Мұндағы мақсат мүмкіндігі шектеулі адамдарға қоғам назарын аудартып, олардың еңбекпен қамтылуына және әлеуметтік ортаға бейімделуіне қолдау көрсету.
"ELAMAN" әлеуметтік инновациялық жобалар қорының төрағасы Алмаз Ержанның сөзінше, "мүмкіндігі шектеулі" деген анықтама шартты ұғым. Ол адамдардың денсаулығына ғана қатысты айтылған. Шын мәнісінде мүмкіндігі шектеулі деген адамдардың мүмкіндігі шектеусіз.
"Ерекше қамқорлықты қажет ететін адамдардың ақылын, күшін қоғамның кәдесіне жарататын кез әлдеқашан келді. Мұндай адамдарға басқа көзқараспен қарауды қою керек", – деді өзі де арбаға таңылған азамат.
Қор төрағасының мәлімдеуінше, инклюзивті дизайн орталығында шығармашылыққа бейімдеу клубы мен call-орталық болады.
"Біз мүмкіндігі шектеулі адамдарға кедергісіз орта қалыптастыруды көздейміз. Таяу болашақта орталықта еріктілер дайындау курсы ашылады. Бұл жерде әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысуды көздеп жүрген мүмкіндігі шектеулі адамдар тағлымдамадан өтеді, оларға тегін заңдық кеңес беріледі", – деді Алмаз Ержан.
Сөз арасында қор төрағасы мүгедек жандарға өздері сияқты адамдар көмектесетінін атап өтті.
"Біз нарықтық экономикада өмір сүріп жатырмыз. Қазір бұрынғыдай тегін жұмыс істеу деген ұғым жоқ. Сондықтан қор қызметкерлерін мүмкіндігі шектеулі азаматтардан жасақтаймыз. Олардың арасында заңгерлер, психологтар және заманауи технологияны жетік меңгерген мамандар көп. Осы мамандарды өзімізге ақылы негізде жұмысқа тартамыз. Олардың еңбекақысын түрлі гранттардан түскен ақшамен өтейміз", – деді Алмаз Ержан.
Бұдан кейін ол инклюзивті дизайн орталығы Ресей, Түркия мемлекеттерімен байланыс орнатқанын, алдағы уақытта аталған елдің мамандары Қазақстанға арнайы келіп, тегін онлайн-курс өткізуі мүмкін екенін жариялады.
"Бізде шетелдік мамандарға төлейтін ақша жоқ. Алайда олар орталығымызға келіп, ақысыз дәріс беруге және тәжірибелерімен бөлісуге ниет білдіріп отыр", – деді ол.
Оның айтуынша, Beeline компаниясы орталықты технологиялық базамен қамтамасыз етіп отыр.
"Бізге барлық компьютерлерді Beeline компаниясы сатып әперді. Сонымен қатар компания ақысыз негізде аса жоғары жылдамдықпен жұмыс істейтін ғаламтормен қамтамасыз етті. Осының нәтижесінде біз онлайн-курс, видео-конференция ұйымдастыру мүмкіндігіне ие болдық", – деді "ELAMAN" әлеуметтік инновациялық жобалар қорының төрағасы
Өз кезегінде "Beeline Қазақстан" компаниясының бас атқарушы директоры Александр Комаров игі іс "Шексіз мүкіндіктер" республикалық қайырымдылық жобасы аясында жүзеге асқанын айтты.
"Біздің компания мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін инновациялық технология жеңілдететінін әлдеқашан түсінген. Сол үшін өмірлік ұстанымы мықты жандарға қолдау көрсетуге кіріскен. Бұған дейін Қазақстанның 15 қаласында дәл осындай бастамалардың ақиқатқа айналуына себепші болғанбыз. Біз бұл бағыттағы жұмысымызды жалғастыра береміз", – деді ол.
Абылай Бейбарыс