Үкімет пен Ұлттық банк ислам қаржы жүйесіне пессимизмен қарайды

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
5303

2025 жылға қарай Қазақстан банктері ислам үлгісіндегі қаржыландыру үлесін 5-10%-ға жеткізуі мүмкін.

Үкімет пен Ұлттық банк ислам қаржы жүйесіне пессимизмен қарайды

Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев Алматыда өткен онлайн-конференцияда  2008 жылдан бері Қазақстанда ислам банктерінің қызмет көрсетуіне барлық жағдай жасалып жатқанын, алайда елімізде жалғыз ислам банкі жұмыс істеп тұрғанын тілге тиек етті. Оның сөзінше, қазір екінші ислам банкін бірінші ислам банкіне қосу жұмысы жүріп жатыр. Бас банкир мұның себебін исламдық  қаржыландыру жүйесінің Қазақстанда  кең таралмағаны және қолдауға ие болмай отырғанымен түсіндірді.

Данияр Ақышевтің айтуынша, біріншіден, қарапайым халық ислам банктерінің қандай қызмет көрсететінінен бейхабар. Екіншіден, бұл банктердің филиалдары жоқ. Үшіншіден, несиенің пайызы мен банктің пайдасы шариғат шартымен есептелетіндіктен сандарда нақтылық жоқ. Осының салдарынан түпкі нәтижеде клиент ұтылады.

Айта кетейік, біздің елде исламдық қаржы жүйесі Данияр Ақышев мәлімдегендей 2008 жылдан емес, 2009 жылдан бастап қызмет көрсете бастады. Бұған қоса екінші деңгейлі банктерде исламдық қаржыландыру бөлімдерін ашуға заң бойынша рұқсат берілмеген. Заң бойынша салымдарды сақтандыру жүйесі исламдық депозиттерге қолданылмайды. Осының салдарынан исламдық қаржыландыру жүйесіне деген қызығушылық төмендей береді.

Айта кетейік, "Standart & Poor’s"  халық­аралық рейтинг агенттігі жыл басында еліміздегі ис­ламдық қаржыландырудың дамуына ислам­дық депозитке қатысты ұстаным кедергі келтіріп отыр деген қорытынды жасады.

Қаржыгер Әбілқасым Қуатбеков исламдық жобаларды қаржыландыруға және қаржылық есеп кезінде арнайы стандарт енгізуге қатысты сұрақтарды шешу үшін тиімді тетіктер қолданылмай отыр деген пікірде.

"Мемлекетке қаржылық капиталы жеткілікті және кез келген тәуекелді бірігіп көтеруге дайын тұрған қаржы институттарымен бірлесіп жұмыс істеу тиімді. Сондықтан ұлттық банк қаржы институттарының жұмысын реттеуші орган ретінде исламдық қаржы институттары мен квазисектордың  заңнамалық-құқықтық мәселелерін реттеп алуы керек. Бұл ислам қаржы институты дуалды механизмінің  іске қосылуын жылдамдатады. Осы мәселелер шешілгенде ғана исламдық қаржы ұйымдарының қызметі екінші деңге"лі банктермен теңеседі", – деді  Әбілқасым Қуатбеков.

Ол Астана халықаралық қаржы орталығының ағылшын үлгісінде жұмыс істеуі үкімет пен Ұлттық банктің ислам қаржы жүйесіне деген пессимистік көзқарасын өзгертетініне сенім білдірді.

"Астана халықаралық қаржы орталығы" мен қаржы министрлігінде облигациялардың исламдық баламасы "Сукук"  сертификатын шығару мәселесі қаралып жатыр. 2018 жылдың екінші тоқсанында "сукук" облигациясын айналымға шығару жоспарланған. 2025 жылға қарай Қазақстан банктері ислам үлгісіндегі қаржыландыру үлесін 5-10%-ға жеткізуі мүмкін. Бұл мәселелер рет-ретімен шешілуі үшін қай бағытта кетіп бара жатқанымызды және бірінші кезекте қандай бағытқа басымдық беретінімізді анықтап алуымыз керек.  Халықаралық ислам қаржы орталықтарына айналған Дубай мен Лондонда исламдық қаржыландыруға дайындық осыдан 45 жыл бұрын басталған. Нәтижесін енді көріп отыр", – деді  Әбілқасым  Қуатбеков.

Қаржыгер "Сукук" сертификатының айналымға шығуы отандық қаржы ұйымдарының рейтингін жоғарылатады деген ойға басымдық береді.

"Сукук"  сертификатын айналымға шығарсақ, исламдық қор биржасының ашылуын жеделдетіп, өзімізге араб елдері қаржы ұйымдарының назарын  аударамыз. Бұл Астанадағы  халықаралық қаржы ұйымының алаңына араб инвесторларының келуіне жол ашады. Мұндай жағдайда Ұлттық банк "сукук" облигациясына теңгемен қолдау көрсету мүмкіндігіне ие болады. Ал ислам банкингі Қазақстанға шариғат шарттарын ұстанатын инвесторлардың жаңа тобын  әкеледі", – деді Әбілқасым  Қуатбеков.

Маманның мәлімдеуінше, "сукук" облигациясы шетелдік және отандық инвесторлардың қазақстандық валютаға деген сенімін арттырады. Осылай болатын болса, отандық компаниялар мен тұтынушылардың  валюталық тәуекелі төмендейді.

"Исламдық қаржы құралдарын айналымға енгізу процесін жылдамдататын   "islamic windows" - ке  ресми қолдау көрсетететін кез келді, – деді Әбілқасым  Қуатбеков.  

Тәуелсіз сарапшы Сергей Кузнецовтың айтуынша, ислам қаржы жүйесінде техникалық жобаларды инвестициялық тәсілмен басқару жағы кемшін.

"Ислам қаржыландыру институттары инвестициялық банктер тәрізді жұмыс істеп, жобаларды басқару мәселесімен айналысуы керек. Олар өздерінің қаржылық тәуекеліне өте сақ қарап, тұтынушыға шектен тыс талап қояды және пайдасы кепілдендірілген жобалармен ғана жұмыс істейді.

Салық жүйесіне қатысты заңнамаларда коммерциялық банктер мен ислам қаржы жүйесін бір-бірімен үйлестіру керек. Себебі классикалық қаржы институттарының бәрі қосымша құн салығынан босатылған, ал мұндай жеңілдік ислам қаржы жүйесінде қарастырылмаған", – деді Сергей Кузнецов.

Тәуелсіз сарапшының сөзінше, ислам елдерінен қаржы тарту Қазақстанды ислам конференциясына мүше елдер арасында көшбасшылыққа жетелейді.

"Ислам елдері ислам қаржы жүйесі арқылы Қазақстанға қаржы салуға дайын. Бірақ қаржыны тиімді пайдалану турасында бізге өз талаптарын қояды. Бұл мәселені отандық банк  секторына қатысты заңдарды  исламдық қаржы жүйесінің талаптарына негіздеу арқылы шешуге болады", деді Сергей Кузнецов.

Ислам қаржы институттарының қаржысын қай салаға бейімдеу керек деген сауалға сарапшы ойланбастан: "Ауылшаруашылығы саласына", – деп жауап берді.

Оның айтуынша, Қазақстанда ауылшаруашылығы ғана үкіметтің қаржысына тәуелді. Ал шикізат секторындағы салаларда қаржыландырудың қалыптасқан жүйесі мен құрылымы бар.

"Ауылшаруашылығы саласын қаржыландыруды исламдық қаржыландыру жүйесіне бейімдеу агросекторды дамытады", – деп қорытты сөзін тәуелсіз сарапшы.

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу