Индустрияландыру коронадағдарысқа қарсы бағдарлама ма?

3064

Үшінші бесжылдық коронадағдарыспен тұспа-тұс келді.

 Индустрияландыру коронадағдарысқа қарсы бағдарлама ма? Фото: Ғалия Әділ

Анық бір дүние – индустрияландыру бағдарламасын дер кезінде қабылдамағанда, Қазақстан экономикасы қазіргі деңгейінен тым төмен болар еді. Өңдеу өнеркәсібіне ден қойып, индустриялық саясатты дұрыс қалыптастыра білгеннің нәтижесінде ел экономикасы аса көп зардап шеге қоймады.

Соңғы уақытта мемлекеттің қолдау шараларының негізгі бөлігі индустрияландыруға бағытталғаны белгілі. Тиісінше, бұл секторға бизнестің де ынтасы ауды. Соның нәтижесінде индустрияландыру бағдарламасы басталған 10 жылда өндірістің жалпы құрылымындағы өңдеуші өнеркәсіптің үлесі 32,3 пайыздан 44,6 пайызға дейін артты. Еңбек өнімділігі 1,7 есе өсті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның ішкі жалпы өнім құрылымындағы өңдеуші өнеркәсіптің үлесі (13,1 пайыз) алғаш рет тау-кен өндіру (12,2 пайыз) секторынан асып түсті.

Ресми мәліметке сүйенсек, индустрияландыру бағдарламасы қолға алынған 10 жылдың ішінде 9,1 трлн теңгеге 1,5 мыңнан астам жоба іске қосылған. Мұның елдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы әсері де айқын байқалып отыр. Біріншіден, өңдеу өнеркәсібінің құрылымы өзгерді. Екіншіден, 200 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды. Үшіншіден, өңірлердің инфрақұрылымына қан жүгірді. Төртіншіден, біздің елде бұрын-соңды өндірілмеген 500-ден астам жаңа өнім түрінің өндірісі жолға қойылды. Бесіншіден, сыртқы нарықтардағы бәсекелестігіміз нығайды.

Қазақстанның 2010-2014 жылдарға арналған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы күрделі жағдайлармен тұспа-тұс басталғанын аңғарамыз. Ол кезде шикізаттық сектор басым еді. Энергия тапшылығы мен көлік инфрақұрылымының кемдігі де үлкен проблема болатын. Отандық кәсіпорындар технологиялық тұрғыдан артта қалып, толық жүктемемен жұмыс істемейтін. Өңдеу саласының үлесі 10 пайызға жетер-жетпес жағдайда еді.

Индустрияландырудың бірінші бесжылдығы елдің дағдарысқа қарсы бағдарламасына айналды. Экономиканы әртараптандыруға басымдық берілді. Соның нәтижесінде ғана 2010-2014 жылдары өңдеу өнеркәсібінің қарқынын ішкі жалпы өнімнің 10 пайызы деңгейінде сақтап қалуға мүмкіндік туды. Индустрияландырудың бірінші кезеңі елді сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге бағытталды. Екінші кезеңінде химия, мұнай-химия өндірістері құрылып, мұнай өңдеу зауыттары жаңғыртылды. Индустрияландырудың нәтижесі мұнай бағасы күрт төмендеген тұста, 2014-2015 жылдардағы дағдарыста негізгі тұрақтандырушы фактордың біріне айналды.

Қысқасы, индустрияландыру жылдарында экспортқа шығатын тың шикізаттық емес тауардың 100-ден астам түрі қалыптасты. Олар бойынша экспорттың көлемі 183 млрд долларды құрады. 2010 жылдан бастап негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 2,6 есе ұлғайды. Мәселен, 2010 жылы 413,1 млрд теңге құйылса, 2020 жылы 1 077,7 млрд теңге салынды. 2010-2020 жылдар аралығында экономикаға 248 млрд доллар көлемінде тікелей шетелдік ин­вестиция тартылған. Бүгінде құйылған қаржының әрбір алтыншы доллары өңдеу секторына тиесілі. Қазақстанда жасалған өнімдерді әлемнің 120-дан астам елі тұтынып отыр.

"Индустрияландыру жобалары елдің дамуына айтарлықтай үлес қосуда. Айталық, 2010 жылы өңдеу өнеркәсібі бюджетті 450 млрд теңгемен толықтырды. Сол жолы тек сауда саласына ғана жол берді – 668 млрд теңге. 2019 жылы бұл сома 1 трлн 477 млрд теңгеге дейін өсті. Бұл экономиканың негізгі үш секторы – ауыл шаруашылығы, сауда және көлік секторының салық аударымдарымен тең. 2010-2020 жылдары іске қосылған кәсіпорындар өңдеу өнеркәсібіндегі 4,8 трлн теңгенің өнімін өндірді", – дейді QazIndustry қазақстандық индустрия және экспорт орталығы" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Марат Бопазов.

Былтыр индустрияландырудың үшінші кезеңі басталды. Ондағы негізгі екпін ішкі және сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті өңдеу өнеркәсібін дамытуға жасалып отыр.

Әлемдік пандемияның теріс әсерін естен шығаруға болмайды. Себебі индустрияландырудың үшінші кезеңі коронадағдарыс кезінде басталды. Бұған дейінгі екі бесжылдық та дәл осындай алмағайып кезеңде қолға алынып, өз нәтижесін берген еді. Демек, бұл жолы да өңдеуші өнеркәсіп жүрістен жаңылдырмауы керек. Сарапшылар да осы пікірді алға тартуда.

Ғалия Әділ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу