Тарифтер бойынша маңызды келісімге қол жеткізілгеніне қарамастан, ресейлік БАҚ бұл кездесу жайлы мардымды ақпарат бермей, оның қорытынды шешімін мүлдем жария етпеген.
8-9 наурыз күні жаңалық беретін кей ресейлік портал, соның ішінде rzd-partner.ru порталы: "Иран, Ресей және Әзербайжан делегациясы 7 наурыз күні теміржол транспорты саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Үшжақты кездесу барысында 2017 жылға арналған теміржолдың жалпы тарифі қарастырылды" деген қысқа хабарлама жариялады.
Әзербайжандық ағылшын тіліндегі Аzernews агенттігі 9 наурыз күні осы келіссөз жайында көлемді ақпарат берді. "Әзербайжан, Ресей және Иран теміржол делегациясы 7 наурыз күні Мәскеуде үшжақты кездесу өткізіп, теміржол көлігі саласында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Тараптар 2017 жылға арналған теміржолдың жалпы тарифін қарастырды. Келіссөз қорытындысы бойынша үш тарап теміржол транзиттік тарифін қысқарту туралы келісімге қол қойды".
Келіссөз қорытындысының нақты қандай болғанын ирандық Tehrantimes, Financialtribune, Тheiranproject және Mehr News агенттіктері хабарлады. Басылымдардың мәлімдеуінше, үшжақты кездесу барысында әңгіме тек теміржол көлігі саласындағы ынтымақтастық туралы ғана болмаған, сонымен бірге тараптар 2017 жылға дейін іске қосылады деп отырған "Солтүстік – Оңтүстік" халықаралық көлік дәлізін жандандыру мәселесі де сөз болған.
Ұзындығы 7200 шақырым болатын "Солтүстік – Оңтүстік" (Хельсинки – Мәскеу – Астара – Бендер-Аббас – Мумбаи) ХКД Суэц каналы арқылы өтетін бағытқа бәсекелестік туғызып, тасымалдауды едәуір арзандатуы керек. Ол Иран және Әзербайжан арқылы Солтүстік Еуропа елдерін және Ресейді Үнді мұхиты және Оңтүстік – Шығыс Азиямен байланыстырады.
"Иран теміржолы" компаниясы басшысының орынбасары Хосейн Ашури "он төрт жыл өткеннен кейін ғана Иран, Ресей және Үндістан көлік дәлізін іске қосу туралы келісімге қол жеткізді, ал алғашқы сынақ жүк пойызы 2016 жылы Мумбаи – Бендер-Аббас – Астара – Мәскеу бағыты бойынша жүргізілгенін" айтты деп хабарлайды Mehr News агенттігі.
Үшжақты келісімнің ең басты мақсаты – Ресей, Әзербайжан, Беларусь, Латвия, Эстония және Финляндиядан Парсы шығанағы, Үндістанға қарай және кері қарай жүк тасымалдау үшін бағытты жандандыру жолдарын іздеу.
Иран ақпарат агенттіктері Иран, Ресей және Әзербайжан тариф мөлшері жөнінде бәтуаластыққа қол жеткізгенін мәлімдеді.
"Үш тарапты кездесу барысында бағытты транзиттік тарифті 50%-ға төмендету арқылы пайдалануға беру туралы шешім қабылданды", – деді Хосейн Ашури Mehr News агенттігіне берген сұхбатында. Сонымен бірге бағытқа Финляндия, Эстония, Латвия және Беларусь қосылғаннан кейін жаңа дәліз мейлінше толығатынына сенім білдірді.
Ресейлік және әзербайжандық БАҚ транзит тарифін төмендету туралы уағдаластықты неге жария етпей отырғаны әзірге белгісіз.
Бүгінге дейін "Российские железные дороги" АҚ сайтында бұған қатысты ешқандай ресми ақпарат жоқ. Abctv.kz жағдайдың қалай өрбитінін бақылауда ұстайды.
Олег И. Гусев, Теміртау