"Тараз химиялық паркі" бизнестің қолынан мемлекеттің иелігіне өтетін болды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
4572

Жыры жеті жылға ұзаған технопарк мемлекетке тарту етілмек.

"Тараз химиялық паркі" бизнестің қолынан мемлекеттің иелігіне өтетін болды

Бұл ерікті "национализация" мемлекетке нөл теңгеге түспек. Себебі, тұтас химиялық парк үкіметке сыйға тартылмақ.

Осы мақсатта жаңа үкімет басшысы Асқар Мамин қол қоятын арнайы үкімет қаулысының жобасы әзірленді.

Құжат "Тараз химиялық паркі" арнайы экономикалық аймағының басқарушы компаниясы" акционерлік қоғамының акцияларын сыйға тарту шарты бойынша жеке меншіктен республикалық меншікке қабылдау туралы" деп аталады.

Ірі бизнесті мемлекетке табыстау оқиғалары бұған дейін де болған. Мәселен, 2009 жылдың желтоқсанында "Альянс банкі" мемлекетке 1 теңгеге сатылды. Бірақ айтуға тұрмайтын аз қаражат болса да, оның сатылды деген аты бар. Ал сыйға тарту деректері өте сирек кездеседі. Демек, оның рәсімін аз-кем түсіндіре кеткен жөн.

Бұл ретте ел үкіметінің 2011 жылғы 28 қыкүйектегі № 1103 "Сыйға тарту шарты бойынша мемлекеттің мүлік құқығына ие болу қағидасын бекіту туралы" қаулысына сәйкес, өз бизнесін не мүлкін үкіметке сыйлай салғысы келетін кәсіпкер "мемлекетке мүлік құқығын беру туралы" ұсыныспен не мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органға, не жергілікті әкімдікке, не аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауыл әкімінің аппаратына өтініш жасауы керек.

Өз кезегінде жергілікті шенеуніктер мүліктің меншік иесінің өтініші түскен кезден бастап, үш жұмыс күні ішінде аталған өтінішті Астанаға, яғни қаржы министрлігіне жібереді. Ары қарай мемлекеттік органдар тиісті ұсынысты алған күннен бастап, 30 күн ішінде "сыйға тарту шарты бойынша мемлекеттің мүлік құқықтарына ие болу қажеттілігі не қажетінің жоқтығы туралы қорытынды" дайындайды. Ол қорытындыда "сыйлықтың" алуға тұрмайтыны, пайдасыздығы туралы ұйғарым жасалса, мемлекет тартуды қабылдаудан бас тартады. Егер "алуға тұратын сый" екені анықталса, мемлекеттік меншікке алу рәсімі ары қарай жалғасады және үкімет қаулысына дейін ұласады.

"Тараз" химпаркінің мемлекетке тарту етілуіне қатысты осы барлық рәсім сақталған көрінеді.

Жаңа құжатқа сәйкес, күні бүгінге дейін толығымен "Біріккен химиялық компания" ЖШС-не тиесілі болып келген "Тараз химиялық паркі" АЭА басқарушы компаниясы" акционерлік қоғамының 27 миллион 767 мың 839 дана көлеміндегі акциялары сыйға тарту шарты бойынша республикалық меншікке қабылданатын болады.

Атап өту керек, осы орайда инвестор бұл бизнестен түбегейлі кетпейді, қаулы жобасында аталған акциялар құнды қағаздардың жалпы санының 90%-ын құрайтыны атап өтіледі. Бірақ бұл – бақылаушы пакет, тиісінше, мемлекетке тапсыру жүзеге асқаннан кейін паркке қатысты барлық шешімдерді үкімет қабылдамақ.

Химиялық паркті мемлекеттік меншікке қабылдап алу рәсімдерін қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік пен жекешелендіру комитеті жүргізетін болды.

Бірақ бас қаржыгердің мекемесі бұл бизнеспен айналыспайды. Қаулы жобасына сәйкес, үкімет басшысы аталған комитетке Қазақстан заңнамаларында белгіленген тәртіппен, "Тараз химиялық паркі" АЭА басқарушы компаниясы" АҚ-ның "мемлекеттік пакетке" айналатын акцияларын пайдалану және иелену құқығын Роман Скляр басқаратын индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне беруді жүктемек.

Бұл парктің "мемлекеттілендірілуі" үкіметтен бірқатар басқа құжаттарға да өзгерістер енгізуін талап етпек. Мәселен, сонау 1999 жылғы 12 сәуірде қабылданған "Акциялардың мемлекеттік пакеттеріне мемлекеттік меншіктің түрлері және ұйымдарға қатысудың мемлекеттік үлестері туралы" үкімет қаулысы толықтырылады. Нақтырақ айтқанда, "акцияларының мемлекеттік пакеттері мен қатысу үлестері республикалық меншікте қалатын акционерлік қоғамдар мен шаруашылық серіктестіктердің тізбесі" жаңартылып, оған "Тараз химиялық паркі" АЭА басқарушы компаниясы" АҚ-ы қосылады.

Бұдан бөлек, былтыр ғана жаңа ведомство болып қайта құрылған органға қатысты "Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің кейбір мәселелері және Қазақстан үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ел үкіметінің 2018 жылғы 29 желтоқсандағы қаулысы да қайта қаралады. Тарата кетсек, осы министрліктің және оның ведомстволарының қарамағындағы ұйымдардың тізбесi "Тараз" химпаркімен кеңейеді.

Сонымен бірге, бұл парк мемлекеттік меншік тізімінде "389-1" реттік нөміріне ие болатыны анықталды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр түсіндірме жазбада жобаны іске асыру қаржылық шығындарды талап етпейтінін көрсеткен.

Қазіргі кезде Қазақстанда керісінше, мемлекеттік мүлікті жекешелендірудің, бизнес пен инвесторлар қолына тапсырудың кеңауқымды науқаны жүріп жатқаны мәлім. Мәселен, қаржы министрі Әлихан Смайыловтың айтуынша, бүгінде жекешелендірудің кешенді жоспары бойынша 898 мемлекеттік актив бәсекелестік ортаға беріледі. Оның ішінде 530-ы саудаға шығарылған, оның 473-і жарты триллионға, 470 миллиард теңгеге сатылды. 280 нысанға кәсіпкерлер мен инвесторлар қызығушылық білдірмегендіктен, олар қайта құруға және жоюға жіберілді.

Биыл 123 нысанды сату міндеті тұр, оның 48-і өткен жылы жоспарға қосымша енгізілді. Осылармен елімізде жекешелендіру аяқталады. Алдағы жылы "Самұрық-Қазына" құрамындағы ірі ұлттық компаниялар секілді аса қымбат активтер жекешелендіріледі. Бірақ оларды сату биржада жүреді. Дегенмен, "Тараз" химпаркі биржада сатуға жарамайды. Сарапшылар болашақта жаңа парк те инвесторларға кері тапсырылуы мүмкіндігін жоққа шығармайды. Әзірге ол мемлекеттік меншік ретінде дамытылады.

Шу ауданы аумағында 505 гектар аумақты алып жатқан "Тараз" химиялық паркінің инфрақұрылым құрылысының бірінші кезеңі 2016 жыл басында аяқталды. Алайда жергілікті ақпарат құралдары хабарлағандай, сол жылдың соңына қарай АЭА құрылысы күйзеліске киліккен. Оған "экономикалық дағдарыс" себеп болыпты. Қаржылық қиындықтар кесірінен, инвесторлар зауыттар тұрғызу ісін жалғастыра алмай қалған. 2017 жылы паркте жұмыстар қайта басталды.

Еске салсақ, әу баста бұл арнайы экономикалық аймақта химиялық өнім шығара алатын шамамен 20 зауыт пен кәсіпорын салу көзделген екен. Кейін бұл сан 16-ға, артынша тіпті алтыға дейін азайтылыпты. Компанияның өзі "Іске асыруға жоспарланған жобалар" қатарында гербицидтер, пестицидтер өндірісіне мамандануы мүмкін "Qadam Industries" ЖШС-ін, бастапқы формаларындағы этилен полимерлері өндірісіне негізделгісі келетін "Сеntral Asia Chemicals" ЖШС-ін, коррозия ингибиторларын шығаруы ықтимал "Taraz Chemical Production" ЖШС-ін, сутегі пероксидіне маманданатын "Ника ӨК" ЖШС, молибден триоксиді өндірісіне бағдарланбақшы "RM Industry" ЖШС-ін ғана атайды.

Өткен жылғы ақпанда химпарк аумағына Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов арнайы барып қайтқан. Аймақ басшысына АЭА аясындағы "жүзеге асырудың белсенді сатысындағы" жалғыз инвестициялық жоба – "Хим-Плюс" ЖШС таныстырылды. Ол ауыл шаруашылығына қажетті гербицидтер – глифосат және үшхлорлық фосфор, сонымен қатар каустикалық сода мен хлор шығарады деп күтілуде. Жоба құны 130 миллиард теңге тұрады.

Жалпы, парктің жылу, жарық, су және басқа да инфрақұрылымы дайын болып қалғаны мәлімделген. Қыруар ел қаржысы жұмсалып, арнайы темір жол, автокөлік жолы, магистралді газ құбыры, су құбыры тартылған. Мұны естіп, әкім жергілікті кәсіпкерлерді тарту бойынша шынайы жұмыстың жетіспейтініне назар аудартып, жауапты тұлғаларға инвесторлар тартуды және өндіріске көңіл бөлуді жүктеген.

Былтыр сондай-ақ химпаркте "Самұрық-Қазына" қорының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов те болып, оның жағдайын барлап қайтты.

Алда мемлекет өз қолына алғаннан кейін паркті "ішкі мазмұнмен" белсендірек толтыру үшін үкімет әртүрлі тетіктерін іске қосуы ықтимал. 

Бір белгілісі, 2012 жылы "заманауи, экологиялық қауіпсіз технологияларды қолдана отырып, құны жоғары химиялық өнімдердің жаңа өндірісін қалыптастыру" мақсатында құрылған "Тараз химиялық паркі" АЭА-сының инвесторларға ұсынатын жеңілдіктері мен басқа да ынталандырулары 2037 жылға дейін күшінде болмақ.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу