Үш жылда 3 трлн теңгенің жобасы іске асырылды

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3364

Биыл индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 15 мың тұрақты жұмыс орны ашылады.

Үш жылда 3 трлн теңгенің жобасы іске асырылды

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, бағдарламаның табысты жүзеге асырылуы өңдеу өнеркәсібінің өсіміне айтарлықтай әсер еткен. Атап айтқанда, аталған саланың өсімі 2015 жылмен салыстырғанда былтыр 5,7%-ды құрады. Негізінен өсім металлургия (13%-ға өсті), тамақ өнеркәсібі (8,5%), мұнай өңдеу (5,1%), химия өнеркәсібі (4,7%) және фармацевтика (47,2%) салаларының есебінен қамтамасыз етілген.

"Өңдеу өнеркәсібінің экспорты 2015 жылмен салыстырғанда былтыр 10,5%-ға өсіп, 15,5 млрд АҚШ долларын құрады. 2017 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша еңбек өнімділігі 2015 жылдың дәл сондай кезеңімен салыстырғанда 1,9%-ға өсті. Былтыр өңдеу өнеркәсібіндегі инвестициялар көлемі де артты. 2015 жылмен салыстырғанда 8,8%-ға өсіп, 981,6 млрд теңгеге тең болды. Үш жылда, яғни 2015-2017 жылдар аралығында Индустрияландыру картасы аясында 3 трлн теңгеге 378 жоба іске қосылды. 30 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Өткен жылдың өзінде 1,5 трлн теңгеге 120 жоба іске қосылып, 10 мың тұрақты жұмыс орны құрылды", – деп мәлімдеді үкімет отырысында Жеңіс Қасымбек.

Сондай-ақ, биыл индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 1 трлн теңгеге 150 жоба іске қосылып, 15 мың тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Ірі жобалардың қатарында Екібастұз қаласындағы "Проммашкомплект" ЖШС-ның теміржол дөңгелектері өндірісінің кешені (жалпы құны 51,5 млрд теңге) және Алматы қаласындағы үлкен диаметрлі болат құбыр өндіретін "Эйжа Стил Корпорейшн" ЖШС-ның зауыты (жалпы құны 27,7 млрд теңге) бар.

"Бүгінде экспорттық тауарлардың сапасы айтарлықтай жақсарды. Қазақстан 122 елге өңдеу өнеркәсібінің өнімдерін экспорттайды. Шетелге шығарылатын өнімдердің үштен бірі экономиканың шикізаттық емес секторына тиесілі. Кейбір тауарлар үшін жаңа нарықтар ашылды. Орталық Азия елдеріне экспортталатын тауар көлемі 30%-ға артты. Аталған елдерге бағытталған экспорттың көлемі 1,5 млрд АҚШ долларын құрады. Осылайша, Қазақстан негізгі жеткізушілердің бестігіне кірді. Отандық өндірушілердің фармацевтикалық өнім жеткізу көрсеткіші 34%-ға өсті. Фармацевтикалық препараттар мен медициналық бұйымдар негізгі нарықтардан бөлек алғаш рет Моңғолия мен Вьетнамға экспортталды. Сондай-ақ, металлургиялық және химиялық өнімді өткізу нарығы кеңеюде. Қазір аталған өнімдер АҚШ-қа және Еуропа елдеріне жеткізіледі", – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Министрдің айтуынша, "Азия Автоның" жеңіл автомобильдері алғаш рет Қытайға (2017 жылы Lada Niva-ның 988-і жеткізілді), ал "Сарыарқа Автопром" ЖШС-ның автомобильдері Тәжікстанға экспортталды (2017 жылы JAC-тың 55-і жеткізілді). Сонымен қатар, "ДонМар" компаниясы өндіретін ору машиналары Ресей нарығына экспортталып келеді.

"Тамақ өнеркәсібі мен агроөнеркәсіп кешенінің өнімдері шет елдерде үлкен сұранысқа ие. Экспорттың жалпы көлемі 1,6 млрд АҚШ долларын құрады. Атап айтқанда, ет және құс өнімдерін – Ауғанстанға, Біріккен Араб Әмірліктері мен Иранға, өсімдік майын және балды Қытайға экспорттау басталды. Жыл сайын 380 экспорттаушы қаржылық және сервистік қолдауға ие болып келеді", – деді инвестициялар және даму министрі.

Жеңіс Қасымбектің сөзінше, өнеркәсіпке Индустрия 4.0 элементтерін енгізу үшін жаңа құралдарды ойлап табу керек. Атап айтқанда, отандық кәсіпорындарды қайта жаңғыртып, цифрландыруға баса мән беру қажет.

Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының энергетика бағыты бойынша 6 ірі жоба іске асырылуда.

"Бірінші жоба – К5 моторға арналған отын өндіру. 2017 жылы 63,45 мың тонна жоғары октанды АИ-92 маркалы бензині, 3,23 мың тонна АИ-95 маркалы бензині өндірілді. Павлодар мұнай-химия зауытының жаңғырту жұмыстары аяқталды. Жобаны қолға алғандағы мақсат экологиялық тұрғыдан таза К4, К5 маторға арналған отын өндіру және 100% жоғары октанды бензин шығару еді. Бұл мақсаттарға қол жеткізілді. Бүгінде Павлодардағы зауыт жылына 5,5 млн тонна батыс-сібір мұнайын, сондай-ақ, 4,7 млн тонна отандық мұнайды өңдей алады. 2018 жылдың екінші жартысынан бастап, айына 13 мың тонна авиаотын өндіріле бастайды. Ал оған дейін бұл өнім тиісті сараптамадан өтуі керек", – деді үкімет отырысында Қанат Бозымбаев.

Энергетика министрінің айтуынша, Шымкент мұнай өңдеу зауытын қайта қалпына келтіру және жаңғырту жобасының алғашқы кезеңі өткен жылдың маусымында аяқталған болатын. Ал осы жылдың соңына дейін жобаның екінші кезеңі аяқталуға тиіс. Осының нәтижесінде мұнайды 87-90%-ға дейін тереңдетіп өңдеуге жол ашылмақ.

"Қазіргі уақытта Атырау мұнай өңдеу зауытын қайта қалпына келтіру және жаңғырту жобасы бойынша іске қосу-реттеу жұмыстары жүргізілуде. Жоба аяқталған соң жоғары октанды бензин өндірісі тәулігіне 2800 тоннаға дейін, ал дизель отыны өндірісі тәулігіне 900 тоннаға дейін ұлғаятын болады", – деді Қанат Бозымбаев.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов үш жылдық индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына үш бағытта бағалау жүргізілгенін атап өтті. Министрдің сөзінше, мақсатты индикаторлар мен көрсеткіштерге қол жеткізу 78%-ды, іс-шаралар жоспарының орындалуы 85%-ды, ал бюджеттің игерілуі 99%-ды құраған.

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев мемлекеттік бағдарламаның орындалуына оң баға берді. Сондай-ақ, бірқатар мәселеге назар аударды.

"Біріншіден, үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы атап өткендей, өңдеу өнеркәсібі өсім көрсеткенімен, оның жалпы экономикадағы үлесі соңғы жылдары 11%-дан аспайды. Сондықтан, өңдеу өнеркәсібінің барлық саласына талдау жүргізіп, әлеуетті бағыттарды анықтау керек. Екіншіден, елбасы өз жолдауында атап өткендей, индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің флагманы болуы керек. Бұл мәселе мемлекеттік бағдарламаның жаңа тұжырымдамасын әзірлеу барысында ескерілуге тиіс. Үшіншіден, кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасына 100-ден астам жоба енгізілсе де, олардың бәрі индустрияландырудың талаптарына сәйкес келмейді. Аталған мәселені бақылауда ұстау қажет. Төртіншіден, Ақмола, Оңтүстік Қазақстан облыстарының, Астана және Алматы қалаларының өңдеу өнеркәсібі экспортының көрсеткіштеріне назар аудару керек", – деді отырысты қорытындылаған Бақытжан Сағынтаев.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу