Ислам банкингінде қазақы қиялға орын жоқ

4351

Соңғы кездері отандық экономистер ислам қаржыландыруы туралы айта бастады.

Ислам банкингінде қазақы қиялға орын жоқ

Қазақстанда бұл бірнеше жыл бойы қозғалып келе жатқан мәселе, алайда қаржы мамандары тарапынан дұрыс бағыт берілмей келеді. Сондықтан, ислам банкингінің айналасында, яғни қызметінің мәні мен қағидасына қатысты түрлі "аңыздардың" қалыптасқанын айтуымыз қажет.

Жақында ғана Халықаралық "Астана" қаржы орталығының басшысы Қайрат Келімбетов елімізде сукук ислам бағалы қағаздарының мүмкіндігін атап өтті. Сонымен бірге, Астанада өткен "IFN СНГ-2017" форумында ол қазіргі таңда барлық банк активтерінің 1%-ына жетпейтін ислам қаржыларының нарығы 2025 жылға таман 5-10% құрайтын болады деген болжам жасады.

Ислам қаржыларының мүмкіндіктері қандай? "Халал капиталдың" батыстық үлгіден ерекшелігі неде? Ислам банкингінің Қазақстанда дамуының қиындықтары мен келешегі қандай?

Осы сауалдар төңірегінде "СК Лизинг" АҚ Қауіп-қатер менеджменті мен ислам қаржыландыру департаментінің директоры Әділбек Рысқұловпен әңгімелескен едік.

Тегін несие болмайды

– Әділбек Сабырханұлы, ислам қаржыландыруын белсенді дамытудың басты қиындықтары неде?

– Біріншіден – бұл халық арасында ислам қаржы институттарының жұмыс істеу принциптері туралы түсініктің болмауы. Адамдар ислам қаржыландыруының схемалары мен әдістерін білмеген соң, түрлі, соның ішінде жөнсіз болжамдарға соқтығады. Солардың арасында көп кездесетін қате пікірлердің бірі – ислам банкингі тек мұсылмандарға ғана арналған деген ағат түсінік. Мұндай тұжырым ислам банкингінің әлем бойынша қолданылатын тәжірибесіне тіпті сәйкес емес. Оның бір дәлелі, қазіргі кезде Малайзия мен Ұлыбритания сияқты әлемнің ірі қаржы орталықтарында ислам банктерінің мұсылман емес клиенттерінің үлесі 50 %-ға, яғни барлық клиенттерінің тең жартысын құрап отыр.

– Ислам несиесін көп жағдайда пайызсыз деп атайды. Бұны біз тегін келген ақша деп қабылдаймыз. Ақиқатында бұл солай ма?

– Бұл кең таралған әбестік. Пайызды несиені пайдалану үшін ақы деп түсінетін адамдар "пайызсыз" деген түсінікті "тегін" деп ұғынуы мүмкін. Мұндай қателік, сонымен бірге, "ислам несиесінің" анықтамасымен де байланысты. Әдетте, банк несиесін біз пайызға берілетін ақшалай көмек (ссуда) деп қабылдаймыз. Олай емес. Ислам банкі – коммерциялық ұйым болғандықтан, оның да басты мақсаты – пайда табу. Ал банк пайызсыз ақша береді деген болжам ойға қонымсыз. Сондықтан "Ислам несиесі" кезінде банк пайда табудың басқа жолдарын пайдаланады.

"Ислам несиесі" тегін таратылмайды. Осыны толық түсініп алғанымыз жөн. Бұған қоса, әлемдік практикада ислам банктерінің қызмет көрсету құны дәстүрлі банктерге ұқсатып жасалады (инфляция, қауіп-қатерлер, пайда нормалары) және өнімнің шекті бағасы банк өнімдеріне жалпы нарықтың бағаларына сәйкес болады. Келесі қате түсінік – ол, "ислам несиесі" өтеусіз болады, сондықтан белгілі бір себептерден клиент банкке ақшасын төлей алмаса, оған бәрін кешіреді. Бірақ, бұл тұжырым да ақиқаттан алыс. Ислам банкі несиені қайтарып алудың кепілі ретінде мүлікті толық талап етуге, сонымен бірге салынған қаржыны алақол клиенттен сот арқылы өндіруге құқылы.

Пайыз бен риба – екі бөлек дүние

– Сонда, клиенттерді, ислам банкінің есігін ашып, несие беру шарттарымен танысқан соң, екі түрлі ойда қалады дейсіз ғой?

– Әлбетте. Алғашқы кезде кейбір ислам банктері клиенттерінің ислам несиесі пайызбен берілетінін естіген кейін, бұл дегеніңіз риба – өсімқорлық, сондықтан Алла алдындағы кешірілмейтін күнә емес пе деп, қатты таң қалатыны бар. Бірақ, бұл "пайыз" бен "риба" ұғымдарын бұрыс түсінгеннің салдарынан туған әбестік. Пайыз – белгілі бір заттың 1/100 бөлігін белгілейтін математикалық құрал. "%" таңбамен жазылады. Мысалы, 100 грамм 1 килограмның 10 %-ы. Яғни, белгілі бір заттың кез келген бөлігін сол заттық тұтас күйіне қатынасын пайызбен өлшеуге болады. Ал риба дегеніміз қарыздың мерзімін ұзартқаны үшін сыйақы түрінде алынатын қалдық. Ол номиналды да, мысалға, 1000 теңге қарыздан 120 теңге, пайыздық та түрде – 1000 теңгенің 120% болуы мүмкін. Ішкі мазмұны сол қалпында сақталады да тек белгілеу түрі ғана өзгереді. Демек, пайыз бен риба – екі бөлек дүние, пайыз рибаның санын белгілеу үлгісі ретінде ғана қолданылады. Ислам банктері де өз алдына ислам несиесі арқылы түсімділік деңгейін белгілеу үшін "пайыз" ұғымын пайдаланады. Бұл рибаның балын теріске шығарады. Мысалы, егер ислам несиесі 9%-бен берілетін болса, онда банк келісімшартта көрсетілген сомадан 9% пайда көреді деген сөз, бірақ келісімшартқа ақша аударымына сыйақы алудың, яғни рибаның еш элементтері енгізілмейді.

Инвестицияны ислам әлемінен тартқан жөн

– Ислам банкингінің белсенді қызметін қамтамасыз ету үшін, әсіресе салық, заңын өзгерту қажет деп жатады. Бұл тұжырым қаншалықты дұрыс?

– Дұрыс айтасыз, қазіргі кезде заң кедергілері әлі де болса үлкен мәселе болып табылады. Өкінішке қарай, қолданыстағы нормалар исламның қаржы компанияларына Қазақстан нарығында қызмет етуіне рұқсат берсе де, кейбір ұсақ-түйек шала жасалған жұмыстар бар. Олар жинала келе, елеулі қиындықтарға әкеп соғады. Мысалы, негізгі ислам өнімдерінің бірі – "мурабаха" (банк несиесіне басты балама) – банк тарапынан сатып алынатын және одан әрі клиентке мерзімін ұзартып қайта сатылатын, сондықтан ҚҚС пайда болуына әсер ететін өнім болып табылады. Осының нәтижесінде банк өнімінің бағасы өседі де, ислам банктерін дәстүрлі банктерге қарағанда әркелкі шарттар орындауға міндеттейді. Маңызды өзгерістер мен банк секторындағы дағдарыс, реттеуші талаптарының күшеюі – осы үдерістер аяқталмаған, сондықтан шетелдің ықтимал инвесторлары әлі де күтіп отыр.

– Айтқаныңызды нақтылай түссек, кейбір сарапшылардың пікірінше, мемлекетке инвестицияны осы ислам банкингі тарта алады. Солай ма?

– Қазақстанға ислам қаржысы ең алдымен шетелдік инвестицияны ислам әлемінен тарту үшін қажет екені белгілі. Бірақ кез келген шетелдік инвестиция, бірінші кезекте инвестордың өзі үшін, валюталық қауіп-қатерлермен байланысты. Ұлттық валютаның соңғы жылдардағы тұрақсыз жағдайы ислам банкингінің дамуына бірқатар қиындықтар тудырады.

Ойын шарттарының өзгерісі кейбір ықтимал инвесторларға кері әсер етті, сондықтан олар қолайлы жағдайлардың орнауын күтуде. Бірақ, инвесторлар ислам қаржыларын Қазақстан Республикасында дамытуға мүдделі екенін ашық айтып отыр.

– Сұхбатымыздың соңында ислам банкингінің Қазақстанда дамуының болашағы бар деп ойлайсыз ба?

– Қазір басты үміт Халықаралық "Астана" қаржы орталығына артылып отыр. ХАҚО аясындағы ислам қаржыландыруы басты қызмет бағыты ретінде алынған.

Сонымен бірге бөлшектеп қаржыландыруды жүзеге асыруға да көп көңіл бөлінеді. Қазір Қазақстанда жалғыз ислам банкі корпоративті қаржыландыру саласында жұмыс істеп жатыр. Келешекте оны 2017 жылы бөлшектеп қаржыландыру өнімдерін енгізу арқылы дамыту жоспарланған.

Сонымен бірге, ағымдағы жылы екінші ислам банкін ашу көзделген, қазір ол дәстүрлі банкті ислам банкіне ауыстырудың соңғы кезеңінде тұр. Бұл да бөлшектеп қаржыландыруды белсенді дамытады деп жоспарланған.

Келешекте ислам қаржыландыруы Қазақстанда терең тамыр жайып, оның қызметі отандастарымызға тек игілік әкеледі деп үміттенеміз.

Сұхбаттасқан Гүлназ Шарханқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу