Қазақстанда елу жоба үшін "миниофшор" құрылмақ

18735

Осы мақсатта "Еуразия" арнайы экономикалық аймағы ашылатын болды. 

Қазақстанда елу жоба үшін "миниофшор" құрылмақ

Үкіметтің тиісті қаулысының жобасы да жарияланды. Құжатта жаңа АЭА 2044 жылға дейінгі кезеңге дейін жұмыс жасайтыны айтылады.  

"Еуразия" АЭА Ақтөбе қаласының аумақтық шекарасы шегінде, нақтылай кетсек, "Ақтөбе халықаралық әуежайының" арғы жағындағы үлкен екі бос жер телімінде бой көтеруде. 

Оның жалпы ауданы 700 гектарды құрайды. Бірақ 450 гектарлық және 250 гектарлық екі бөлікке – №1 және №2 субаймаққа бөлінген. 

Оған біріншіден, Ақтөбе қаласын қарқынды дамыту, екіншіден, ел экономикасының әлемдік шаруашылық байланыстар жүйесіне кіруін жандандыру, тиімділігі жоғары, оның ішінде жоғары технологиялық және бәсекеге қабілетті өндірістер құру, өнімнің жаңа түрлерін шығаруды игеру, инвестициялар тарту, сондай-ақ әлеуметтік проблемаларды шешу үшін өңірді жедел дамыту жүктеліп отыр.

"Еуразия" АЭА аумағындағы тамақ өнімдері, химия өнеркәсібі, резеңке және пластмасса бұйымдары, металлургия өнеркәсібі, компьютерлер, электрондық және оптикалық өнімдер өндірісі жолға қойылмақ.

Сонымен қатар автозауыт салынады деп жоспарлануда. Қандай компания келетіні жария етілмегенімен, мұнда жаңа автокөлік түрлері, трейлерлер және жартылай тіркемелер өндірісі қолға алынатыны мәлім болды.

Тағы бір белгілісі, қос құрлықтың атын иемденген аймақ аумағында арнайы құқықтық режим белгіленеді. Салықтық жеңілдіктер мен артықшылықтар енгізіледі.

"Республикалық бюджеттен "Еуразия" АЭА-ның қажетті инфрақұрылымын салу үшін 16 млрд 10,36 млн теңге қаржы жұмсалады. Бұл Ақтөбе қаласында орналасқан жаңа аймақтың инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін қажет", – дейді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов.

Арнайы экономикалық аймақ 2024 жылға қарай 20 млрд теңге инвестиция тартады деп жоспарлануда. Оның кем дегенде 11,9 миллиарды – шетелдік, қалған 8,1 миллиарды – отандық инвесторлар қаржысы болуға тиіс.

"Еуразия" бес жылдан кейін толыққанды іске қосылмақ. Тиісінше, 2024 жылы 2,3 млрд теңгенің өнімін шығаруы керек. Осы кезде 1 695 жаңа жұмыс орны құрылуға тиіс.

Кәсіпорындар тауарындағы жергілікті мазмұн 65 %-дан кем болмайды деп мәлімделді.

Жергілікті атқарушы билік дерегінше, "Еуразияда" жаңа 50-ге дейінгі жоба іске асырылады деп күтілуде. Бұл ретте трансұлттық компанияларды, жоғарыда аталған салалардағы шетелдік танымал брендтерге ие инвесторларды тарту көзделуде. 

"Бұл арнайы экономикалық аймақтың өзгелерінен айырмашылығы сол, "Еуразия" нақты бір салаға маманданбайтын болады. Яғни, нақты секторлармен шектелмейді. Ол ауыл шаруашылығы өнімдерінен бастап, металлургияға дейінгі өнім өндіретін кәсіпорындардың ешқайсысын жатсынбайды, қайта құшақ жая қарсы алады. Бір талап – экспорттайтыны шикізат емес, терең өңдеу арқылы алынған өнім болуы тиіс", – деді журналистерге берген сұхбатында "Ақтөбе" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының стратегиялық және корпоративтік даму департаментінің директоры Әнуар Асылов.

Ақтөбе билігі сонымен бірге, жаңа АЭА-ға "Астана" халықаралық қаржы орталығының көмегімен де инвестиция тартуға ниетті. Осыған орай біраздан бері отандық және шетелдік инвесторларға "Еуразия" аймағы жобаларының эскиздері таныстырылуда.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу