Ислам банкингі ТМД-ны таңдады

4143

Қазақстанда шариғат шартына негізделген қаржылық қызмет аясы кеңейеді.

Ислам банкингі ТМД-ны таңдады

Ислам банкингі үшін дамудың келесі межесі – ТМД. Бұл турасында Moody's ғаламдық рейтингтік агенттігінің есебінде айтылды. Жаңа баяндамаға жүгінсек, ислам банкингі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы аумағында алдағы 5 жылда едәуір өседі.  Moody's агенттігінің дерегінше, дамуға посткеңестік кеңістіктегі кейбір елдердің осы секторды өркендету бастамалары мен әзірлеп жатқан құқықтық-нормативтік ережелері негіз болады.

"Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан ислам банкингінде көш бастайды. Бұл ел тұрғындарының басым бөлігі – мұсылмандар. Олар өз үкіметтерінің ислам қаржысы үшін ең жақсы құқықтық және реттеуші инфрақұрылым жасақтағанын қолдайды. Сонымен қатар ислам қаржысының дамуын Парсы шығанағы мен Азияның қарыштаған экономикаларымен инвестициялық байланысты нығайтудың тәсілі деп қарастырады", – дейді Moody's агенттігінің сарапшысы Светлана Павлова.

Moody's Қазақстан мен Қырғызстан ислам банкингін дамыту бойынша ең үлкен потенциалға ие деп есептейді. Қазақстан үкіметі 2025 жылға дейін

ислам банкингі активтерінің қазіргі 0,2% көрсеткішін 3%-ға жеткізуді көздеп отыр. Ал Қырғызстандағы ислам қаржысының үлесі Қазақстаннан  әлдеқайда жоғары. Оларда бұл көрсеткіш – 1,4%. Оны қырғыз ұлттық банкі келесі жылы 5%-ға жеткізуді көздеп отыр.

Moody's есебіне қарағанда, ТМД аумағында ислам банкингі әзірге толық жетілмеген. Оның үлесі жалпы банк активтердің мардымсыз бөлігін ғана құрайды.

2012 жылы Қазақстан даму банкі аймақтың бірінші эмитентіне айналу үшін бесжылдық сукукты (облигацияның немесе құнды қағаздардың исламдық баламасы) 76 млн долларға сатты. Бірақ  бірде-бір суверендік немесе корпоративтік банк бұдан үлгі алып, оны әрі қарай жалғастырып әкеткен жоқ.

Тәжікстанда ислам банкингіне негіз болатын заң 2014 жылы күшіне енді. Содан бері жергілікті орталық банк пен үкімет бірлесіп, осы сектордың дамуына ықпал ететін өзге де заңдар мен нормативтік актілерге өзгеріс енгізіп жатыр.  

Өзбекстан Джиддада орналасқан ислам даму банкінің қолдауымен ислами қаржыны реттейтін заң әзірлеп жатыр. Айта кетсек, Ислам даму банкі ТМД-ға 7 млрд доллардан астам қаражат бөлген. Осы ақшаның жартысынан астамы Қазақстан мен Өзбекстанға кетті.

Нормативтік кедергілер

ТМД-ның кейбір елдерінің үкіметтері ислам банкингін соңғы онжылдықта күш алған ғаламдық үрдістерге сәйкес дамыту мен реттеу бағытындағы кедергілерді азайту мақсатында белсенді жұмыс жүргізіп отыр.  

Moody's агенттігінің мәлімдеуінше, осы секторды өркендетуге белсенді күш жұмсап отырған мемлекеттердің ислам қаржы жүйесін кеңейтуге мүдде танытуының астарында өздерінің мұсылман тұрғындарының діни және мәдени мұқтаждықтарын қанағаттандыру ниеті жатыр. Екіншіден, ислам банкингі Парсы шығанағы мен Азияның  көлемді капиталға ие мұсылмандар мекендейтін елдерімен инвестициялық байланыс орнатуға жол ашады.

Рейтингтік агенттіктің өзге бір мәлімдемесіне қарағанда, ТМД аумағында ислам банкингінің өсуіне қоғамның нашар ақпараттандырылуы және реттеудегі кемшіліктер себеп болып отыр. Өзге нормативтік бөгеттерге келсек, ТМД юрисдикцияларының көбінде, егер үкімет арнайы жеңілдік жасамаса, активтерді сату және қайта сату операцияларынан қосымша құн салығы алынады. Ал активтер - исламдық қаржыландырудың көптеген стандарттық операцияларының бір бөлігі. Сонымен қатар ТМД-ның кейбір елдерінде исламдық банктің депозиттері салымдарды сақтандырудың мемлекеттік жүйесімен қорғалмаған. Бұған қоса ислам банктері орталық банктің қаржыландыруына сүйене алмайды. Өйткені оларда пайыз бар. Бұл кемшіліктер исламдық банктердің қаржылық және операциялық шығындарын көбейтіп жіберуі мүмкін. 

Moody's сарапшыларының пікірінше, 15 миллиондай мұсылман тұратын Ресейде ислам банкінің өсу мүмкіндігі әлсіздеу болса да, кейбір банктер шариғатқа сәйкес өнімдер мен қызметтерге деген сұранысты қазіргі заң аясында қанағаттандыруға тырысып отыр. Мысалы  активтері жағынан Ресейдің ең ірі коммерциялық банкі – "Сбербанк" 2019 жылы исламдық төлемдерге арналған қосымшаны іске қосқан. Ал Татарстан Республикасының ең үлкен қаржы ұйымы -  "Ак Барс" биыл қанатқақты  ипотекалық өнімін ұсынды.

Агенттіктің болжамынша, ТМД елдерінің көбі Қытайдың "Бір белдеу, бір жол" бастамасына қатысуы мұсылмандар көп шоғырланған Орталық Азияда инфрақұрылымдық жобаларды исламдық қаржыландыруға серпін беруі мүмкін. Сонымен қатар интернет пен мобильдік байланыс құралдарын қолданушылардың көбеюі де шариғатқа негізделген қаржылық қызметтердің аясын кеңейтуге көмектеседі деген үміт бар.

Ислам банкингі

Ислам банкингі – шариғат шартына сәйкес келетін банк немесе қаржы қызметі. Ал шариғат берілген займ үшін пайыз алуға рұқсат бермейді. Бұл жүйе бойынша үстеме бағадан келген табыс пен шығынды банк пен клиент бөліп пайдалануы керек. Шариғат шартына сай ислам банкингі табак, алкоголь, қару-жарақ, есірткі бизнесін қаржыландырмайды. Бұған қоса порнография, құмар ойындарымен байланысты харам қызмет түрлерімен байланыспайды.  

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу