Қайрат Келімбетов "үш әріпті" де өзіне қаратады

8441

АЭА-лар бұдан былай 1 ғасырға бір-ақ құрылады.

Қайрат Келімбетов "үш әріпті" де өзіне қаратады

Арнайы экономикалық аймақтар аумағы енді шектелмейді және Қазақстанның шекарасымен теңеседі. Мемлекет басшысының жолдауын орындауға кіріскен шенеуніктер тосын шешім қабылдапты.

АЭА-ларды біраз жылдан бері сарапшылар мен депутаттар қатаң сынға алып келеді. Өйткені осы аймақтардың саны жыл өткен сайын артуда, ал ел экономика жыл сайын кері кетуде. ХХІ ғасыр басында шетелдік инвестицияларды кеңінен тарту және экспортты ілгерілету үшін арнайы экономикалық аймақтар (АЭА) мен индустриялық аймақтар (ИА) қаптап құрылды. Олар елдің индустриялық-инновациялық жүйесінің инфрақұрылымына айналуға тиіс-тін.  

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, бүгінгі таңда Қазақстанда 13 арнайы экономикалық аймақ және 22 индустриялық аймақ жұмыс істейді.

Мына ғажапты қараңыз: алғаш болып ашыла бастаған 2002 жылдан қазірге дейін, яғни қызмет атқарған 18 жылдай мерзімде бүкіл АЭА аумақтарында небары 285 жоба іске қосылыпты. Соның ішінде шетелдік инвесторлардың қатысу үлесі 55,3% ғана. Яғни, бұл аймақтар өзге елдерден көп инвестор тарта алмай, айналып келіп, өз бизнесмендеріміздің үстінен күн көріп отыр. 

Әр АЭА аумағы шектелгені мәлім. Мысалы, "Астана – жаңа қала" АЭА-сының ауқымы тек елорданың Есілдің сол жағалауындағы бөлігін ғана қамтиды. Алайда қоғам "үш әріпті" (АЭА) тиімділігінің төмендігі үшін аяусыз сынай бергендіктен шенеуніктер олардың пайдасын арттыру мақсатында жаңа ұғым ойлап тапты. Ол "эксаумақтылық қағидаты" деп аталады және оған сәйкес, кез келген компанияға кез келген АЭА аумағында тіркелгенімен бұрынғыдай оның аясына көшіп баруы не онда кеңсе-офис ашуы міндетті болмайды.

"Бүгінде эксаумақтылық қағидаты бойынша 105 жоба жұмыс істейді. Осы жобаларды іске асыру нәтижесінде 24 мың жұмыс орны құрылды. Бюджетке 184,3 млрд теңге салық түсімі түсті", – деп мақтанып қояды министрлік.

Әйткенмен, ол жобалар АЭА-лар аумағында орналаспағанын ескерте кеткен жөн. Яғни, бұл аймақтар енді бүкіл Қазақстан аумағындағы өзіне тек жанама ғана қатысы бар жобаларды өз ұпайына жаза бастады.

Нәтижесінде, бұған дейін қарша бораған сынның астында қалып келген арнайы экономикалық аймақтардың көрсеткіші күрт көркейіп шыға келді. Атап айтқанда, барлық АЭА-лар инфрақұрылымын салуға бюджеттен 344,4 млрд теңге шығын шыққан. Бұрын оның қайтарымы аз делінетін. Қазір тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 3,7 трлн теңгеден асқаны хабарланып отыр. Соның ішінде өңдеуші өнеркәсіп жобалары 1,2 триллион теңгеге жетіпті. Осылайша, АЭА инфрақұрылымына салынған 1 бюджеттік теңге өңдеу өнеркәсібіне 3,4 теңге жеке инвестициялар тартуға мүмкіндік берді.

Ел Үкіметі осы салаға кең ауқымды талдау жүргізді. Оның қорытындысында бірқатар жаңа проблема анықталды. Басты қорытындысы – отандық арнайы экономикалық аймақтардың даму қарқыны төмен, қызметінің тиімділігі нашар.

Индустрия министрлігінің байламынша, басқа да олқылықтары толып жатыр. Біріншіден, АЭА-лар әр өңірде әртүрлі дамуда, біркелкі институционалдық даму деген жоқ, "басқарушы компаниялар жұмысының тиімділігі төмен". Екіншіден, олардағы кластелік, салалық саясатқа қатысты нақты көзқарас жоқтығы анықталды.

Үшіншіден, инфрақұрылым нысандарының құрылысы жеткілікті қаржыландырылмайды, уақтылы аяқтамалмайды. Төртіншіден, әкімшілік кедергілер кездесуде, себебі, АЭА қызметін реттейтін заңнама жетілдірілмеген.

Бесіншіден, АЭА және ИА базалық инфрақұрылымын салуға МЖӘ тетігі пайдаланылмайды, жеке капитал әлеуеті тартылмайды, барлық ауыртпалығын бюджет мойнына артып қойған. Алтыншыдан, шағын өндірістерді орналастыру мүмкіндігі қарастырылмаған. Мысалы, біразында ІТ секілді зауыт салуды талап етпейтін қызмет түрлері үшін дайын өндірістік орынжайлар, офистер жоқ.

Бұл мәселелерді ел Үкіметі Мемлекет басшысының жолдауы аясында шешпек: әрине, Президент АЭА-лар туралы ештеңе айпады, бірақ оларды жарылқау үшін өнеркәсіптік саясат туралы жеке заң қабылдау тапсырмасының өзі жеткілікті екен.

ИИДМ дәл осы заң жобасының тұжырымдамасын дайын етті. Оның аясында қолданыстағы "Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы" заңының күші жойылады, ал оның баптары "Өнеркәсіптік саясат туралы" жаңа заң жобасына кіргізілмек.

"Заң жобасында салалық шектеулерге қатысты қазіргі тәсілдерді қайта қарау, АЭА аумағын кеңейтпестен эксаумақтылық қағидатын жекелеген салаларға, мысалы IT және медицина секторларына тарату ұсынылады. Бұдан бөлек, АЭА режимінің қолданылу мерзімі 99 жылға дейін ұлғайтылатын болады (қазір – 45 жыл). Сонымен қатар әрбір инвестор үшін жеңілдіктерді қолданудың ұзақ мерзімдері (10–15 жыл) белгіленеді. Ал экспортқа бағдарланған кәсіпорындар үшін жеңілдіктерді қолдану мерзімін кейін тағы 5–10 жылға ұзарту мүмкіндігі көзделеді", – деп түсіндірді индустрия ведомствосы.

Басқаша айтқанда, егер заңдағы осы ұсынысқа Парламент құп десе, онда АЭА аумағына тіркеле алған кейбір кәсіпорындар 45 жылға дейін салықтан босатылып, жарты ғасырға жуық артықшылық-преференцияға және мемлекеттік қолдауға қол жеткізуі мүмкін.

Заң жобасы тұжырымдамасының тағы бір "қызықты" жаңалығы бар. Қолданыстағы заңнама бойынша әрбір АЭА-да рұқсат етілген басымдықты қызмет түрлері бекітілген. Айталық, Атырау облысындағы "Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі" АЭА аты айтып тұрғандай, "қара алтын" шикізатын терең өңдеуге, және одан бәсекеге қабілетті мұнай-химия өнімін шығаруға, әлемдік деңгейдегі мұнай-химия өндірістерін құрып, дамытатын серпінді инвестициялық жобаларды іске асыруға маманданған. Ал жаңа реформа нәтижесінде, мұнай-химия технопаркі тіпті өзіне еш қатысы жоқ ай-ти жобаларын қаржыландырам десе де ешкім қолынан қақпауы мүмкін. Тек өңделмеген шикізатты сатуына ғана рұқсат етілмейді.

"Заң жобасында "Қызметтің басым түрлері тізбесінің" орнына барлық АЭА үшін "Тыйым салынған қызмет түрлерінің тізбесін" бекіту ұсынылады. Бұл тізбе қысқа болады және оған мысалы, жер қойнауын пайдалану, ойын бизнесі, арақ-шарап секілді акцизделетін тауарлар өндірісі кіреді. Яғни, ол тізімде тыйым салынбаған барлық нәрсеге рұқсат етіледі. Бұл АЭА-лардың толуына мүмкіндік береді әрі қызметтің басым түрлерін жыл сайын қайта-қайта кеңейтіп отыру қажет болмайды", – делінген заң жобасының тұжырымдамасында.

Бұдан өзге, құжатта АЭА аясында инфрақұрылым нысандарын, әуежайды, ауруханаларды және басқасын салу кезінде МЖӘ тетіктерін қолдану жоспарланған.

Бұл бетбұрыс АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетовтың құзыретін күшейтеді: енді "Астана" халықаралық қаржы орталығының өкілеттік аясы тек елордадағы бұрынғы "ЭКСПО-2017" көрме кешені аумағымен шектелмей, енді барлық АЭА-лар мен ИА-ларға таралатын көрінеді. 

"Инвестициялық тартымдылықты арттыру мақсатында АХҚО соты мен төрелігін АЭА-лар мен ИА-лар қатысушыларына қолдану мүмкіндігі беріледі. Осы мақсатта АХҚО және АЭА-ИА режимдерін өзара интеграциялау жоспарлануда", – деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.

Жанат Ардақ


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу