Президент табысты бизнес үшін қандай кітап оқу керектігін айтты

5060

​Елбасы еліміздің зиялы қауым өкілдерімен кездесті.

Президент табысты бизнес үшін қандай кітап оқу керектігін айтты Фото: akorda.kz

Президент өзінің "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында қолға алынған "Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық" жобасының алғашқы 18 кітабының тұсауы кесілген бүгінгі жиынды өзі осылай атады.

Отырыста мемлекет басшысы жаңа экономика, жасанды интеллект, кәсіпкерлік, бала тәрбиесі, молдалар және экстремистік ағындармен күрес, яғни саналуан тақырыпта еркін отырып, ой бөлісті. Мәселен терминжасам үдерісі туралы айта келе, "пайызға қарсы екенін" (оның орнына әлем қабылдаған "процентті" қалдыруды ұсынады), ал "балмұздақты" жақсы тәржіма санайтынын жеткізді.

Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев табысты бизнес жүргізгісі келетін іскер жандарға қандай кітапты оқу керектігі жөнінде кеңес бере кетті.

Атап айтқанда, шет тілдерден қазақшаға аударылған алғашқы "ізашар" 18 ғылыми бестселлердің арасында Гарвард университетінің профессоры, танымал макроэкономист Грегори Мэнкьюдің "Экономикс" атты еңбегі бар екен. Бұл туынды 1997 жылдан бері әлемнің 25 тіліне аударылып, миллиондаған таралыммен таралған. Рас, қазақ тіліне соның соңғы нұсқасы алыныпты. Онда мысалы, "марксизм" мен "феминизм" теорияларын кеңінен түсіндіретін жаңа тақырыптар қосылған. Ал соңғы бөлімі дағдарыстан кейінгі әлем және жаңа теориялардың пайда болуына қатысты сауалдарға жауап береді.

"Грегори Мэнкьюдің "Экономикс"-ы қазіргі экономикалық қатынастардың сипатын ашып көрсететін еңбек. Біз нарықтық экономикада өмір сүрудеміз. Жастарымыз бизнеспен айналысқысы келеді, бірақ оны қалай жасау керектігін біле бермейді. Мына кітапты оқымай қалай халықаралық деңгейде бизнеспен шұғылданбақсың?! Осындай туындылардың оқысаң, әлемде бизнес қалай жүргізілетінінің қыр-сырын білесің", – деді президент.

Ол мемлекеттік тілімізге тәржімаланып отырған туындылар арасында халықаралық кәсіпкерлік білім беру ұйымының жетекшісі Дональд Куратконың "Кәсіпкерлік: теория, процесс, практика" атты оқулығын да оқуға ұсынды. Бұл кітап кәсіпкерлік құбылысын жан-жақты зерттей отырып, студенттерді бизнесмен болуға үйретеді.

"Бұл еңбекте бизнесті табысты дамытудың жүздеген мысалы бар. Бізде бизнеспен айналысушы көптеген азаматтарымыз мұны оқыды ма екен? Әй, қайдам! Әйтеуір білетінін жасайды. Ал қазіргі заман кәсіпкері жаңа мүмкіндіктерді көре білетін, қабылдай алатын, оны нарықтық идеяға айналдырып, өмірде жүзеге асыратын тұлға болуы керек. Осындай тұлғаға айналғысы келетін жастарға бұл құнды жолбасшы", – деді мемлекет басшысы.

Ол қазақ тіліне аударылған тағы бір ағылшынша кітап – Рикки Гриффиннің "Менеджмент" атты еңбегі меморгандар үшін де, жеке сектор үшін де аса маңызды екеніне назар аудартты.

"Өйткені мәселенің барлығы менеджментке тіреледі. Неге біз жаппай жекешелендіруді бастадық? Өйткені мемлекет жақсы менеджер емес. Бюджеттен шығатын қаржы болғандықтан оған иесі жоқ қаржыдай қарайды. Содан коррупция, содан ұрлық шығады. Ал егер өндірістің меншік иесі болса, қожайыны барлық қаржысын есептеп, кәсіпорынның пайда әкелуіне, өнімділікті арттыруға жұмыс жасайды. Сондықтан біз үшін менеджмент деген өте қажет нәрсе. Қазір біз мемлекеттік активтерді жекешелендірудің екінші кезеңіне аяқ бастық. Өндірістерді  жекеменшікке беру керек. Мемлекеттің міндеті басқа", – деді президент.   

Іскерлік туралы ойларын түйіндеген Нұрсұлтан Назарбаев философия жайына ойыса келе, "болашақта адамның білім тудырудағы монополиясы жоғалуы мүмкіндігін" мәлімдеді. Қазір адамзат табиғаттың барлық перзенттері ішіндегі өзін ең саналысы санайды. Шынында, білім мен ғылымды жасаушы да адам екені мәлім. Сонда алда онымен кім бәсекелеспек?

"Ғалымдар 2050 жылы адамдардың барлық зияткерлік әлеуетін басып озатын жасанды интеллект қалыптасатынын болжауда. Адамзат өзінен мықты құбылыспен бетпе-бет келеді. Сонда не істейміз? Оны қалай жеңу керек? Бұған дайын болу үшін әлемдегі үздік оқу орындары өздерінің зерттеу орталықтарын құрып жатыр. Оксфордта "Адам болашағы", Гарвардта "Болашақ қоғам" атты философиялық жаңа институттар түзілуде. Осы жайында біз де ойлануымыз керек. Біздің қазақ болашақ заманында қалай күн көреді. Біз жасанды интеллектпен не істейміз? Дамыған елдер жаңа өмірдің парадигмаларын анықтап, ықтимал қатерлердің алдын алу мәселесін ойластыруда", – деді елбасы.   

Сонымен бірге, Қазақстан президенті елімізде жоғарғы оқу орындарын қаптатып құру бермей, керісінше, қолданыстағыларын қысқартуды ұсынды. Әйтпесе, қалталы әрі билікті кейбір тұлғалар жекеменшік университетін ашып алғысы келіп, жоғарғы жаққа қылқылдап, қолқа сала береді екен.     

"Университеттер ғылыми орталыққа айналулары керек, олардың төл зертханалары жұмыс жасауға тиіс. Оларда ғылыми ізденістер арқылы тапқан өнертабыстарын өндіріске ендіретін құрылымдары болуы қажет. Осылайша, бизнеспен тығыз ынтымақтасып, коммерцияландыруы маңызды. Барлық университеттердің міндеті осы. Неге мен айта беруім керек? Өздерің де білесіңдер, дүниежүзін аралап жүрсіңдер!", – деп мемлекет басшысы үкіметтің жауапты тұлғаларына қайырылды.

Бұл ретте отандық университеттердің көпшілігінің тірлігіне президенттің көңілі тола бермейді екен.

"Қазір күнде министрлікке келіп, "университет ашайық, ашайық" деп отырады. Қалтасына қаржы түссе, университет ашады. Қазақстанда 130 жоғарғы оқу орны бар. Оларды қысқарту керек! Бізге олардың саны емес, сапасы керек. Бүгінде рейтинг жүргізіледі, соның аясында ай-ти саласы, техникасы, инженерлік бағыты бойынша жетістігі қандай деп қарағанда, барлық үлкен университеттеріміз артта қалды. Шағындау жеке университеттер алға шығып отыр. Демек, ана университеттер өздерінен өздері қалады. Біз оларға грант бере алмаймыз. Халыққа да түсіндіреміз: "Олардан ештеңе таба  алмайсыңдар" деп. Ендеше университеттер ары қарай сақталып қаламын десе, заманға сай болуға тиіс", – деп қатаң ескерткен елбасы жастарға қайырылды:

"Құр әшейін диплом алу үшін емес, заманауи білім-ғылым игеру үшін оқу керек. Әйтпесе, біз одан да өткенбіз, дипломды "қалтқы" деп атайтын: диплом алып шықсаң, өлмейсің, батып кетпейсің дейтін. Ал енді қалтасында бірнеше дипломы бола отырып, жұмыс таба алмай жүргендер бар", – деген Нұрсұлтан Назарбаев студенттерінің 80-85 пайызы 3-4-ші курстарда-ақ бизнес тарапынан және өндірістерде сұранысқа ие болып, жұмысқа тұрып алатын университеттер мемлекеттік қолдауға лайық екендігін айтты.   

Қазақстан президенті сондай-ақ ата-аналарға да үндеумен қайырылды:

"Кейде балаларды аяйсың. Онсыз да олардың оқу жүктемесі үлкен. Тәулік бойы оқумен жүреді. Бірақ қазір аясаң, ертең олар сені сөгетін болады. Кезінде бізді, менің замандастарымды көп оқытқан да жоқ. Қалай оқытсын? Ересектердің ең басты мақсаты – аштан өлмей, аман қалу, жан бағу болды. Ал қазір баланы замануи білімді игеруге міндеттеу керек. Қатаң талап ету қажет. Еуропалық ұлы философ Шопенгауэр бала жасында әкесінің үш күн бойы аштықта ұстағанын, сөйтіп, оқуға ұсынылғанды игеруге міндеттегенін жазады. Ұлы композиторларды да ата-аналары осылай тәрбиелеген. Әрине, бала жаста бұл ұнамаған да шығар. Бірақ кейін бұған адамзат алғыс айтады", – деген Нұрсұлтан Назарбаев балалардың үш тілді игеруі қажеттігін, сонда нарықта бәсекеге қабілетті болатынын нықтады.

Мемлекет басшысы "болашақта қытай тілін де үйренуге көңіл аудару керектігін" жеткізді: "Ол біздің экономикада да, өмірде де ең үлкен серіктесіміз болып келе жатыр".

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу