Елордадағы Астана халықаралық қаржы орталығында апталықты ислам қаржыгерлері ашты.
"Ислам қаржыгерлерінің конференциясы осымен үшінші рет өтіп жатыр. Жыл сайынғы дәстүрге айналды десе де болады. Бұл жолғы шарада бір жыл ішінде исламдық қаржыландыру жүйесі қаншалықты алға жылжығанын көрсетіп, қызығушылық танытқандарға бізден инвестиция тартудың тәртібін үйретеміз. Ислам қаржысы апталығының мақсаты мен миссиясы – адамдардың ислам қаржысы туралы таным-түсінігін кеңейту, қандай бағыттарға басымдық берілетінін көрсету", – деді Астана халықаралық қаржы орталығының Исламдық қаржыландыру бағыты бойынша басшысы Шейх Біләл Хан.
Апта ішінде бірнеше меморандумға қол қойылмақ. Тараптар оның мазмұны апталықтың соңына қарай жарияламақ.
"Апта бойы біз қаржы орталығының базасында Ислам даму банкі бастаған бірнеше халықаралық әріптестермен бірге жұмыс семинарлары өткіземіз. Оған кез келген тұрғын қатыса алады. Кез келген азамат исламдық қаржыландыру туралы өзіне қажетті мәліметті ақысыз алады", – дейді Шейх Біләл Хан.
Аталмыш жұмыс семинарларында ислам қаржысын экологиялық, технологиялық және әлеуметтік жобаларға құю мәселесі талқылынады. Сондай-ақ шариғат заңына бағынатын елдерде қолданылатын қаржылық құжаттардың ерекшеліктері (сукук ұғымы) мен исламдық сақтандыру жүйесі (такафул) туралы толыққанды ақпарат ұсыну көзделген.
Апталықтың ашылу шарасында өңірлік бизнеске арналған таныстырылымдар өтіп, "жасыл" және ислам облигацияларын шығару ерекшеліктері баяндалды. Сарапшылар қаржы қызметтерін реттеу, қаржы технологиялары, бағалы қағаздар нарығындағы инвестициялау, үзіліссіз кәсіби даму тақырыптарын қаузады.
Есімжан Нақтыбайұлы