ХХ ғасырдың бағытын өзгерткен Горбачев 91 жасында дүние салды

2854

Ол ешқашан кеңестік жүйені жоюды мақсат еткен жоқ, КСРО-ны жақсартқысы келді.

ХХ ғасырдың бағытын өзгерткен Горбачев 91 жасында дүние салды

"Қырғи қабақ" соғысты қантөгіссіз аяқтап, Кеңес Одағының ыдырауына жол ашқан Михаил Горбачев сейсенбі күні 91 жасында қайтыс болды.

КСРО-ның соңғы президенті Горбачев Екінші дүниежүзілік соғыстан бері Еуропаны екіге бөлген "темір пердені" алып тастау үшін Америка Құрама Штаттарымен қару-жарақ санын қысқарту туралы келісімге қол қойып, Батыс державаларымен серіктестік орнатты. Бірақ оның ішкі реформалары Кеңес Одағын ыдырауға жетелеп, бұл жағдайды Президент Владимир Путин "ХХ ғасырдың ұлы геосаяси апаты" деп атағаны белгілі. Ал 2018 жылы Путин мүмкін болса, Кеңес Одағын қайтаратынын айтты. 

"Михаил Горбачев ауыр әрі ұзаққа созылған науқастықтан өткен түні қайтыс болды", – деп хабарлайды Ресейдің Орталық клиникалық ауруханасы. Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков марқұмның отбасы мен жақындарына Путиннің "күрсініп көңіл айтқанын" хабарлады.

Әлем лидерлері болса, Горбачевке құрмет білдіруге асығып жатыр. Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен 1990 жылы Нобельдің бейбітшілік сыйлығымен марапатталған Горбачевтің еркін Еуропаға жол ашқанын атап өтті. Ал АҚШ Президенті Джо Байденнің пікірінше, "жариялылық пен қайта құрудың жалаң ұран емес, Кеңес Одағы халқын ұзақ жылдық оқшауланудан болашаққа жетелегенін мәлімдеді.

Британ Премьер-Министрі Борис Джонсон Путиннің Украинаға басқыншылығын ескере отырып, Горбачевтің "кеңес қоғамын ашықтыққа жеткізу жолындағы тынымсыз ұмтылысы бәрімізге үлгі болып қала береді" деді.

Батыспен серіктестік

Михаил Горбачев билікке келгенге дейін Кеңес Одағы Америка Құрама Штаттарымен мәңгілік тайталасқа түскен мызғымас державадай көрінді. Алайда Горбачев таңғаларлық реформалар сериясымен мұның бәрін өзгертіп, 20-шы ғасырдың бағытын өзгертті.

Билігінің соңында ол өзі бастаған дауылды тоқтатуға дәрменсіз болды. Дегенмен Горбачев 20 ғасырдың екінші жартысына кез келген саяси қайраткерге қарағанда көбірек әсер еткен тәрізді.

"Мен өзімді елге, Еуропа мен әлемге қажет реформаларды бастаған адам ретінде көремін", – деді ол 1992 жылы "Ассошиэйтед пресс" тілшісімен болған әңгімеде.

Рональд Рейганмен, Маргарет Тэтчермен бірге Горбачев адам сенгісіз жаһандық драманың (КСРО-ның күйреуі) басты кейіпкеріне айналды.

Горбачевтің тұсында Берлин қабырғасы құлап, мыңдаған саяси тұтқын босатылып, тек коммунизмді білген миллиондаған адам алғаш рет бостандықтың нағыз дәмін татты.

"Ол Ресейдегі және оның айналасындағы жүздеген миллион адамға, сондай-ақ Еуропаның жартысына еркіндік берді", – дейді бұрынғы ресейлік либералдық оппозиция жетекшісі Григорий Явлинский.

Алайда Горбачев өмірінің соңында мұрасының күйрегеніне куә болды. Өйткені Ресей армиясы Украинаға басып кіргеннен кейін Батыс Мәскеуге қарсы санкциялар жариялап, Ресейде де, АҚШ пен Еуропада да саясаткерлер "қырғи-қабақ" соғыс жайлы қайта айта бастады.

"Горбачев өзінің өмірлік еңбегі мен бостандығын Путин іс жүзінде жойған сәтте символдық түрде қайтыс болды", – дейді Халықаралық бейбітшілік үшін Карнеги қорының аға ғылыми қызметкері Андрей Колесников.

ТАСС агенттігінің дерегінше, Горбачев Мәскеудегі Новодевичье зиратында 1999 жылы қайтыс болған әйелі Раисаның қасына жерленеді.

1989 жылы коммунистік Шығыс Еуропадағы кеңестік блок елдерін демократияны талап еткен шерулер дүбірлеткенде, Горбачев ол мемлекеттерге әскер кіргізген жоқ.

Айта кетсек, 1956 жылы Венгриядағы, 1968 жылы Чехословакиядағы көтерілістерді басып-жаншу үшін бұрынғы Кремль басшылары Будапешт пен Прагаға танктер жібергені белгілі.

Шығыс Еуропадағы толқулар сол кездегі советтік 15 республикада тәуелсіздікке ұмтылысты күшейтіп, Кеңес Одағының бейберекет ыдырауына әкеп соқты.

1991 жылы тамыз төңкерісі кезінде партияның қатал бағыт ұстанған лидерлерінің екпінімен қысқа уақытқа биліктен тайдырылған Горбачевтің бұл күйреуді тоқтатамын деген әрекеті зая кетті.

Турбулентті реформалар

"Горбачев дәуірі – қайта құру дәуірі, үміт дәуірі, зымырансыз әлемге ену дәуірі... бірақ бір қателік сол: біз өз елімізді жақсы білмедік", – дейді Горбачев Кеңес Одағының басшысы болған кезде оның протоколдық кеңсесін басқарған Владимир Шевченко РИА Новости агенттігіне берген сұхбатында.

1985 жылы небәрі 54 жасында Кеңес Коммунистік партиясының бас хатшылығына келгенде, Горбачев шектеулі саяси, экономикалық бостандықтарды енгізу арқылы советтік жүйені жаңартуға кірісті. Бірақ ол реформалар бақылаудан шығып кетті.

"Жақсы адам еді, әдепті еді. Менің ойымша, оның трагедиясы өзі басқарып отырған ел үшін тым әдепті болғанында жатыр", – дейді Горбачевтің өмірбаяншысы, Массачусетстегі Амхерст колледжінің құрметті профессоры Уильям Таубман "Рейтерге" берген сұхбатында.

Горбачевтің "гласность" саясаты партия мен мемлекетті сынауға жол ашып, Латвияда, Литвада, Эстонияда және басқа жерлерде тәуелсіздікке ұмтылған ұлтшылдарды жігерлендіре түсті.

Көптеген ресейліктер Горбачевті реформалары мен турбулентті дәуірі үшін ешқашан кешірмейді. Өйткені олар өмір сүру деңгейіміз құлдырап, демократия жолында өте жоғары құн төледік деген пікірде.

Украинаның мәскеушіл күштер басып алған бір бөлігіне басшылыққа тағайындалған өкіл Владимир Роговтың сөзінше, Горбачев "Кеңес Одағын әдейі ыдыратып, отанына сатқындық жасады".

"Ол барлығына еркіндік берді, бірақ біз сол бостандықпен не істерімізді білмедік", – дейді либералдық экономист Руслан Гринберг маусым айында Горбачевпен ауруханада кездескеннен кейін.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу