Имамдарға әлеуметтік желіге шыға бермеңдер, "лайк" баспаңдар дейді

1022

Әлеуметтік желілер ұшы-қиыры жоқ ақпараттық кеңістікке айналғаны қашан. Оның жақсы жағы да, жаман жағы да бар деп жатады. 

Имамдарға әлеуметтік желіге шыға бермеңдер, "лайк" баспаңдар дейді Фото: Өзбекстан мұсылмандары басқармасы

Әлеуметтік желілердегі мың-сан хабарлардың ішінен пайдалысын әрі керегін сүзіп алатындарды көзі қарақты, көкірегі ояу адамдар дейміз. Олар өз биігінің шеңберінде талдау жүргізеді және қорытынды жасайды. Сөйтіп әлемді алақандағыдай көріп отырады, өзіне қажетсіз ақпараттарға назар салмайды.

Шыны керек, әлеуметтік желілерде халықтың қалыптасқан көзқарасы мен ұстанымдарын бұрмалауға бағытталған насихат та жиі кездесетін болған. Оң-солын жөндеп танымайтын бірбеткей адамдар, әсіресе санасы әлі толықпаған жастар кез-келген насихатты жұта беруге бейім тұрса керек. Бұл проблема қоғамдық-саяси өмірге ғана емес, дін істеріне де тән болып тұр. Дін атынан әлеуметтік желілерден сөйлеушілер көбейді. Асыл дінді сөз етушілердің бәрі бірдей оқымысты, ғұлама деп айта алмайсыз. Ішінде таяз адамдар да кездесіп жатады. Тіпті желіде сөздері анайы, өздері жағымсыз насихатшылар да жүреді. Имаммын, ұстазбын дегендердің арасында да діннің тұнығын сақтай алмай сөз сөйлеушілер бар деп жатады.

Міне, мұндай проблемаға көршіміз Өзбекстан жұртшылығы көз жұма қарап отыра алмайтынын тағы да көрсетті. Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасы имамдарға әлеуметтік желілерге шығуға шектеу қойды. Бұл жөніне "Азаттық" радиосы жазды. Имамдарға әлеуметтік желіге шығуға тыйым салынуына немесе шектеу қойылуына осы күнге дейін кейбір имамдар желідегі сөздері үшін бастары дауға қалғаны себеп болғанға ұқсайды.

27-мамырда Өзбекстан мешіттеріндегі имамдар әлеуметтік желілерге кірмеу және ондағы жазбаларға "лайк" белгісін баспау туралы ескерту алған екен. Әлеуметтік желіде Ташкент қаласы бас имамының көмекшісінің имамдарға жіберген аудиожазбасы тараған. Аудиожазба таратушы адам имамдардың желідегі сөздері қатаң бақылауда екенін айтқан.

"Біздің келесі тапсырмамыз – әлеуметтік желілерге кірмеу. Мұны қатаң түрде бақылаймыз. Қажыға баратындарға да мұның қатысы бар. Әлеуметтік желіде кез келген тақырыпқа "лайк" қоюға болмайды", – деген бас имамның көмекшісі.

Бұл жағдай имамдардың көңіліне қаяу түсіріп жатқан жағдайы да бар.  Имамдар діни басқарма шешімін қызметімізге мемлекеттік бақылауды күшейту деп санайды. Арасында әлеуметтік желілерге имамдардың шығуын шектеу ар-ождан бостандығы туралы заңға қайшы, біздің қол-аяғымызды байлап жатыр деушілер де бар.

Бұған дейін Өзбекстанда мешіт имамдары мен олардың орынбасарлары жеке төлқұжатын елдегі мұсылмандар діни басқармасы өкілдеріне өткізсін деген пәрмен түскені жөнінде хабар тараған. Мұның себебін имамдардың шетелге кетуіне жол бермеу деп түсіндірген болатын. Имамдардың әлеуметтік желілерге шығуына шектеу қоюға нақты негіз бар ма, жоқ па, кім білсін. Негізінен, Өзбекстан заңында діни уағыз-насихатты тек мешіттерде ғана айтуға рұқсат бар. Көшеде, алаңшаларда, әлеуметтік желілерде айтуға шектеу қойлуы соған байланысты болуы да мүмкін. Өзбекстан Конституциясына сәйкес, дін мемлекеттен бөлек. Діни ұйымдар мен конфессиялар қызметі Өзбекстанның "Ар-ождан бостандығы және діни ұйымдар туралы" заңымен реттеледі.

Былтыр күзде Өзбекстанда ниқаб киюге және азан дауысын қатты шығаруға тыйым салынған еді. Сол тұста Өзбекстан үкіметінде қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысқан жиын өткен екен. Соңынан тараған ақпараттарға қарағанда, дінді теріс түсінетіндер мен жұмыс уақытында намазға баратындардың көбеюіне, көп әйел алушылықтың артуына шенеуніктер алаңдаушылық білдірген. Үкімет басындағылар шенеуніктер не дінді таңдасын, не мемлекетке жұмыс істесін депті сонда.

Жалпы, Өзбекстанда Ислам Каримовтың тұсындағы діни сенімге шектеулер алып тасталған болатын. Бірақ осы күні діни саясат басқа бағыт алып жатыр. Үкімет пен ұлттық қауіпсіздік қызметі Өзбекстанда діни радикализмнің жаңа толқыны басталғанын алға тарты деп жазылған еді. Сол тұста Өзбекстан муфтиі діни киім киіп, сақал қоюда әсірешілдіктен аулақ болуға шақырған. Жалпы, Өзбекстанда балалардың мешітке кіруіне және ересек адамдардың сақал қоюына де бұрын қойылған шектеулер бар.

Әрине, қай елде болмасын, діни бостандықтың болғаны жақсы. Бірақ діни проблемалар барлық елдерге тән нәрсе болып жатқаны тағы бар. Шектеулер мен тыйымдардың дұрыс-бұрысы жайлы бірдеңе деу де қиын. Аталардың жолымен қалыптасқан дәрстүрлі мұсылманшылықтан аттамаған жерде тыныштықтың да болатыны рас шығар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу