Тараз химиялық паркі неге тұралап тұр

Маржан Кәрімжанқызы Маржан Кәрімжанқызы
3760

Жобадан зор үміт күтіп жүрген жергілікті халықтың күдігі күшейе бастағандай.

Тараз химиялық паркі неге тұралап тұр

Осыдан алты жыл бұрын Жамбыл облысында "Тараз химиялық паркі" арнайы экономикалық аймағы құрылған болатын. Ел президентінің арнайы жарлығына сәйкес, Шу ауданы аумағында әлемдік нарықта сұранысқа ие химиялық өнімдер өндірілуі қажет еді. Арнайы аймақта 16 кәсіпорын бой көтеріп, бұл жоба мол пайдаға кенелтуі керек болатын.

Алайда, ТМД аумағында теңдессіз деп танылған ірі жобаның бүгінде тоқырап тұрғаны жасырын емес.

Жобаны "Біріккен химиялық компания" ЖШС-ы қолға алды. Бастапқы жоспар бойынша мұндағы химиялық зауыттарда бұрын-соңды елімізде мүлдем немесе аз көлемде өндірілген, отандық инновация мен ғылыми-техникалық ізденістердің нәтижесінде қолға алынған, тиімділігі аса жоғары 7 өнім түрі шығарылуы керек болатын. Атап айтқанда, арнайы аймақтағы кәсіпорындарда үнемі импортталып келген каустикалық сода мен хлор, үштекті фосфор, натрийдің құрғақ бутилдық ксантогенаты, майлау-салқындату сұйықтығы және коррозия ингибаторы, пестицидтер мен агрохимиялық өнімдер, тереңдетіліп өңделген табиғи газ өндірісі мен сутегі пероксиді өнімдері алынуы қажет. Сөйтіп, кәсіпорындар жылына шамамен 226 487 тоннаға дейін химиялық өнім өндіріп, 86 миллиард теңгеге дейін табыс табады делінген. Ал ең көп сұранысқа ие глифосат өнімі "Тараз химиялық паркі"-нің бренді болуы тиіс еді.   

Әрине, мұның барлығы елбасының "Үкіметке Жамбыл облысында құны шамамен 2 миллиард доллар тұратын кешенді минералды тыңайтқыштар өндірісін құру жөніндегі жобаны жалғастыруды тапсырамын. Бұл тыңайтқыштар ауыл шаруашылығы үшін қажет. Жоба Жамбыл облысының және бүтіндей оңтүстіктің экономикасын көтеруге мүмкіндік береді" деген тапсырмасы орындалған жағдайда ғана мүмкін болмақ.

Әзірге, экономикалық аймақ орналасқан 505 гектар жерде тек аумақтың  инфрақұрылымын жүргізу мен бірқатар зауыттың негізгі құрылыс жұмыстары ғана жасалып жатыр. 

Парктегі инфрақұрылымдар құрылысы екі кезең бойынша жүзеге асырылуда. Алғашқы кезең 2016 жылдың төртінші тоқсанында аяқталды. Екінші кезең 2018 жылдың төртінші тоқсанында тәмамдалуы қажет.

Ал жоғарыда аталған 16 зауыт әзірге тек жоспар күйінде ғана қалып тұр. Өйткені, жоба құнының қымбаттауы мен дағдарысқа байланысты арнайы аймақта 2020 жылға дейін тек 5 зауыт салынбақшы. Ал өзгесі келер жылдардың еншісінде қалып отыр. Қолға алынған кәсіпорын құрылысы да бір тоқтап, бір қосылып тұрған жайы бар. Әсіресе, газдандыру, аумаққа  теміржол желісін тарту жұмыстары біраз бәсеңдеп қалған болатын.

Жоспар бойынша осы жылдың көктемінде мұнда "Химплюс" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің глифосат шығаратын кәсіпорны толық іске қосылуы керек еді. Осылайша, 2018 жылдың көктемінде алғашқы глифосфат өнімі алынуы керек. Ал кәсіпорын 2019 жылы каустикалық сода шығаруы қажет. Зауыт іске қосылып, кем дегенде 300-400 жұмыс орыны ашылуы тиіс еді. Темір жолды күнкөріс көзіне айналдырған жергілікті халық, Тараз химиялық паркінің де игілігін көруі керек болатын.

Ел үкіметінің 2012 жылғы 3 қарашадағы қаулысына сәйкес, 2015 жылы АЭА аумағында тауарлар өндірісінің алғашқы өнімі – натрий цианидін 4 миллиард теңге көлемінде, 2018 жылдың көктемінде глифосат шығару жоспарлаған еді. Алайда бүгінде ол жоспардың жүзеге аспағанын, алғашында 16, кейіннен саны 5-ке қысқарған зауыттарды ескерсек, "Тараз химия паркі" қашанғы тұралап тұрады, елбасы тапсырмасына сай құрылған жоба қашан жанданады деген сауалдың тууы заңды. 

Әсіресе, жаңа жұмыс орындарының ашылуынан зор үміт күтіп жүрген жергілікті халықтың соңғы жылдары күдігі күшейе бастағандай. Бұл күдік осы жылдың ақпан айында "Самрұқ-Қазына" ҰӘҚ" АҚ басқарма басшысы Ахметжан Есімов пен облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің "Тараз химиялық паркі" АЭА-на арнайы жұмыс сапарымен барған кезінде біршама сейілгендей болды. Онда "Хим-Плюс" ЖШС басқарма басшысы Мұқаш Үсембаев техникалық глифосат, каустикалық сода және хлор өндіруді жүзеге асыру жобаларымен таныстырып, инвестициялық жобалардың қазіргі жағдайы мен жүзеге асыруда кездесетін қиындықтар талқыланған болатын.

Маржан Кәрімжанқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу