12 сәуірде елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласының жарияланғанына тура бір жыл болды. Осы уақыт аралығында бағдарлама аясында не атқарылды? Астанадағы ұлттық музейде өткен есеп беру жиынында бағдарлама аясында тындырылған жұмыстар қорытындыланды.
Президент әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Аида Балаеваның айтуынша, бағдарлама негізгі бес бағытта өрбіген. Олардың әрқайсысы бойынша ауқымды жұмыстар атқарылған.
Мәселен, халықтың әлеуметтік жағдайы төмен топтарын қолдауды, оларды жұмысқа орналастыруды, тарихи-мәдени мұраларды қорғауды, инфрақұрылымдық нысандарды жөндеуді және мектептерді заманауи жабдықтармен қамтуды мақсат еткен "Туған жер" жобасы аясында 2017 жылы меценаттардың қолдауымен 51 млрд теңгеге 700-ге жуық нысан салынып, жөнделген. Жалпы жобаға 1700-ден аса меценат атсалысқан.
Меценаттардың белсенділігі әлі де жоғары. Мәселен, 2018 жылдың бірінші тоқсанында олар "Туған жер" жобасына 4 млрд теңгеге жуық қаржы аударған. Жалпы, биыл 61 млрд теңгеге 450 нысан салу және жөндеу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, "Қазақстанның қасиетті географиясы" жобасы аясында Қазақстанның қасиетті нысандарының тізімі жасалды. Бұл ретте, жалпыұлттық маңыздағы 185 нысан және жергілікті маңыздағы 463 нысан анықталған.
Аталған жоба аясында Қазақстанның қасиетті нысандары туралы 4 фильм дайындалға. Ол бес тілде әзірленген. Осы жылы жоба шеңберінде "Бозоқ", "Ботай", "Сарайшық" республикалық мұражай-қорықтарының құрылысы басталмақ. Бұдан бөлек, Алматы қаласындағы "Боралдай сақ қорғандары" археологиялық паркінің тұсаукесері өтпек.
"Мәдениет және спорт министрлігінің ұсынысымен арнайы үш мемлекеттік қорық ашылады. Бұл бастаманы президент әкімшілігі қолдады. Үкімет қаулысы да шықты. Бірінші қорық – Астананың маңайындағы Бозоқ. Оны көбі біле бермейді. Бірақ Астана бұл жерде кездейсоқ салынған жоқ. Ол – қазақ тариxында елеулі оқиғалар болған жер. Бозоқ соның бір дәлелі болса керек. Болашақта сол жерде үлкен музей мен визит-орталық ашылады. Екінші қорық – Ботай. Ол жерде адамзат баласы тұңғыш рет жылқыны қолға үйретті. Оны әлем ғалымдары да мойындап отыр. Үшіншісі – Сарайшық. Былтырдан бері Атырау облыстық әкімдігінің бастамасымен үлкен жөндеу жұмыстары атқарылып жатыр. Кезінде Қасым xандар елдің астанасын Ұлытаудан сол жерге апарған. Сөйтіп, Алтын Орданың мұрагері біз екенін көрсетті. Сондықтан Сарайшық біз үшін үлкен геосаяси құндылық. Соны насиxаттап, жеткізе білуіміз керек", – дейді "Қасиетті Қазақстан" ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлы.
"Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет" жобасы аясында қазақстандық мәдениет шетелге барынша дәріптелді. Бұл орайда, үздік музыкалық шығармаларды цифрлық форматқа көшіру бағытында көп жұмыс тындырылған. Атап айтқанда, 2017 жылы 13 мың музыкалық шығарма, 1,2 мың нота және 1,7 мың аккорд цифрлық форматқа көшірілген.
Әдебиет саласындағы "Рух" халықаралық байқауының өткізілуі де бағдарламаның маңызды бөлігінің бірі болғанын атап өткен абзал.
Сондай-ақ, "Қазақстанның 100 жаңа есімі" жобасы елдің дамуына үлес қосқан азаматтарды анықтап, құрмет көрсетуге бағытталған ауқымды имидждік іс-шара болғаныны жақсы білеміз.
"Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық" жобасы да ел айта жүрер ерекше шара болды. Ол – әлеуметтік-гуманитарлық саладағы білікті, бәсекеге қабілетті кадрларды дайындауға, гуманитарлық білімдегі үздік әлемдік үлгілерді зерттеуге бағытталған маңызды жаһандық зерттеу жобасы. 12 сәуірде аталған жоба аясында философия, социология, антропология, психология және мәденниеттану саласында аударылған 18 еңбектің таныстырылымы өтті.
"Бұл жай ғана жоба емес. Ол – бүкіл қоғамдық сана-сезімді қозғайтын үлкен дүние. 18 кітапты тұпнұсқадан тікелей ана тіліміз – қазақ тіліне аударып, халыққа жеткізудің астарында үлкен қозғалыс жатыр. Ол – сананың қозғалысы. Аударылған 18 кітапты биылғы оқу жылынан бастап оқытылатын пәндердің білім беру бағдарламасына енгізілмек", – ұлттық аударма бюросының басшысы Рауан Кенжеханұлы.
Рухани жаңғыру бағдарламасы аясындағы ең бір жемісті қадамның бірі қазақ тілінің кириллицадан латын қарпіне көшірілуі болды. Наурыз айында үкімет 2025 жылға дейін қазақ тілін латын қарпіндегі әліпбиге кезең- кезеңмен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді.
Фархат Әміренов