Бизнеске арналған кредиттер арзандайды

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2811

Үкімет "қарапайым заттар экономикасы" аясында пайыздық мөлшерлемені 9 пайыздан 6 пайызға дейін төмендетпек.

Бизнеске арналған кредиттер арзандайды

"Қарапайым заттар экономикасын" дамыту мақсатында Үкімет жанынан Жобалық кеңсе құрылған болатын. Жобалық кеңсе халық тұтынатын тауарлар өндірісін дамытудың қазіргі бағдарламасына өзгерістер пакетін әзірледі. Олардың бір бөлігі Үкімет қаулысымен қабылданған.

Өзгерістердің бірінші жиынтығы осы жылдың 4 мамырында енгізіліп, 17 мамырдан бастап қолданыла бастады. Бұл түзетулерге кепілдік құралдарын енгізу, айналым қаражатын толықтыруды қаржыландыру мөлшерін 30 пайыздан 50 пайызға дейін ұлғайту, құс еті мен мақта талшығы сияқты бірқатар тауарларды бағдарламаға қосу жатады.

Аталған өзгерістер нәтижесінде 150 кәсіпорынға 270 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетіледі деп күтілуде. Сонымен қатар 10 мыңнан астам жұмыс орнын құрып, бюджетке түсетін салық көлемін 38 млрд теңгеге ұлғайтуға мүмкіндік бермек.

"Жобалық кеңседе 700 млрд теңгеге 900-ге жуық әлеуетті жоба қарастырылуда. Оның ішінде екінші деңгейлі банктер құны 25 млрд теңге болатын 41 жобаны мақұлдады. Бұдан бөлек 111 млрд теңгеге 126 жоба қарастырылуда", – деді Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек.

Оның айтуынша, бизнестің тамақ өнеркәсібі, агроөнеркәсіп кешені, жеңіл өнеркәсіп  және қызмет көрсету салаларындағы жобаларға деген қызығушылығы жоғары.

"Қазіргі уақытта Жобалық кеңседе түзетулердің екінші жиынтығы әзірленуде. Онда соңғы қарыз алушы үшін пайыздық мөлшерлемені 9 пайыздан 6 пайызға дейін төмендету ұсынылады. Бұл өзгеріс кәсіпкерлер үшін несие құнын арзандатуға мүмкіндік береді. Екінші түзетулер пакеті заем мерзімінің 1/3 бөлігінен аспайтын мөлшерде несие бойынша жеңілдетілген кезеңді енгізуді қарастырады. Сонымен қатар бағдарлама аясында несие беру үшін жаңа тауарлар қосылмақ", – деді премьер-министрдің орынбасары.

Несиелендіру бағдарламасы ойдағыдай іске асырылса, 2025 жылға қарай "қарапайым заттар экономикасы" тауарлары бойынша импорт үлесі 59 пайыздан 37 пайызға төмендейді. 16 мыңға жуық жұмыс орны құрылып, салық көлемі 1,1 трлн теңгеге ұлғаяды деп күтілуде.

"Отандық кәсіпорындарды қаржылық және қаржылық емес қолдауды күшейту мақсатында алдағы үш жылда 500 млрд теңге бөлінеді. Оның 470 млрд теңгесі "Бәйтерек" холдингі арқылы үлестірілетін болады. Қазақстан Даму банкі және Даму желісі бойынша экспортты қаржыландыру көлемі үш жыл ішінде 300 млрд теңгені құрайды", – деді Жеңіс Қасымбек.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу