Хэллоуин мерекесін тойлау Корея халқын қаққа жарды

2095

"Таң самалы еліндегі" Қазақстан тұрғыны қаза тапқан қайғылы оқиға Оңтүстік Корея лидерінің отставкаға кетуіне соқтыруы мүмкін. 

Хэллоуин мерекесін тойлау Корея халқын қаққа жарды Фото: france24.com

Жалпы әлеуметтік желіде пікір білдіргендер дамыған елде мұндай сорақылыққа қалайша жол берілгеніне қайран қалуда. Бұл мәселе кореялық қоғамды да мазалады. Халықаралық ақпарат құралдары "барлық әулие күні" мерекеленген жерде көше күрт төмен қарай ылдилай жөнелетініне назар аудартады. Қалың нөпір халық әлдебір "жұлдыздардың" келгенін естіп, жөңкіле жөнелгенде, дәл сол тұста жардан қарғығандай, бірінің үстіне бірі апыр-топыр құлаған. Бірін-бірі басып, тапап тастаған. Оқиға орнынан түсірілген кадрлар жан түршіктіреді.

Медицина қызметкерлерінің дерегіне сүйеніп, Deutsche Welle хабарлағандай, қаза тапқандардың көпшілігінің қыспақтан және паникадан жүректері тоқтап қалған.

Бұл алапат қасірет Корея қоғамын екіге жарды. Бір жағы оған билікті айыптаса, екінші жағы керісінше, оппозицияны кінәлайды. Бұған олардың қандай қатысы бар?

Шығыстанушы, Сеулдегі Куньмин институтының профессоры Андрей Ланьков "Novaya Gazeta. Europe" басылымына түсініктемесінде, Хэллоуинді Оңтүстік Кореяда негізінен, қалалық, білімді, батысшыл жастар тойлайтынын жеткізді. Мереке АҚШ-тан тарағандықтан, негізгі мерекелік халықтық серуендер де Сеулдің Итхэвон ауданында өтетін дәстүр қалыптасыпты. Өйткені кезінде сол ауданмен жапсарлас үлкен америкалық әскери база орналасқан. 80-ші жылдары ол ауданда жапондар, басқа да шетелдіктер шоғырлана қоныстанған. Итхэвон "кішкентай Батысқа" айналды, онда шетелдік асханаға маманданған мейрамханалар, батыстық үлгідегі ойын-сауық орталықтары көптеп ашылды. Яғни бұл Батыс мәдениетіне ынтыққан жас корейлер үшін тартылыс ошағына айналды.

Бұрындары америкалық костюмделген мереке осынша кең құлашты түрде атап өтілмепті. Басылымдардың жазуынша, Корея пандемияға байланысты оны тойлауға екі жыл бойы тыйым салып келді. Ал биыл билік коронакризис басталғалы алғаш рет ауқымды халықтық серуенге жиналуға, онда маска тақпауға рұқсат етті. Бірақ мейрамды, бостандықты аңсаған тұрғындардың бірден 100 мыңдайы соған қатысады деп күтпесе керек. Бүкіл Итхэвон ауданында небәрі 137 полицей ғана жұмыс істеген. Оларда топты басқару, серуеншілерді бағдарлау жоспары болмаған. Тосқауылдар қойылмады, сақтандырушы жазулар да ілінбеді.

Оның үстіне Хэллоуин мерекесін ешқандай ұйым бір жерден үйлестіріп, ұйымдастырмаған, бәрі бейберекет жүрген. Салдарынан, қаптаған қарақұрым жұртқа биіктен жол нұсқап, жөн көрсетіп тұратын волонтерлар жетіспеген. Карнавал думанына шалқып, теңіздей толқыған тобырға еріп, ілгері жылжыған адамдар алдағысын көрмеген. Мұндайда кілт тоқтаған не жығылып қалған жанды арттағы лек тапап өтетіні белгілі.

Содан тау өзеніндей тасқындаған қалың топ төмен құлдилай жөнелетін, әрі ені 4-5 метр ғана болатын тар көшеге келіп тіреледі. Трагедияның негізгі ошағы да сол болған. Шамамен 22:15 шамасында сол тұстағы Hamilton қонақүйінің қасында, алдымен қыспаққа қалып, сығылысқан бірнеше адам сүрініп кетеді. Олардың соңынан басқалары құлай бастайды. Жанұшыра шыңғырған дауыстар жиналғандар арасында үрей тудырып, оның арты дүрбелеңге ұласқан. Жарты сағаттай жалғасқан қырғын салдарынан жүз елуден астам адам жантәсілім етті. Көптеген адам жараланып, мертікті.

Көз жұмғандар арасында нәзік болмыс иелері басым: 156 құрбанның 101-і қыз-келіншектер. Олардың басым көпшілігі жастар. Мерт болғандардың 104-і 20-30 жас аралығындағы қыршындар. 

Құтқарушылар шұғыл ден қойды. Жедел жәрдем мен құтқару қызметтерінің алғашқы машиналары 10-15 минуттан соң оқиға орнынан табылды. Алайда зардап шеккендерге тобыр арасын жарып өту қиынға түскен. Түн ортасында ол маңда алапат апат болғаны анықталды. Қайғылы оқиға ошағына биік лауазымды шенеуніктер, ішкі істер, денсаулық сақтау министрлері келе бастады. 

Шығыстанушы Андрей Ланьковтың айтуынша, бүгінде оңтүстіккореялық оппозиция Итхэвондағы трагедияны Үкіметке шабуыл мақсатында белсенді пайдаланып жатыр. Олардың алға тартатыны: біріншіден, қайғылы оқиғалар Президенттің жаңа резиденциясының дәл іргесінде, біржарым шақырым жерде орын алды. Халық қырылып жатқанда, ел Президенті Юн Сок Ёль өз сарайында отырған.

Соған қарамастан, оппозицияның байламынша, ол ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мән бермеген. Екіншіден, қанды оқиға болып жатқанда, жедел үн қатпаған.

"Оппозиция тарапынан тағылып отырған айыптардың біріне тоқталсам, лауазымына кірісе сала, Оңтүстік Корея Президенті Юн Сок Ёль, азаматтарды айран-асыр етіп, билік ететін орнын бірден ауыстырды. Өз резиденциясын Көгілдір үй деп аталатын сарайдан Итхэвон шетіндегі Ёнсан ауданына көшірді. Оппозицияның дәйектеуінше, осының кесірінен, полиция күшінің елеулі бөлігі Хэллоуинді жаппай тойлаған халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге емес, президенттік резиденцияны қорғауға жұмылдырылған. Ал Үкімет пен оның бақылауындағы медиа оппозицияның өзін күстәналады. Басқа күн құрып қалғандай, дәл сол күні Сеулдің орталығында оппозиция төл бұқаралық демонстрацияларын ұйымдастырды. Соның кесірінен, полицияны өзіне алаңдатты, сөйтіп бұқаралық серуенге қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік бермеді. Бірақ күштер тең емес: осыған ұқсас апаттар кезінде көбіне кінәні биліктегілер арқалайды", – деді шығыстанушы.

Сондықтан билік өкілдері, Сеул мэрі, үкімет мүшелері, ішкі істер министрі, полиция бастығы корея дәстүріне сүйеніп, жұрт алдына шығып, қайта-қайта иіліп, кешірім сұрады.

Оппозицияның лидері, Демократиялық жұмыс партиясының басшысы Ли Чэ Мён Итхэвон қасіреті биліктің біліксіздігін паш етті деп мәлімдеме жасады. Оппозициялық депутаттар да жауаптыларды тауып, қатал жазалауды талап етуде.

Сарапшылар мұның соңы Президенттің отставкасымен аяқталуы ықтимал деп болжам жасады. Негізсіз де емес: "Таң самалы елінің" бергі тарихында техногендік немесе табиғи апаттардың салдарынан ел басшылығының орынтағы шайқалып кеткен кездер аз болмаған. Мысалы, 2014 жылғы сәуірде, айдың-күннің аманында қаптаған адам мінген, көп жүк тиелген "Севоль" алып паромы жағалауға жақын қалғанда, кенет суға батып кетті. Сеул шетіндегі Инчхон қаласынан Чеджу аралына бет алған кеменің апатқа ұшырауы кесірінен 299 адам қаза тапты. Оның арасында субтропикалық аралға экскурсияға аттанған оқушылар көп болған.

Қылмыстық іс аясында паром қожайындары айыпты деп танылды. Бірақ тергеушілер биліктің көз жұма қарауымен жол берілген біраз былықтың бетін ашты. Кеме иелері, жауапты тұлғалар табыс табу мақсатында қауіпсіздік техникасының талаптарын жүйелі түрде елемейтін болған. Халыққа, соның ішінде саяхатшыларға да күн сайын қауіп төнген. Кемелерді басқаруға біліксіз, тәжірибесіз капитандар, мамандар жіберіле беретін болған.

Билікке қарсы күштер сол кезде ауыр айыпты Президент Пак Кын Хе әкімшілігіне жүктеді. Оны төтенше жағдайда жедел ден қоймады деп кінәлады. Бұл айыптың астарында шындық жатқан еді. Қайғыдан қабырғасы қайысқан корей қоғамы Президенттен теріс айналды: оның рейтингі екі ай ішінде 60%-дан 40%-ға дейін құлдырады. Қанша жерден халыққа ұнауға тырысса да, ел басшысы елдің көңілін таба алмады. "Севоль" паромы оның беделін де тұңғиыққа ала кетті. Ақыры биліктегі дағдарыстың соңы Президенттің импичментімен аяқталды.

Әзірге Хэллоуин қырғынының қандай саяси салдарлары болатыны белгісіз. Аза тұтқан, қан жұтқан кореялықтар бұл трагедияға кімнің айыпты екенін білмейді. Халықтық серуенді ұйымдастырушылардың болмауы нақты бір тұлғаларды айыптауға мүмкіндік бермеді. Сондықтан билік аудандық әкімшілік пен жергілікті полициядан біреулерді сотқа сүйреп, жазалы етуі мүмкін. 

Ұлтқа үндеумен жүгінген Оңтүстік Корея Президенті Юн Сок Ёль өлгендерді жерлеу, жаралыларды емдеу шығындарын мемлекет өз мойнына алатынын хабарлады. Ол болған оқиғаға қатысты мұқият тергеу жүргізілетініне және мұндай оқиға енді қайталанбауы үшін барлық жағдай жасалатынына уәде берді.

Yonhap агенттігінің мәліметінше, Сеул трагедиясына байланысты Оңтүстік Кореяда 30 қазанда жарияланған Жалпыұлттық аза тұту 6 қарашаға, түн ортасына дейін жалғасады.

Еске сала кетер болсақ, қайғылы оқиға Сеулде 29 қазанда, Хэллоуин мерекесін тойлау кезінде болған. Соңғы деректерге сәйкес, салдарынан 156 адам қаза тапқан, оның ішінде 26-сы шетелдік. Соның біреуі – қазақстандық, төртеуі – ресейлік бойжеткендер. Өзбекстан тұрғыны да қайтыс болды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу