Инвестиция салушы елдер қатары сиреді

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
4687

Дегенмен, мұнай бағасы инвестициялық тартымдылықты жоғалтпай ұстап тұр.

Инвестиция салушы елдер қатары сиреді Фото: ашық дереккөзден

2018 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанға шетелдік тікелей инвестиция көлемі 2017 жылмен салыстырғанда 15,8% ұлғайып, 24,3 млрд долларды құрады, деп хабарлайды ranking.kz сараптамалық қызметі.

Жалпы, шикізаттық дағдарыстан кейінгі үш жылдан бері шетелдік тікелей инвестиция тұрақты өсіп келеді. 2013 жылдан бастап төмендеген шетелдік тікелей инвестиция қайта ұлғайғанымен, әлі де болса, сол кездегі көрсеткішке жеткен жоқ.

Дегенмен, әлем бойынша шетелдік тікелей инвестиция көлемі теріс динамикада. Мәселен, 2018 жылы дүние жүзі бойынша шетелдік тікелей инвестиция көлемі 18,4% азайып, 1,2 трлн долларды құраған. Оның себебі алдағы дүниежүзілік дағдарыс қаупі болуы да ықтимал.

Ranking.kz сайтының Ұлттық банк мәліметтеріне сілтеме жасай отырып хабарлауынша, Қазақстанға қаржы салатын елдердің көш басында әдеттегідей Нидерланды — 7,3 млрд (+23,8%), АҚШ — 5,3 млрд (+44,7%) және Швейцария — 2,5 млрд (−14,3%). ТОП-10 мемлекет елімізге салынған инвестицияның 89,5%-на ие. Үздік ондықтың арасында аталған үшеуден бөлек Ресей (1,5 млрд доллар) де бар. Олардың салған қаражаты бір жылда 22,2% өскен.

Одан кейін бесінші орындағы ірі инвестор мемлекет Қытай. Компартия үкіметінің біздің елге құйған қаражаты былтыр 37,6 пайызға артып 1,5 млрд долларға жетер-жетпес болса, Бельгиядан салынған инвестиция көлемі 2 пайызға кеміп 1 млрд долларды құрап отыр.

Одан кейінгі орындардағы Франция, Ұлыбритания мен Люксембургтың салған ақшасы сәл ұлғайса, Оңтүстік Кореядан келген тікелей инвестиция керісінше азайған екен.

Жалпы, Еуроодақ елдері өз кезегінде 2018 жылы экономикамызға 11,6 млрд доллар құйған. Бұл алдыңғы жылдағыдан 15,8% артық. Жалпы одақ елдерінің елімізге салған инвестициясы жалпы шетелдік тікелей инвестицияның 48 пайызын құрайды.

Ranking.kz мәліметінше, инвестицияның жалпы көлемі көбейгенімен, Қазақстан экономикасына "сенетін" елдер қатары азайып келеді. Яғни, былтырғыға қарағанда инветсиция салушы елдер қатары азайып отыр. Мәселен, Еуроодақ елдерінің тек жартысы тікелей инвестиция көлемін күрт азайтқан.

Атап айтар болсақ, Еуроодаққа кіретін 12 мемлекет Қазақстан экономикасына инвестиция көлемін азайтып отыр, ал Австрия тіпті салған 86,9 млн долларлық қаражатты қайтарып алған. Инвестицияны азайтқан елдер ішінде Финляндия, Чехия, Эстония, Польша секілді Еуропалық стандартпен орташа мемлекетер көп.

Қазақстан экономикасына салынған инвестицияның басым бөлігі мұнай мен метал саласына тиесілі екені белгілі. Осы орайда, инвестиция көлемінің көбеюі мұнай бағасының қымбаттауы мен Теңіз кен орнының кеңейтілуі болса, инвестиция салушы елдер қатарының азаю себебі былтырдан бері елде айтылып келе жатқан билік транзиті болса керек. Өйткені, инвестициясын азайтқан елдер негізінен мұнай-газ саласы емес, өңдеу өнеркәсібіне қаражат салушы елдер еді. Ал инвестиция көлемін арттырған елдер, яғни Нидерланды, АҚШ, Қытай мен Ресей негізінен мұнайға қаражат құюшы елдер екені анық.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу