Халыққа нақты әрі сенімді ақпарат керек – Қанат Сахариянов

728

Бүгінгі медиа кеңістікте этика мен фактчекингтің рөлі аса маңызды. 

Халыққа нақты әрі сенімді ақпарат керек – Қанат Сахариянов Фото: Қазақстан Медиа Альянсы

Елордада отандық медиа өкілдерінің қатуысымен "Журналистік этика. Фактчекинг пен манипуляция" тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"MEDIA HOLDING "ATAMEKEN BUSINESS" ЖШС директоры, "Қазақстан Медиа Альянсы" қоғамдық бірлестігі өкілдігінің атқарушы директоры Қанат Сахариянов бүгінгі медиа кеңістік түрлі фейк ақпараттарға толып кеткенін жеткізді. Әсіресе, мұндай жағдайлар су тасқыны кезінде жиі байқалды.

"Жағдайды тұрақсыздандыру, қоғамға іріткі салуды көздейтін мұндай жалған ақпараттардың дені әдейі жасалынады деп айтуға келеді. Отандық ақпараттық кеңістіктегі жағдайды тұрақтандыру үшін қазақстандық медиа, журналистер осындай фейк ақпараттармен күресуі керек", - деді Қанат Сахариянов.

Оның айтуынша, қазіргі таңда журналистер мен билік өкілдерінің арасында сенім жоқ. Хайп, сенсация қуу, спикерлерді ыңғайсыз жағдайға қалдыру мен арандатушы сұрақ қоюдан аулақ болған жөн, деп есептейді спикер.

"Журналистиканың негізгі мақсаты – қоғамға пайдалы болатын жаңалық көрсету, билікке дұрыс шешім қабылдауға көмектесетін қоғамдағы ақпаратты жеткізу. Спикерлердің барлығы бірдей камераға қарап, еркін сөйлей алмайды. Бізде өзге мемлекеттердегідей үкімет мүшесі болу үшін халықтың сеніміне ие болып, қоғам алдына шығып сөйлеу керек деген дүние әлі қалыптаса қойған жоқ. Қандай да бір лауазымға тағайындалатын адам кәсіби маман болуы мүмкін, алайда ол камера алдында сөйлеу деген дағдыны меңгермеуі мүмкін. Кейіннен ол саяси қызметші ретіндегі міндеті журналистердің сауалдарына жауап беру, олардың алдына шығу керек екенін түсінеді", - деді "Қазақстан Медиа Альянсы" қоғамдық бірлестігі өкілдігінің атқарушы директоры.

Қанат Сахариянов қоғамдық пікірге құрметпен қараған жөн деп санайды.

"Халыққа нақты әрі сенімді ақпарат керек. Ақпараттың қайнар көзі – билік органдары, олар ашықтық қағидатын басшылыққа алып, журналистерге тұрақты ақпарат беріп отыруы қажет. Мәдениет және ақпарат министрлігі әрдайым журналистердің мүддесін қорғайтынын білеміз. Себебі ақпарат Конституциямен қорғалған сала екені белгілі. Журналистер – халық пен билікті байланыстыратын көпір. Ақпараттың жабық болуы немесе айтылмауы кез келген мемлекетте шиеленіскен жағдайларға дейін әкеледі", - деді "MEDIA HOLDING "ATAMEKEN BUSINESS" ЖШС директоры Қанат Сахариянов.

"Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының директоры Қарлығаш Жаманқұлованың айтуынша, журналистиканың миссиясы – азаматтардың дер кезінде объективті, толық және жан-жақты ақпараттармен қамтамасыз ету. Біз нарықты өзіміз реттемесек, заңға ғана сүйеніп, реттеуші органға сүйеніп отырсақ, онда біздің сөз бостандығымыз да, журналистикамыз да шектелуі мүмкін, деп есептейді ол.

"Кәсіби этика стандарттары – кез келген жұмыста, әсіресе журналистикада сақталуы керек маңызды құрамдас бөлік. Халықтың мүддесі үшін толыққанды, объективті ақпарат беру – БАҚ-тың негізгі миссиясы. Тағы бір мәселе журналистикамен айналыспайтын жалған БАҚ-ты қаржыландыру", - деді спикер.

Оның сөзінше, блогерлер мен медиа салада жүргендердің кейбірі этика нормаларын елемей, сенсация соңында жүреді.

Дүние жүзінде журналистерге арналған барлығы 400-ге жуық кәсіби этикалық кодекс бар.

"Олардың барлығы түрлі дәстүрге негізделгенімен, қалай болғанда да олар ортақ құндылықтарды көздейді. Біріншісі – нақтылық, яғни барлық деректер нақты болу керек. Екіншісі – еркіндік, журналистер пропагандамен айналыспай, кәсіби стандарттарға сәйкес жұмыс істеуі тиіс. Үшінші принцип – ақпараттың толыққандылығы, бір оқиға туралы баяндағанда осы ұстанымды басшылыққа алуымыз керек. Төртінші –адамгершілік принципін ең негізгі деп айтар едім. Біз жек көрініш тілінен ада болуымыз қажет. Яғни, не істесек те, қоғам мен оның ұстанымдарына сүйене отырып жасауымыз керек. Бесіншісі – жауапкершілік ұстанымы. Егер де қандай да бір қателік жасайтын болсақ, онда кешірім сұраймыз, залал келтірген жағдайда, жәбірленуші тараппен сөйлесеміз", - деді Этикалық журналистика желісінің президенті әрі негізін қалаушы Айдан Уайт.

Шетелдік сарапшының сөзінше, БАҚ шешім қабылдарда еркін болуы қажет.

Тележүргізуші Динара Сәтжан заманауи қазақстандық журналист мобиолография, инфографика құру, ChatGPT, жасанды интеллектпен жұмыс сияқты дағдыларды меңгеруі керек деген пікірде.

"Хабар" агенттігі" АҚ Басқарма Төрағасы Кемелбек Ойшыбаевтың сөзінше, қазіргі таңда журналистика саласындағы басты мақсаттың ауысып кеткені байқалады.

"2000-жылдары ақпараттық агенттікте жұмыс істеген жылдары журналистердің негізгі мақсаты ақпарат алу болатын. Қазір ақпарат алу емес, мемлекеттік қызметшілерді ұятқа қалдыру, хайп қуу сияқты көрінеді. Бұрын да мемлекеттік қызметшілер ақпарат бергісі келмейтін, бірақ хайпсыз ақпарат алатын едік. Сондықтан әріптестерімізді этикаға шақыруымыз керек. Мәселе тек журналистердің этикасында ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік қызметшілердің этикасы да бар. Меніңше, журналистермен қатар, мемлекеттік қызметшілерді де оқытудан өткізу керек", - деді спикер.

"Qazaqstan" Ұлттық телеарнасының директоры Болат Мүрсәлім медиа қауымдастықтың бәрі медиа этикаға қатысты қоғамдық келісімге келуі керек деп санайды.

"Мысалы, дүние жүзі футболды бір ғана ережемен ойнайды. Тура сол сияқты қалыптасқан дүниежүзілік, халықаралық журналистік этика нормалары бар. Сол нормалармен жұмыс істесек, бүкіл мәселе өз-өзінен шешіледі. Әрине бұл бір күнде болмайды. Сондықтан да нарық мемлекеттің араласуынсыз өзін-өзі реттеуі керек", - деді Болат Мүрсәлім.

Қазақстандық медиа сала өкілдері БАҚ-тағы фактчекинг маңызды екенін айтады. Бұдан басқа журналистер өз жұмысында этикалық қағидаларды ұстанып, кәсіби принциптерге адал болуы керек деген пікірде. Осы мақсатта "Қазақстан Медиа Альянсы" қоғамдық бірлестігі мен "Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры фактчекинг пен журналистік этика дағдыларын жетілдіруге бағытталған қосымша білім беру бағдарламалары мен кәсіптік курстарды әзірлеуді және енгізуді қолдап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу