Иесіз қалған мүліктің "тағдыры"

Кенже Жомарт Кенже Жомарт
9057

Қазақстанда жақыны жоқ адам қайтыс болған соң оның мүлкін билік иемденеді. 

Иесіз қалған мүліктің "тағдыры"

Мұрагерлік туралы көптің біле бермейтін бір тұсы осы. Мұра алудың шарттары әлі де көп.

Исламды дәстүрмен берік сабақтастырған қазақ өсиет, мұра, аманат деген ұғымдарға ерекше мән берген. Тіпті, мал-мүлікті ұрпақ үшін ғана жинаған деуге болады. Бұрынғының әкелері көлденең кеселден жүріп кетпесе, қартайып, сырқаттанып жатқанда, ұл-қызын жанына шақырып, әрқайсысына ауызша өсиет айтып, мұра қалдыратын еді. ХХ ғасырдың соңына дейін, яғни, батыс елдерінің "өсиет хат" тенденциясы белең алмағанша, бұл дәстүр бұзылмаған.

Мұрагерлікке қазақ қазір де өте көп мән бергенмен, айтып өткеніміздей, бұрынғыдай ауызша аманат қалдыру деген жоғалып барады. Өйткені, ұрпақтары әке мұрасына таласатынды шығарды. Оның үстіне, қазір ажал аяқ асты, таңертең үйінен шыққан адам кешке үйіне оралмай жатыр. Сондықтан, өсиет хат қалдыра алмаған адамның мүлкі не болмақ деген мәселені қаузап, мұрагерлікке қатысты халыққа пайдалы ақпарат ұсынуды жөн көрдік.

Өсиет хат пен мұра қалдырушыны шатастырмау керек

Заңгер Виктория Ильинаның айтуынша, адамдардың көбі қазір расымен де бала-шағасының арасында талас болмасын деген ниетпен ғана өсиет хат жазады.  Бірақ, өсиет хат жазатын адамның заңды статусы бір бөлек те, мұра қалдыра алатын адамның статусы мүлде бөлек.

"Өсиет қалдырушы адам мен мұра қалдыратын адамның аражігін ажыратып алу керек. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіндегі 1046 баптың 1 бабы, 1 тармақшасына сай, ақыл-есі дұрыс, қандай да бір әрекетке қабілетті, өзінің азаматтық міндеттерін білетін және азаматтық құқығын орындата алатын адам ғана өсиет хат жаза алады. Ал, мұра қалдырушы дегеніміз – қартайса да, сырқаттанып жатса да, ақыл-есі орнында болмаса да мұра қалдыра алатын адам", – дейді Виктория Ильина.

Бірақ, өсиет хаттың неше жыл бұрын жазылғанына, мұра қалдырушының неше жыл сырқаттанып жатқанына қарамастан, қандай да бір мүлік ол көз жұмғаннан кейін ғана мұра болып саналады.

Өсиет хатты қалай, қашан жазған дұрыс?

Дәстүр мен діннен таймаған қазақ ырым-тыйымдарға да қатты сеніп, "жаман болады" дегеннің бәрінен аулақ жүруге тырысқан. Өсиет хатты "өлім хат" деп ұғынған қазақ үшін өлмей тұрып, мұра қалдыру, мүлкін бөлу де жаман нышан болатын.

Дегенмен, заңгер Виктория Ильина соңғы уақытта өсиет хат жазатындардың саны күрт көбейіп барады дейді. Басым көпшілігі "өлгеннен кейін ұрпағым дүниеме таласты" деген жаман атақтың алдын алайын деген соқыр үмітпен жетіп келеді екен. Өсиет хат қалай, қашан және кімдердің қасында жазылатынын, қандай жағдайда жазылған хат заңсыз екенін біле бермейді.

"Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің 2012 жылғы 31 қаңтардағы №31 бұйрығына сәйкес, мұра мен өсиет хатты Әділет министрлігінде тіркелген нотариус рәсімдей алады. Яғни, мұра қалдырамын деген адамың қасынан білімді заңгер табылса жеткілікті. Ары қарай рет-ретімен айтайын.

Біріншіден, өсиет хат жазамын деген адам мүлкінің бар-жоқтығын ресми құжатпен растамай-ақ қойса болады. Өсиет хатты адам қай жерде жазып отырғанын және қай сағатта жазғанын көрсете отырып, өз қолымен жазады.

Екіншіден, бірнеше адам жазған өсиет хат және біреу арқылы (көмекшісі, өкілі, жеке заңгері, балалары және тағы да басқалар) жазылған өсиет хат заңсыз.

Үшіншіден, өсиет хатты адам өз қолымен жаза алмайтын жағдайда болса, нотариус куәгерлердің көзінше теріп беруге құқылы.

Төртіншіден, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 1050 бабы, 4 тармағында көрсетілген адамдар өсиет хат жазып отырған адамға куәгер бола алмайды. Бұл баптағы категориядан тыс адамдар нотариуста куәгер болуы керек.

Бесіншіден, егер өсиет хат қалдырамын деген адам ауырып жатса және нотариустан гөрі, ертіп келген куәгеріне көп сенсе, нотариустың көзінше сол адамға өсиет хатын жаздыра алады және өсиет хаттың мәтінінде міндетті түрде кімнің не себепті өз орнына өсиет жазып отырғанын айтады.

Алтыншыдан, өсиет хатқа қолын қоя алмайтын адам нотариустың көзінше өзінің куәгеріне қол қойдыра алады.

Жетіншіден, өсиет қалдырушы адамның тілегіне сай, мазмұны құпия, яғни, нотариусқа да белгісіз мазмұнды хат қалдыра алады. Тек бір дана. Бұл хатты өсиет қалдырушы адам ешкімге жаздыра алмайды, тек өз қолымен жазып әкелуі тиіс. Нотариус екі куәгердің көзінше хатты конвертке салып, сыртын рәсімдеп, оған таңба салады. Конверт нотаруиста сақталуы керек.

Қалған мұраға кім ие?

Өсит хат бола тұра, кейде мұрагер ол мүлікті жеке өзі ғана немесе мүлде иелене алмауы әбден мүмкін. Бұл тәртіп заңмен мықтап бекітілген. Адам өз мүлкін бірнеше баласына ортақ мұра қылып қалдыратын жағдайлар көп. Бұндай жағдайда балалар сол мұрадан тепе-тең үлес алады.

Қайтыс болған адамның жақындары оның мұрагерін мұраға ие болуға лайық емес деп тапса, сотқа шағымданып, оны мұрагерліктен айыра алады.

Егер өсиет қалдырған адамның мұрагері өзінен бұрын өліп кетсе немесе мұрадан бас тартса, болмаса, мұраға иелене алмайды деп тапса, өсиет хаттағы мұрагерді ауыстыра алады.

Мұрагері жоқтың мүлкі кімге олжа?

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сай (1071 бабы), егер адамның заңды мұрагері жоқ болса немесе ол мұрагерінің қайда екені белгісіз болса, сол адам тұратын қаланың, ауылдың, ауданның жергілікті билігі нотариусқа мүліктің басқару құқығын беру туралы өтініш түсіреді. Егер мұрагер табылса, басқару құқығы мұрагерге өтеді.  

"Егер адамның заңды мұрагері жоқ болса немесе мұрагерлерінің бәрі мүлік құқығынан айырылса, Азаматтық кодекстің 1045-бабына сәйкес, мұра иесіз мүлік болып саналады. Мұндай иесіз мүлік жергілікті атқарушы органның коммуналдық меншігіне өтеді", – дейді заңгер Виктория Ильина.

Кенже Жомарт

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу