Илон Маск әлемдегі әрбір адамнан айына 1 доллардан "алым" жинамақ

6584

Бұл мақсатта америкалық миллиардер Twitter-ді пайдаланатын болады.  

Илон Маск әлемдегі әрбір адамнан айына 1 доллардан "алым" жинамақ Фото: РИА новости

Егер сіз хабарыңызды, мәлімдемеңізді, үндеуіңізді, әзіліңізді немесе басқасын лезде бүкіл әлем оқысын десеңіз, онда оны Твиттерге жазғаныңыз жөн. Мамандардың түсіндіруінше, өзге әлеуметтік желілерге қарағанда, Twitter-дің басты 2 артықшылығы бар, бұлар – жеделділігі және жаһандылығы.

Facebook, Youtube, Instagram, WeChat және басқасына қарағанда, Твиттерде шешуші сөздер бойынша іздеу жақсырақ жолға қойылған. Ол тіпті кез келген пайдаланушының бірер секунд бұрын ғана жазған туитін лезде тауып бере алады.

Әрине, бұл әлеужеліде де шектеулер жетерлік. Ең бастысы – онда жариялауға болатын мәтіннің көлемі қатаң шектеледі. Бұрын, бастапқыда көлемі 280 символдан аспайтын твитті ғана орналастыруға рұқсат етілетін. Былтыр бұл көлем 4 мың, ал 2023 жылғы сәуірден бастап, 10 мың символға дейін арттырылды.

Дегенмен, басты шектеулер қатары күрт артқалы тұр. Бұл шектеу миллиардер, SpaceX ғарыш компаниясының негізін қалаушы, Tesla архитекторы және басшысы, жасанды зерде жасайтын Neuralink пен OpenAI тең құрылтайшысы Илон Маскты күрт байытуы мүмкін.

Маск 2022 жылғы қазан айының соңында Твиттерді 44 миллиард долларға сатып алды. Енді ол жаңа бастамасын жүзеге асыруға кірісті: оған сәйкес, бұдан былай бір күнде оқуға болатын посттардың саны қатаң шектеледі.

Бұл санкция осы әлеужеліні пайдаланғаны үшін ақы төлемейтіндерге қатысты болады. 

Twitter қожайыны Илон Маск тіркелген, бірақ верификацияланбаған аккаунттарды пайдаланушылардың бұдан былай күніне 1000 твиттен артық оқи алмайтынын мәлімдеді.

Ал жаңа аккаунттардан кірген верификацияланбаған пайдаланушылар одан қатты шөміштен қағылады. Оларға күніне небары 500 жазба ғана қолжетімді болады.

Бұл ретте есептік жазбалары верификацияланған пайдаланушылар (Twitter Blue жазылымының иегерлері) күніне 10 мыңға дейін постты қарай алатын болады.

Бірден түсіндіре кетелік, Twitter-де "көкшіл галочканы" алып, верификациялану ақылы: айына 8–11 доллардан төлеп тұру талап етіледі.

Қазіргі уақытта, 2023 жылғы жағдай бойынша Твиттерде аккаунт ашып, пайдаланушылар саны 1,3 миллиардтан асты және күн санап қарқынды көбеюде. Яғни, тұспалдап алғанда, егер солардың бәрі верификацияланса, онда Масктың қалтасына ай сайын 10,4 миллиард доллардан құйылар еді. Бұл еңбектеген сәбиден еңкейген қарияға дейін, Жер планетасындағы әрбір адамның америкалық миллиардерге ай сайын 1,3 доллардан алым төлеп тұруымен тең болар еді.

Бірақ олай болмайды. Өйткені сату кезіндегі аудит көрсеткендей, Твиттердегі 1,3 миллиард аккаунттың 500 миллионы ғана белсенді пайдаланушылар болып шықты. Тағы 400 миллионға жуық аккаунттың бірде бір жазылушысы жоқ.

Сарапшылар дерегінше, 2022 жылы монетизацияланған аккаунттар саны 238 миллиондай болыпты. Дегенмен, ескі көкшіл галочканың иегерлері Twitter Blue-де жаңа жазылымды сатып алуға асығатын емес.

Осының алдында Илон Маск биылғы сәуірден бастап, Twitter Blue-ге сайт арқылы жазылып, айына $8, ал iPhone-нан ұялы қосымша арқылы жазылып, 11 доллар төлеп тұратындар ғана Twitter аккаунттары арасында өзін даралап тұратын көкшіл галочканы ала алатынын ескерткен еді.

Bloomberg хабарлауынша, бүгінде Twitter аккаунттарының 1% ғана көкшіл галочканы иеленген. Агенттік SimilarWeb есебіне сілтеме жасады. Онда биылғы наурызда 116 мың жаңа пайдаланушы Twitter Blue үшін ақы төлегені жазылған. Оның алдында, ақпанда Twitter Blue жазылушыларының саны 300 мыңдай болған. Яғни, ақы төлеушілер саны жарты миллионға таяп қалғанға ұқсайды.

Бірақ SimilarWeb ұялы телефон арқылы тіркелгендерді есепке алмайды.

Соның өзінде бұл аз саналады: Твиттерді белсенді пайдаланушыларының саны 500 миллиондай екенін ескерсек, оның 1% ғана ақы төлеуге келіскен.

Бірқатар сарапшылар Илон Масктың әлемдегі қаптаған ботофермалардан, олардың әрбір аккаунтынан алым-салық жинағалы тұрғанын болжады. Себебі, "Тролльдар фабрикалары" тапсырыстарды толыққанды әрі тоқтаусыз орындау үшін кез келген шектеуден ада, бос болуға тиіс.

Маск Twitter пайдаланушыларының оқуын шектеу шарасы жүйедегі манипуляцияларға тосқауыл қою қажеттілігінен туындағанын және деректерді жинаудың "экстремалды деңгейімен күрес" үшін жасалып отырғанын жеткізді.

Бірақ "Би-Би-Си" Twitter басшысы бұл сөзінде нені астарлап отырғаны түсініксіз қалғанына назар аудартты. ВВС жорамалдауынша, әңгіме жасанды интеллектпен жұмыс істейтін компаниялар пайдаланатын ақпараттың үлкен ауқымы туралы болуы мүмкін. Өйткені оларды автоматты есептеу Твиттерге алапат ауыртпалық түсіреді.

Open AI компаниясының ChatGPT, Google әзірлеген Bard және басқалары чат-боттарды оқыту үшін әлеуметтік желілерді үнемі сүзеді.

Қарапайым тілмен айтқанда, "деректер парсингі" дегеніміз — интернеттен ақпарат аулауды білдіреді. Чат-боттар өз жұмысында негізге алатын "үлкен тілдік моделдер" миллиондаған нағыз адамның сөз саптау стилін сараптап, сол арқылы сөйлем құрауға үйренеді. Сөйтіп, қазіргі заманғы адамдардың қалыпты сөзінен еш айыруға болмайтын контент түзеді. Олар бірінші кезекте Twitter мен Reddit кеңістігін кезіп, олардағы миллиардтаған қысқа мәтіндерді өз мақсатында пайдаланады.

Боттардың өздері де күніне ондаған мың туит генерациялауы мүмкін. Салдарынан жасанды зерделер әлеуметтік желілерді бос сөзге, фейктерге, қоқысқа толтырып жіберді.

Twitter, Reddit және басқа платформалар өз деректерін үлкен көлемде пайдаланушылардан ақша алуға бел буды. 

Биылғы сәуірде Reddit атқарушы директоры Стив Хафеман New York Times газетіне сұхбатында жасанды интеллектпен айналысатын компаниялардың әрекетіне наразылығын жеткізді.  

"Біздің Reddit-тің деректер корпусы шынымен де құнды. Сондықтан біз әлемдегі ірі компанияларға осынау құнды материалымызды тегін бергіміз келмейді", — деді ол.

Оның үстіне Маск бұл қадамға амалсыздан барса керек: оның компанияда жүргізіп жатқан аласапыран реформаларымен келіспеген ірі жарнама берушілер Твиттерді тастап кете бастады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу