ несімен қолайлы?

– АҚШ-та ауа райы қолайлы, спарингке шығатын адамдар жағынан қолайлы. Басқа айтарлықтай айырмашылық жоқ. Ең ұзақ 1 жыл 2 ай болдым. Елді сағынасың, туыстарыңды, достарыңды, бала-шағаңды дегендей.

– Қазір елдесіз. Толығымен АҚШ-қа кету ойыңызда жоқ па?

– Мен көбінесе АҚШ-та жаттығамын, жекпе-жектерім де сол елде өтеді. Тек осы кездесуді Қазақстанда өткіздім. Көбі елде кездесу өткізіп, енді тек осында қалады деп ойлайды екен. Өз еліңде кездесу өткізбесең тағы да халық айтады "қашан бізге құрмет көрсетеді" деп. Өткізсең тағы да ұнамайды. Шетелде өткізген кездесудің абыройы биіктеу сияқты. Халық оны көбірек мақтап, мадақтайды, бағалайды. Енді келесі кездесулерімнің барлығын Америкада өткізуді жоспарлап отырмын.

– 2022 жылы қанша кездесу өткізуді жоспарлап отырсыз?

– Ол промоутерлерге байланысты. Менеджерім 2-3 промоутер бар деді. Енді келіссөздер жүргізіледі. Олардың қайсысының келісімшарттары ыңғайлы болады, солармен жұмыс істейміз.

– Ал сіз өзіңізді қанша жасқа дейін осы салада көресіз?

– Ол спорттық мансабыма байланысты. Жетістікке ертерек жетсең жас кезінде барлығын тоқтатуға болады. Спортшыны не қартайтады? Қиын, күрделі жекпе-жектер қартайтады. Сондықтан барлығын ойластырып, әрекет ету керек. Бірақ Америкада қарсыластар спортшының атағына қарайды. Онда танымал болмасаң, сен қанша мықты боксшы болсаң да, сенімен кездесуге шыққан да тиімсіз. Сондықтан олар аты шыққан қарсылас іздейді. Оларды да түсінуге болады, бұл бизнес болған соң солай. Ал осы қарсыласпен шығуға міндетті болса, олар жекпе-жекке шығады. Міне, мақсат сол міндетті қарсылас болу.

– Шетелде қаншалықты танымалсыз?

– Шынымды айтсам АҚШ-та сондай керемет танымалмын деп айта алмаймын. Спорттың, соның ішінде бокстың фанаттары таниды.

– Спортты тастау туралы ой келген кездер болды ма?

– Болды. Ащы жеңілістерден кейін Лондон Олимпиадасынан кейін болды. Бірақ ол уақытша кезеңдер екен. Себебі қолыңнан ең жақсы келетін дүние осы болғаннан кейін өмір бойы айналысып келе жатқан дүние болған соң мақсатыңа жетпей, бірден тастап кете алмайсың.

– Соңыңыздан ерген боксшылардың ішінен қайсысын ерекше атап өте аласыз?

– Әуесқой бокста өте мықты боксшыларымыз көп. Жақында ел чемпионаты өтті. Сол чемпионатта Санжар Ташкенбай деген спортшы ұнады, болашағынан зор үміт күттіреді. Ағайынды Оралбайлар бар, Сәкен Бибосынов бар, Сабырхан Махмуд та ұнайды. Жақсы боксшылар, келесі Олимпиада ойындарында топ жарады деген ойдамын. Кәсіпқой бокстада Мейірім Нұрсұлтанов, Батыр Жүкенбай сынды мықты жігіттер бар.

– Ал Токио ойындарында біздің боксшыларға не жетпеді?

– Спортшылар психологиялық тұрғыдан дұрыс дайын болмады ма екен... Құраманың дайындығы жақсы болады ғой. Бірақ кейін әлем чемпионатында сол жігіттер мықты өнер көрсетті. Олимпиада үлкен тәжірибе ғой.

– Алдағы уақытта мемлекеттік қызметке бару ойыңызда бар ма?

– Шынымды айтсам, қазір тек спортты ойлап жүрмін. Ол туралы ойланған жоқпын. Қазіргі басты мақсат спорт болып тұр. Бұл мақсатты аяқтаған соң жоспарлар өзгереді. Спортты қойғаннан кейін көре жатармыз.

– Сізді жарнамадан жиі көреміз. Осындай ұсыныстар көп пе?

– Сондай көп деп те айта алмаймын. Бірақ әрдайым жеке ұсынысқа қараймыз, қарастырамыз. Барлығын ұжымымызбен бірге шешеміз.

– Ал Қазақстанның 30 жылдағы жетістіктерін атап өте аласыз ба?

– Мен тек спорттағы жетістіктерін айта аламын. Елімізден 7 Олимпиада чемпионы шықты, 7 рет көк туымыз желбіреді. Кәсіпқой бокста Геннадий Головкин, Жанат Жақиянов сынды спортшыларымыз елімізді танытты. Ал ең бастысы елдің бірлігі, тыныштығы ғой.

– Рас айтасыз, сұхбатыңызға көп рахмет, амандықта жүздесейік!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу