Үкімет алып индустриялық аймақтардан микро-аймақтар құруға ауысты

11007

Индустриялық аймақты енді елімізде көптеген зауыт-кәсіпорындар бой көтеретін, сырты қоршалған тұтас аумақта емес, бір ғимараттың ішінде құра салуға болады.

Үкімет алып индустриялық аймақтардан микро-аймақтар құруға ауысты

Басқаша айтқанда, жұмыс жасап тұрған кәсіпорынның, тіпті қала ішіндегі ғимараттың өзін "шағын индустриялық аймақ" деп жариялауға жол ашылады.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі "Шағын индустриялық аймақтарды құру және олардың жұмыс істеу ережесін" жариялады.

Онда осы жаңа құбылысқа түсініктеме беріледі: "шағын индустриялық аймақ (ШИА – ред.)  – пайдалануға берілген өндірістік және өзге де ғимараттардың (үй-жайлардың) аумағында орналасқан, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне берілетін Қазақстан аумағының бір бөлігі".

Бұлыңғырлау бұл анықтамадан шағын индустриялық аймақты тіпті сауда орталығында құруға да тыйым салмайтыны аңғарылады.

Бір ғажабы, ШИА құру үшін Үкіметтен, құзырлы министрліктен рұқсат сұрау да қажет болмайды. Оны ашу туралы шешімді жергілікті әкім өзі қабылдайды:

"Шағын индустриялық аймақты құру туралы шешімді облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы қабылдайды. Бұл ретте шағын индустриялық аймақтың аумағы пайдалануға берілген өндірістік және өзге де ғимараттардың (үй-жайлардың) аумағы ішінде орналасуға тиіс", – делінген ережеде.

Төл ғимараты не басқа үй-жайы бар кәсіпкер онысына жаңа мәртебе бергісі келсе, не істеуі керек?

Жеке тұлға немесе заңды тұлға әлдебір нысанда ШИА ашу туралы ұсынысын жергілікті әкімдікке енгізуі қажет. Өз өтінішіне ол осы аймақты құрғаннан облыс не қалаға қандай қаржы-экономикалық және әлеуметтік пайда келетіні жөнінде болжамын қоса тіркейді.

Жергілікті атқарушы орган өзіне түскен осы ұсынысты енгізілген күннен бастап, бес жұмыс күні ішінде қарауға тиісті.

Қарау қорытындысы бойынша әкімдік үш жұмыс күні ішінде өтініш иесіне оның ұсынысына келісімін беретіні немесе бас тартқаны жөнінде хабарлама хатын жібереді.

Айтқандай, қала не облыс көлемінде қандай ғимарат ішінде микро-ИА құрылып жатқанын тағы бір құрылым алдын ала біліп отыратын болады. Өйткені әкімдік шағын индустриялық аймақ құру туралы өз шешімінің жобасын міндетті түрде қарау үшін өз жанынан құрылған қоғамдық кеңеске бағыттайтын болады. Ал бұл кеңеске сол елдімекендегі беделді, сөзі өтімді дейтін қоғам өкілдері, зиялылар, белсенділер, кей жерде блогерлер кіретіні мәлім. 

Кәсіпкер мен істің көзін білетін пысық адам ШИА-ны тіпті өзі қожайын емес нысанда да аша алады. Бұл жағдайда ережеде жергілікті атқарушы орган шағын индустриялық аймақтың аумағында орналасқан инфрақұрылым нысандарын өтініш берушіге Қазақстан заңнамасына сәйкес, жалға алуға, сенімгерлік басқаруға немесе өтеусіз, тегін пайдалануға беруі мүмкін екені жазылған.

"Шағын индустриялық аймақты қаржыландыру тәртібі Қазақстанның бюджет заңнамасының талаптары ескеріле отырып жүзеге асырылады", – дейді құжатты әзірлеушілер.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу