ХҚКО қызметкерлері жұмыс жағдайы мен төмен жалақыға шағымдануда

3182

Пандемия жағдайында үлкен салмақ түскен секторлардың бірі – "Азаматтарға арналған Үкімет" мемкорпорациясына қарасты халыққа қызмет көрсету орталықтары. Таяуда алдын ала броньдау жойылғалы бері азаматтар осы орталықтарға лап қойды.

ХҚКО қызметкерлері жұмыс жағдайы мен төмен жалақыға шағымдануда Фото: Максим Морозов

Әлеуметтік желіде ХҚКО алдындағы "шақырымдық" кезектер бейнеленген видеолар тарауда. Ал орталық қызметкерлері жүйкесі жұқарып бітудің аз-ақ алдында жүрген көрінеді, деп жазады Inbusiness.kz.

"Бір терезедегі" қыз неге жылайды?

ХҚКО қызметкерлері этикасы мен корпоративтік мәдениетінің қағидаларына сәйкес, орталықтардың әрбір жұмыскері сырт келбетімен өз қызметінің беделін нығайтуға ықпал етуге тиіс. Яғни, олар күн сайын мұнтаздай таза, ұдайы үтіктелген киім киіп жүруі шарт. Бұған қоса, мемлекеттік қызмет көрсету кезінде клиентке жақсы қарап, іскерлік, ұстамдылық және ұқыптылық танытуы қажет. Қағидаларды орындау ХҚКО қызметкерлері үшін міндет. Осы талаптарды қатаң сақтау үшін әрбір қызметкер дербес жауапкершілік арқалайды.

Елорда тұрғыны Жадыра ХҚКО-ның бұрынғы қызметкері, қиын еңбек жағдайына шыдамай, шығып кеткенін жасырмайды.

"Жалақысы тым аз. Қолымызға 70-80 мыңдай ғана аламыз. "Күн сайын әрбір клиентті күлімдеп қарсы алуға тиіссің",– дейді басшылық. Ал орталыққа адамдар айғайлау үшін, міндетси келеді. Бүкіл билікке деген ашынысын, запыранын бізге бағыттайды, барлық меморгандағы шенеуніктердің жіберген кемшілігі үшін ел алдында біз жауап береміз. Кейде күні бойы жұрт бізге айтатын сынды, былапыт пен боқтықты, қарғысты, жала жапқан сөздерді тыңдап-тыңдап, кешке үйге келіп, жылап аламын. Кейде автобуста жылап отыратынмын", – дейді ол.

Шыдамаған қызметкерлер ауыр жағдайын айтып, жоғарыға шағымданатын көрінеді. Ол бойынша тиісті өзгерістер енгізіп, олқылықты түзету орнына тексерушілер келіп, ұжыммен әңгімелесу өткізеді. Әрине, кімнің жұмыссыз қалғысы келсін, қызметкерлер еш шағымы жоқ екенін айта салады. Сонымен бәрі "жабулы қазан" күйіне көшеді деседі.

Жадыра орындарында қалған жолдастарын аяйды.

"Таңнан кешке дейін мардымсыз жалақыға ақ тер, көк тер жұмыс істейді. Жалақысын көтермейді. Ең құрығанда, адамдар түсіністікпен, құрметпен қарап, моральдық тұрғыдан олардың еңсесін езбесе екен", – дейді ол.

Мемкорпорация өзгерістердің 3-кезеңіне кірді

Төмен жалақыға қатысты деректі қызметкер Гүлзина Рыспай растады.

"Алдағы уақытта ХҚКО-ларда қызмет атқарып жатқан мамандардың жалақысын көтеру жоспарда бар ма екен? Қазіргі әлеуметтік-экономикалық жайдайды, инфляцияның шарықтауын ескерсек жалақы мардымсыз екені аңғарылады: бар болғаны қолға алатыны 70–80 мыңды құрайды", – деді ол.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысовтың айтуынша, "Азаматтарға арналған Үкімет" мемкорпорациясы еңбекақыға талдау жүргізіп, оның нәтижесі бойынша қызметкерлерді әлеуметтік қолдауды кезең-кезеңмен жақсарту бағдарламасы әзірленген.

"2019–2020 жылдары І және ІІ кезеңдері жүзеге асырылды. Оның барысында әкімшілік шығыстар қысқартылды. Нәтижесінде халыққа қызмет көрсету бөлімдері, яғни фронт-офис қызметкерлерінің лауазымдық айлықақыларын арттыру арқылы қызметкерлерді әлеуметтік қолдау шараларын күшейту жүзеге асырылды.   Мемкорпорацияның ақпаратына сәйкес, бүгінгі таңда келесі үшінші кезең басталды", – дейді вице-министр.

ІІІ-ші кезеңде келесі іс-шараларды жүргізу жоспарланған. Біріншіден, функционалдық талдау жүргізіледі. Реинжиниринг, процестерді ішкі автоматтандыру жалғасады. Көрсетілетін қызметтердің тарифтері қайта қаралады, бұл орталықтар табысының артуына әкелуге тиіс.

"Бұған қоса, бөлек есепке алуды енгізу, әкімшілік шығыстарды ары қарай оңтайландыру, осылардың негізінде лауазымдарды грейдерлеу жүргізілетін болады. Соның қорытындысында қызметкерлердің материалдық әл-ауқатын арттыру мүмкіндігі қарастырылатын болады", – деп сендірді Әсет Тұрысов.

Азаматтарға бір терезе қағидатымен өте ыңғайлы қызмет көрсететін ХҚКО-ға барған әрбір адам онда өзін ұқыпты, әдепті, білікті әрі шын пейілмен күлімсіреген қызметкердің қарсы алғанын қаласа керек. Егер жалақы көтерілсе, осыған да жағдай жасалмақ.

Телефонмен көбірек сөйлессе, көбірек жалақы алады

Осының алдында 1414 Бірыңғай байланыс орталығындағы жалақының аздығы кесірінен онда кадр тұрақтамайтыны туралы мәселе көтерілген. Салдарынан, азаматтар пандемия кезінде осы Call-орталыққа хабарласа алмағанын айтып, шағым боратып жатты.

Енді "Азаматтарға арналған үкімет" бірыңғай байланыс орталығы операторларының жалақысын екі есе көтеріп жатқанын мәлім етті. Бұған барлығы емес, тек бірнеше өңірдегі ұжымдар іліккен. Жұмысшыларды ынталандыру мақсатында биылғы 1 шілдеден бастап мемкорпорация 1414 бірыңғай байланыс орталығы бөлімдері операторларының жалақысы бойынша кесімді-сыйлықақылы төлем жүргізу пилоттық жобасын іске қосты. Оған Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола, Қызылорда, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы Сall-орталықтары бөлімдерінен 106 оператор кірді.

Жаңа жүйе бойынша пилоттық жобаға қатысушылар өз жұмысының сапасына қарай көбірек табыс табуға мүмкіндік алады. Бұл ретте 1 күндік орташа көрсеткішті орындаса, яғни 90 қоңырау қабылдаса, ең төменгі жалақыны алады. 90-нан жоғары әрбір қоңырау үшін үстеме төлем қосылып отырады. Бірақ бәрібір 170 мың теңгеден көп ала алмайды. Қанша тырысса да, шекті меже бар.

"Байланыс орталығының операторлары 90 мың теңге жалақы алады. Пилоттық жобаға кіргендердің 2 есе көп табыс табу мүмкіндігі бар. Жаңа жүйе бойынша ең жоғарғы жалақы мөлшері салық шегерімдерімен қоса алғанда 170 мың теңгені құрайды. Пилоттық жобаның бірінші айының қорытындысы бойынша 106 оператордың 61-і ең жоғары деңгейге жете алды. Тағы 25 адам нормативін орындап, жоғары жалақы алды. Алғашқы нәтижелер бар: пилотқа қатысушы операторлардың орташа еңбек өнімділігі 114%-ға өсті. Егер бұрын бір оператор күніне 62 қоңырау қабылдаса, қазір 133 қоңырауға жетті. Пилоттық жоба жалғасып жатыр", – деді мемкорпорацияның басқарма төрағасы Әділ Қожықов.

Биылғы 2021 жылғы 1 сәуірден бастап 1414 Бірыңғай байланыс орталығы "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ-дан алынып, "Азаматтарға арналған үкімет" қарамағына өтті. Қызметкерлердің жүктемесін азайту үшін Петропавл, Көкшетау, Қызылорда және Қостанай қалаларында Call-орталығының қосымша кеңселері ашылды. Операторлардың жұмыс барысына онлайн-мониторинг жүргізілді. Дауысты роботтың жұмысы жаңартылды. Омниканалдық платформа енгізілді. Операторларға қосымша оқыту жүргізілді.

ХҚКО және eGov.kz порталы арқылы мемлекеттік қызметтерді алу мәселелері бойынша байланыс орталығына ай сайын 1,5 миллион қоңырау келіп түседі. 1 шілдеден бастап 1414 әлеуметтік-еңбек саласы бойынша қоңырауларды да солар қабылдай бастады. Бұрын осы мәселелер бойынша басқа, 1411 нөміріне хабарласу қажет болатын.

Осы жаңа тетік Call-орталығы маманын тоқтаусыз шылдырлаған телефон қоңырауларын кіжініп, үзіп тастай бермей, керісінше, қуана қабылдауына ынталандырса керек. Ал ХҚКО қызметкерлеріне жалақы көтерілуін ары қарай күтуіне тура келетінге ұқсайды.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу