Израиль болашақта "дамыған елдер" қатарынан шығып қалуы мүмкін

3725

Небәрі 1 жыл ішінде 56 мыңдай израильдік компания банкрот болған.

Израиль болашақта "дамыған елдер" қатарынан шығып қалуы мүмкін Фото: reuters.com

Бұл елдің экономикасына төнген қауіп-қатерлер көбейе түскені әшкереленді.

Израильдік Coface BDI аналитикалық фирмасы жаңа шолуында қарулы шиеленістер ушыққан кейінгі бір жылдағы ахуалды мұқият зерделеді.

Coface BDI дерегінше, 2023 жылғы 23 қазаннан 2024 жылғы қыркүйек айының соңындағы кезеңде, 10 миллионға жетер-жетпес халқы ғана бар Израильде шамамен 59 мың компания дәрменсіз күйге жетіп, жабылып қалған. Бұрынғы жылдары әдетте жылына 40-42 мың компания ғана жабылады екен.

Бір компания жойылса, орнын жаңасының басуы – нарық заңы. Алайда аталған кезеңде небәрі 36 мың компания ғана жаңадан ашылған. Бұл да антирекорд, бұрындары әдетте 45-48 мыңы ашылатын еді. Сарапшылардың байламынша, жаңа бизнестің саны шамамен төрттен бірге құлдырады.

Оның экономикасының кері кете бастағанын түсінген Moody’s халықаралық рейтинг агенттігі таяуда Израильді жоғарғы "А" рейтингінен айырды. Бірден екі сатыға A2-ден Bаа1-ге дейін құлатты. Жаһандық рейтинг агенттігі бұл елдің даму динамикасын "теріс-негативті" деп бағалап, оның айналасында геосаяси қауіп-қатерлердің өршуіне қарай рейтингін тағы төмендететінін болжады.

Ендеше Иранға қарсы кең ауқымды соғыс ашпауына тек президенттік сайлау қарсаңындағы АҚШ басшылығы ғана емес, Израильдің өзі де мүдделі болса керек.

Тағы бір әлемдік рейтинг агенттігі – S&P де бірнеше ай ішінде Израильдің кредиттік рейтингін екінші рет төмендетті. Бұған қоса, "негативті" болжамын қосты. Бұл бұдан былай өз экономикасын дамытып, ірі жобаларын жүзеге асыруға Израильдің шетелден тартатын несиесі күрт қымбаттайтынын, тіпті қолжетімсіз болып қалуы мүмкін екенін білдіреді.

Осылайша, халықаралық рейтинг агенттіктері Израиль экономикасына қарсы шабуыл жасап, жан-жақтан сұрапыл "соққы" берді. Мұны мойындаған израильдік Coface BDI фирмасының тұжырымдауынша, рейтингтің төмендеуі салдарынан Үкіметтің енді бизнес үшін салықты арттырудан басқа амалы қалмайды.

ИМ Қаржы министрлігі мен Салық басқармасы салықтарды көтеру және бизнеске жеңілдіктерді ("некудот") тоқтату туралы меморандумын жариялады. Оны бекітетін заң 2025 жылғы бюджет қабылданғанға дейін, тез құпталуы қажет. Бұл мемлекетке 2027 жылдың соңына дейін, жыл сайын қосымша 10-15 миллиард шекель үнемдеуіне мүмкіндік береді.

Сөйтіп, Израиль Үкіметі өз кәсіпкерлеріне үстемелете "соққы" жасауда. Салдарынан, олардың өнімдерінің өзіндік құны қымбаттайды, халықаралық нарықта бәсекеге қабілеттілігі төмендейді, салықтық, әкімшілік шығындары артады. Банкрот болып жабылатын израильдік компаниялардың саны одан әрі артады.

Өз кезегінде бизнес жұртшылыққа "соққы" жасайды. Олар амалсыз, тауарларын, қызметінің ақысын, тарифтерін көтереді. Елді қымбатшылық жайлап, инфляция одан сайын өседі. Бұл, Coface BDI сарапшыларының пікініше, халықтың бос қаражаттарының қысқаруына әкеледі. Соның кесірінен, онсыз да үнемшіл еврейлер тұтынысты төмендетеді.

Соғысты ары қарай қаржыландыруға қосымша 30 миллиард шекель жинау мақсатында Қаржы министрлігі шаруашылықты реттеу туралы заңына да түзетулер әзірледі. Ол басқасы сыртында, демобилизацияланған әскери қызметшілерге төленетін 10 826 шекель сомасындағы бір реттік жәрдемақыны жоюды қарастырады. Қоғамды шошынтқан өзге де "оңтайландырулары" жетерлік.

Израильдік саяси шолушы Борис Шодин Coface BDI фирмасының 2023 жылғы қарашада жариялаған бұрынғы болжамы айна-қатесіз келгенін күрсіне еске салады. Оның аналитиктері сонда Израиль экономикасының жайқала өсу орнына "қурай" бастағанын, жабылып қалатын компаниялардың саны жаңадан ашылатынынан көп асып түсетінін тұспалдады.

"Ұқсас тренд 2020 жылғы коронавирус пандемиясы кезінде байқалған, бірақ онда келесі жылы тез қалпына келе бастады. Бүгінде ахуал күрделі. Соғыс израильдік экономиканы қымбатшылыққа ұрындырды. Израиль банкіне басты ставканы арттыруға тура келді. Бұл азаматтардың сатып алу қабілетін төмендетті және жинақтарын азайтты. Оның үстіне пандемиядан кейін бүкіл әлемде экономикалық өсім басталды, ал, бұл жолы біз дағдарыспен жалғыз қалдық және оның құрдымынан шығу қиын болады. Израиль алдыңғы дағдарыстан толық арылмай жатып, келесі күйзеліс тығырығына тірелді", – деді Борис Шодин.

Coface BDI Израиль мемлекетіндегі (ИМ) қиын-қыстау жағдайдан хабар беретін тағы бір жайтты нұсқады: "тәуекел индексі" 2023 жыл бойы тоқтаусыз өсті, былтыр соғыс басталғаны оның өсімі жылдамдады. Бұл индекс коммерциялық кәсіпорындардың тұрақтылығының көрсеткіші болып табылады. Тәуекел индексі осы елде тұтынушылардың тауарларды кері қайтаруы ("кері қайтарылған чектер"), қарызының қордалануына байланысты бизнестің өнім жеткізушілерін ауыстыруы, кредит беруден бас тартулардың, кредиторлардың борышкерлерін қудалап, сотқа шағымдануы деректерінің өскенін есепке алады.

Индексте ең ауыр жағдайға құрылыс компаниялары (соғыс пен бомбалау салдарынан тұтас елді мекендер эвакуацияланып, көшірілуде, қалаларда құрылыстар тоқтауда), қызмет көрсету секторлары, сауда орындары, мейрамхана-дәмханалар тап болды.

Израильдік TheMarker басылымы Moody’s-тің қандай да бір елдің рейтингін бірден екі сатыға құлдыратуға өте сирек баратынын еске салды. Бұл ол елдің күйрей бастағанын білдіруі мүмкін. Сорақысы сол, агенттік болжамын "теріске" өзгертті, олай болса, мұнымен тоқтамайды, келесі жылы не оған дейін тағы төмендетуі ғажап емес.

Басылым халықаралық рейтинг агенттіктерін мұндай қадамға бармауға Израильдің бүкіл басшылығы көндіруге тырысқанын, үгіттеуге барын салғанын мәлім етті. Премьер-министр Биньямин Нетаньяху, Израиль банкінің басқарушысы профессор Амир Ярон, елдің бас аудиторы Яхели Ротенберг агенттіктерден елге қатысты теріс есептерін жариялауды ең құрыса, кейінге қалдыруды қайта-қайта өтінгенін жариялады.   

"Егер есепті кейінге қалдырта алғанда, Үкімет 2025 жылғы мемлекеттік бюджет жобасын кнессетке (Парламентке) ұсынып, қорғап та үлгеретін бе еді. Ол құжатта қауіпсіздік саласындағы өте қиын ахуалға, экономикалық шынайылыққа жауап берілуге тиіс. ЖІӨ-ге шаққанда 4%-дық тапшылығы бар бюджет жобасын ұсынуға ниетін жариялағанда Қаржы министрі Смотрич те рейтингтің төмендеуіне жол бермеуге талпынып көрді. Соған қарамастан, Moody’s агенттігі есебін жариялауға ұйғарды. Бұл израильдік саясатқа қарсы жаңа, аса қатал соққы ретінде қабылданып отыр", – дейді израильдік экономикалық сарапшы Сами Перетз (Sami Peretz).

Бір ғажабы, Moody’s экономистері өз есебінде тек экономикалық ахуалды шолумен шектелмеді. Олар елдегі саяси ахуалға тоқталды. Мысалы, діндәр, ультраортодокс еврейлердің армияға шақырудан, соғыстан жаппай бас тартып жатқанын, әділет министрі Ярив Левиннің Жоғарғы сотпен тайталасын және оның ЖС жаңа басшысын тағайындауға келісім беруден басын ала қашқанын, басқа да саяси дағдарыс нышандарын теріп көрсетті. Сондай-ақ 2025 жылғы мемлекеттік бюджетті қабылдаудың екі айға кешігіп қалғанын еске салуды ұмытпады.

Сарапшылардың байламынша, Moody’s-тің қатал есебі Палестинада, Ливанда, өзге көршілерінде ондаған мың бейбіт тұрғынды қырып салудан арланбаған Израильге деген халықаралық қоғамдастықтың қатынасы нашарлағанын, қазіргі кезде соғыстың аяқталуының ешқандай перспективасы жоқтығын паш етті.

Израиль Үкіметі "бірнеше аренадағы" қарулы шиеленістен шығудың жоспарын да ұсына алмады. Сондықтан бұрынғы әскери операциялар, дағдарыстар кезіндегіден айырмашылығы сол, енді рейтинг агенттіктері бұл елдің экономикасының тез қалпына келетінін күтпейді.

Moody’s экономистері Израильдің келесі жылғы бюджетінің дефициті 4 пайызбен шектелетініне сенбейді, олардың болжамынша, тапшылық 6%-дан кем болмайды, бұл жоспардағыдан 40 миллиард шекельге (қазіргі 3,76 бағамымен шамамен 10,6 миллиард долларға) көп.

Израильдік басылымдар ультраортодокстардың "соғысқа жігіт беруге" үдере қарсы шығуы халықаралық рейтинг агенттіктерін толғантпауға тиістігін айтады. Бірақ Цахал (Израиль армиясы) Ливанның оңтүстігіне басып кіріп, туын тікті. Онымен бірге Газа секторын және басқа да оккупациялаған аумақтарын уысында ұстап тұру, бірнеше майданда қарулы қақтығысты жалғастыру үшін резервистерді жаппай шақыру, мерзімді әскери қызмет мерзімін ұзарту қажет болады.

Израильдік TheMarker басылымының сараптауынша, мұның бәрі онсыз да жұмыс күші тапшы еңбек нарығынан экономикалық белсенді, еңбекке қабілетті азаматтарды көптеп алып қоюға әкеледі. Бұл да компаниялардың жұмысшы тапшылығы салдарынан жабылуына серпін береді.

"Израильде шеру, наразылық шараларына шығатын азаматтық қоғам, сондай-ақ тәуелсіз соттарға сүйенген құқықтық жүйе өздерінің мемлекеттік институционалдық құрылымдағы жеке күш екенін дәлелдеді. Алайда енді олар биліктегі тежеу мен қарсы салмақ тетігін қамтамасыз етуге қабілетсіз болып шықты. Олардың күші бүгінде әлсіз, әлжуаз", – делінген Муудис есебінде.

Мұндай қарқынмен Израиль болашақта "дамыған елдер", демократиялық мемлекеттер санатынан шығып қалуы да мүмкін. Халықаралық сарапшылар бұл елде билікті бақылау және теңгерімді қамтамасыз ету тетігі нашарлағанын айтады.

Moody’s қорытындысы үрейлі: "енді Израильге кредит беру қауіпті". Соған қарамастан, Израиль бәрібір қаржы нарықтарынан қаражат тарта алады, алайда заемдық қаражат бұрынғыдан әлдеқайда қымбатқа түспек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу