Еуропа Африка жәдігерлерін біржола қайтаруға құлықсыз

6735

Еуропа бұрынғы отар елдерден ұрланған құнды еңбектерді өздеріне жалға беру мәселесін талқылап жатыр

Еуропа Африка жәдігерлерін біржола қайтаруға құлықсыз

Батыс Еуропа елдері астаналарының барлығында жуық сол мемлекеттердің айбынын паш ететін және халық мақтанышына айналған алып мұражайлар бар. Олардың коллекциялары тарихтың даулы кезеңінен сыр шертеді. Бұл мәдени мұралардың бір бөлігі ұрланған, кейбірі "Қарт құрлыққа" күмәнді жолмен жеткізілген.  Империялар болса күйреді, жәдігерлер қалды.

Арада ондаған жылдар өткенде, континенттің кейбір беткеұстар мәдени мекемелері отаршылдық дәуірінен жеткен артефактілерге қайта баға беріп, тіпті оларды белгілі бір шартпен өз елдеріне қайтару мәселесін талқылауға кірісті.

Бұл қозғалыс Франция президенті Эммануэль Макроннан басталды. Ол былтыр қараша айында Буркино-Фасоға сапарында "Африканың мұрасын Африкаға уақытша немесе біржола қайтару бағытында жұмыс істейтінін" мәлімдегенді.

"Оларды енді қайтару мүмкін емес"
Ал, өткен жылдың наурызында Франция Бениннен 1890-шы жылдары тонап әкеткен мыңдаған затты қайтарудан бас тартты. Ол дүниелердің арасында корольдік тақтар, мүсіндер аз емес. "Либерасьон" газетінің хабарлауынша, француз үкіметінің Бениннің талабына берген жауабы мынадай: "Сіздер атаған жәдігерлер француз мемлекетінің құнды мүліктерінің қатарына ғасырдан астам уақыт бұрын қосылды. Оларды енді қайтару мүмкін емес".

Макрон билікке мамырда келді. "Мен Францияда Африка елдері мәдени мұраларының көп бөлігін қабылдай алмаймын. Бұл жәдігерлер тек Еуропаның жекеменшігі болып қала алмайды", - дейді Елисей сарайының қожайыны.

Осындай қолайсыз жағдай Британияның да басында бар. Биыл сәуірде Виктория және Альберт мұражайы ағылшын армиясы 1868 жылы Эфиопиядан тонап әкелген заттар көрмесін ұйымдастырып, жұрт назарына алтын тәж бен тостағанды да қойды. Эфиопия оларды қайтаруды 2008 жылдан бері талап етіп келеді. Алайда, аталған музей афтефактілерді отанына ұзақ мерзімге жалға беру келісімі бойынша ғана жөнелтуге әзір.

Германия да мұндай дүниелерді қайта бағалау мен қайтару проблемасын көтеріп отыр.  Ұлтшылдар барымталаған өнер туындыларына қатысты тергеу жұмыстарына көмектесу үшін құрылған "Жоғалған жәдігерлер қоры" бұрынғы отар елдерден әкелінген артефактілерге де мән бере бастады. Ал, неміс үкіметі тарихи еңбектердің заңдылығы мен заңсыздығын тергеу мақсатында мұражайларға 2019 жылы 3,5 миллион доллар қаражат бөлмек.

Ұрланғаны дәлелденуі керек
Айта кетсек, келесі жылы Берлинде ауқымды этнографиялық мұражай ашылып, оның сөрелеріне 20 мыңдай зат қойылады. Алайда, сол мұралардың азының ғана қандай жолмен келгені анық екен.

"Отаршылдық дәуірі біздің естеліктер мәдениетімізге түскен көрінбес дақ", – деп жазылған Германия мәдениет министрлігі таратқан мәлімдемеде.

"Бенин Диалог тобы" атты еуропалық мұражайлар консорциумы британ армиясы тонап әкелген артефактілерді Бенин сити мен Нигерияға ұзақ мерзімге жалға беру тәртібін талқылап жатыр. Бұл идеяны аймақтың бірқатар елдерінің үкіметтері қолдаған. Алайда, сол үкіметтер артефактілерді біржола қайтару жөнінде жиі айта қоймайды. Олардың ойынша, жәдігерлердің басқа елдерден ұрланғаны ең алдымен дәлелденіп, еліне қайтарылған жағдайда, олардың қорғалатынына кепілдік берілуге тиіс.

Бір кездері жүздеген алтын бұйымдардан құралған "Лудиян қазынасы" Түркияның батысында табылып, Нью-Йорктегі Метрополитен өнер мұражайына түскен-ді. Кейін бұл бағалы коллекция түріктің Usak Museum мұражайына қайтарылды. Бірақ, еліне жеткізілгеннен кейін сол қазынаның кейбірі сатылып, ендігі бірінің орнын көшірмесі басқан. Өйткені, мұражай директорына құмар ойнында ұтылып қалғандықтан, мол ақша қажет болыпты. Алайда, мамандар Африка мұражайларының құнды нысандарды кәсіби деңгейде қабылдап, сақтауға әзір екенін алға тартып отыр.

Луврға Наполеон көмектессе керек
Францияның беткеұстар Лувры өзін ғаламдық, универсалдық мұражай деп есептейді.  Ол адамзаттың эстетикалық жетістіктерін көрсетумен дүниеге танылды. Алайда, болжамдарға қарағанда, Луврды ежелгі заман коллекциясымен толықтыруға Наполеон Бонапарттың Еуропа мен Таяу Шығыста жүргізген сәтті әскери науқандары мен отаршылдық жорықтары көмектессе керек.

Былтыр Әбу-Дабиде Луврдың жаңа бөлімшесі ашылды. Ол өзін Араб әлемінің универсалдық музейі деп санап, тура француз мұражайындағыдай әртүрлі мәдениеттерден жиналған еңбектерді көрсетіп, адамзаттың ортақтығын насихаттап жүр.

Дегенмен, кейбіреулер бұл жәдігерлерге универсалдық сипат беруге қарсы. Олардың пікірінше, сол артефактілердің шыққан жеріне, сол дүниелерді жасағандарға құрмет бар жерде ғана тарихты сақтап қалуға болады. Ал, Франциядағы "Қара қауымдастықтар" деп аталатын ұйымның өкілі Луис-Жорж Тин "Вашингтон постқа" берген сұхбатында айтқандай, тонаумен әкелінген коллекциялары қайтару қиын, қайтармау одан да қиын.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу