Халықтың жұқа қалтасын театр емес, музей көтереді

3539

Мәдениет және спорт министрлігі мемлекетке қарасты мәдени және тарихи мекемелердің қызметінің құнын жаңадан бекітпекші.

Халықтың жұқа қалтасын театр емес, музей көтереді

Осы мақсатта "Мәдениет және спорт министрлігінің республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорындары өндіретін және сататын тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) бағаларды белгілеу туралы" бұйрығының жобасы әзірленді.

Бұл ретте сарапшылар бағаның бұрынғыдан көп көтерілмегеніне назар аудартады. Қазақстанда халықтың сатып алу қабілетінің төмендеуі кесірінен бұл мемлекеттік нысандар да өз бағаларын қымбаттата алмауда. 

Сонымен қатар елімізде өнер, ойын-сауық және демалыс секторына салынған инвестициялар көлемі бір жыл ішінде 14 пайызға төмендеп кеткен. Нақтырақ айтсақ, биылғы екі ай қорытындысында осы аталған салаға небары 7,7 миллиард теңге инвестиция келген. Салыстыру үшін тілге тиек етелік: 2018 жылғы қаңтар-ақпан айларында осы көрсеткіш 9 миллиард теңгеге жеткен болатын. Негізгі қаржы көзі – әкімдіктердің бюджеті болып отыр: жыл басынан бері жергілікті бюджеттерден 4,6 миллиард теңге бөлініпті.

Ал жылдық көрсеткіштерге келсек, өнер, ойын-сауық және демалыс секторына ең көп қаржының құйылуы 2014-2015 жылдар еншісінде (тиісінше 113,5 және 113,6 миллиард теңге). Одан кейінгі 2016 жылы алапат құлдырап, 68,8 миллиард теңге түсті. 2017 жылы 75,1 миллиард теңгеге дейін көтерілсе, 2018 жыл қорытындысында 105,1 миллиард теңге инвестиция салынды. Биылғы жыл басы сала үшін құлдыраудан басталып отыр.

Жалпы алғанда, сарапшылардың дерегінше, былтырғы 2018 жылы Қазақстанда, еліміздің әр өңірінде мәдени және ойын-сауық мақсатындағы 93 жаңа нысан іске қосылыпты. Олардың құрылысына 54 миллиард теңге салыныпты.

Алда мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының қол қоюымен өмірге жолдама алатын бұйрық жобасында драма, опера және балет театрлар, филармония, оркестрлер, музейлер, мәдени колледждер мен училищелер, тарихи-мәдени музей-қорықтар және басқалары қамтылып отыр.

Атап айтқанда, қазақстандық театрдың "қара шаңырағы" "Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры" балаларға арналған күндізгі спектакль өткізгісі келсе, ол залдағы 1 орын үшін билетті 500 – 1 мың теңгеден, Алматы қаласындағы спектакльге 600 – 5 мың теңге аралығында, гастрольдік спектакль билеттері 500 – 1 500 теңге, премьералық спектакльге – 1 500 – 5 мың аралығында, ал камералық залда өткізілетін спектакльге –1 мың теңгеден сатуға тиіс болады.

Аса арзан театрлар қатарына "Республикалық мемлекеттік корей музыкалық комедия театры" (билеттерінің құны 200-ден премьераларына 1,5 мың теңгеге дейін), "Құдыс Қожамияров атындағы республикалық мемлекеттік ұйғыр музыкалық комедия театры" (200-ден 1,5 мың теңгеге дейін, тек жаңажылдық іс-шараларына ғана 3000 теңгеге дейін алуға рұқсат) кіріп отыр.

"Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы" министрдің бұйрығына сәйкес, оқу орындарында өткізілетін концерті үшін әр орынға 600 – 1 200 теңгеден, Алматыдағы концерттеріне 1 200 – 3 мың теңгеден, гастрольдік концерттеріне 1 мың – 4 мың теңгеден жинай алатын болады. Дегенмен, ведомство оған бірлескен сахналық-қойылымдық іс-шаралар өткізу, соның ішінде өзгелермен бірге концерт, фестиваль, шығармашылық кештер ұйымдастыруда еркіндік беріп, олардың құнын өзге ұйымдастырушылармен келісімшарт негізінде анықтауға мүмкіндік бермек.

Құжатта елордадағы "Қазақстанның Ұлттық музейіне" үлкен орын арналған. Өйткені оның қызметтері сан-тарамды. Мұражай алда кіру билетін ересектерге 700 теңгеден, студенттерге 500 теңгеден, оқушыларға, зейнеткерлерге 300 теңгеден сатуға міндеттелмек. Ал Ұлы Отан соғысының ардагерлері, Ауған соғысына қатысушылар, 18 жасқа дейінгі мүгедек балалар, жетім балалар, мектеп жасына дейінгі балалар, көп балалы аналар бұл еңселі музейге тегін кіре алатын болады.   

Егер сыйлы қонағыңызға "Қазақстанның Ұлттық музейіне" жеке экскурсия жалдағыңыз келсе, бұл әрбір адамға 2000 теңгеден келмек. Ересектерге, студентерге және оқушыларға арналған тақырыптық экскурсияның 1 академиялық сағаты да осыншаға бағаланып отыр.

Бірақ ол өз бетінше музей сабақтарын, квесттерді (1 академиялық сағат үшін әр оқушы не студенттен 300-500 теңгеден), қышты жасау және оны безендіру технологиясына үйрету сабағын, кескіндеме және графика үйірмесін (екеуі де 1 айға 5 000 теңгеден) өткізуіне болады.

Музейдің кәдесый және полиграфия өнімдерінің 1 данасын 500-ден 10 мың теңге дейін өткізуіне рұқсат. Рухани және материалдық ескерткіштерге ғылыми сараптамасы 1 анықтамасы үшін 3–5 мың теңгеге бағаланады. Бұдан басқа да қызметтерді келісімшарт негізінде орындай алады.

Бұйрықта басқа да театрлар, қорықтар, оркестрлар және мәдени нысандар бағасы көрініс тапқан.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу