Қай ел Олимпиада чемпионына қанша ақша береді?

3199

Олимпиада ойындарының жеңімпаздары әр елде әр түрлі марапатқа ие боп жатады.

Қай ел Олимпиада чемпионына қанша ақша береді? Фото: dialogorg.ru

Кейбірі мемлекетінің туын көкке көтеріп, абыройын асырған чемпиондарына ақшалай да сыйлық бермейтін көрінеді.

Биылғы Париж-2024 олимпиадалық ойындарында үздік шыққан спортшыларға қай ел қанша ақша төлейді екен?

Халықаралық Олимпиада комитеті ешбір спортшыны ақшалай марапаттамайды. Есесіне, кейбір халықаралық спорттық ұйымдар жеңімпаздарға мол ақша ұсынып отыр. Мәселен, Бүкіләлемдік жеңіл атлетика федерациясы (World Athletics) алтын медаль алған әрбір спортшыға 50 мың доллардан сыйақы тағайындап отыр. Ал, Халықаралық бокс ассоциациясы (IBA) 100 мың доллардан беретін болады.

Алтын алған спортшысын ақшалай марапаттаудан алдына жан салмай тұрған ел – Гонконг. Чемпионға бұл ел 6 миллион гонконг долларын (750 мың АҚШ доллары) төлейді. Алтын алған командалық топтарға 1 жарым миллион АҚШ долларын береді.

Екінші орында – Сингапур. Олимпиада тарихында бір-ақ рет алтын алса да, Сингапур мемлекеті әлі күнге алтын тағатын жеңімпазға 1 миллион Сингапур долларын (АҚШ долларына шаққанда 700 мың доллар) төлейтін ел.

Одан кейінгі спортшыларын ақшаға қарық қылатын үшінші ел – Тайвань. Олар алтын алған чемпионға 20 миллион тайвань долларын (600 мыңнан аса АҚШ доллары) беріп, өмір бойына 125 мың тайван долларын (4 000 АҚШ доллары) төлеп отырады. Әзірге бұндай марапатқа Го Синчжунь деген штангашы мен Ли Ян және Ван Чилинь дейтін бадминтоншылар ие болған.

Кей мемлекеттер алдын ала "пәлен ақша сыйақы береміз" демей-ақ, алтын алған чемпиондарын марапаттап жатады. Мысалға, Сауд Арабиясының каратэ шебері Тарек Хамеди алтынға таласып, ирандық қарсыласынан жеңіліп қалса да, ел билігі оған 5 миллион риал (1,33 миллион АҚШ доллары) сыйақы төледі.

Дамыған елдерден қалмай, Қазақстан да олимпиада чемпиондарына қомақты ақшалай сыйақы беретін ел. Біз алтын алған жеңімпазға – 250 мың доллар, күміске – 150 мың, ал, қола әкелген спортшыға 75 мың доллар береміз. Сондай-ақ, 4-орын алған спортшы 30 мың, 5-орынға 10 мың және 6-орын алған спортшыға да 5 мың доллардан марапат тағайындап отырмыз.

Оның сыртында, еліміздегі ірі компаниялар мен бай бизнесмендер, чемпион шыққан облыстардың әкімдіктері жасайтын ақшалай-заттай сый-сияпат тағы бар.

Дзюдодан 40 жылдан кейін Қазақстанға алтын медаль әперген чемпионымыз Елдос Сметовке елге келмей жатып Әнуар Маханов деген ақтөбелік бизнесмен 100 жылқы сыйлап тастағанын да айта кету керек.

Париж-2024 олимпиадасында алтын алған чемпионға Италия – 212 мың доллар, Венгрия 166 мың доллар төлейді. Ал, Американың тарихында басқа елдер құсап жүз мыңдап сыйақы беру деген жоқ.

Оларда сыйақыны мемлекет емес, қоғамдық ұйымдар тағайындайды. Мәселен, АҚШ Токио-2020 олимпиадасында командалық есеп бойынша 1-орын алған ұлттық құрама мүшелеріне 9 миллион долларды үлестіріп берді. Осы қоғамдық қор Париж олимпиадасында алтын алған палуандарға 250 мың, жүзу спортының чемпиондарына 75 мың доллар береміз деп отыр.

Үндістан үкіметі биылғы чемпиондарға 7 жарым миллион рупий (100 мың доллардан аса ақша) төлейді. Малайзия мемлекеті әр жеңімпазға 1 қымбат көлік атап отыр. Көршілес Қытай елінде әр жеңімпазға жергілікті компаниялар жаңа үйдің кілтін табыстау дәстүрі бар.

Айта кету керек, 2012 жылғы олимпиада ойындарында "алтын медаль" алған Йи Силин есімді мерген қызға Гуандун провинциясының басшылығы 7,65 миллион юань (1 миллион доллар көлемінде) ақшаны сыйға тартқан болатын.

Тәжікстан мемлекеті бұл жолы "алтын" медаль алған спортшыға ел астанасынан – 3 бөлмелі, "күміс" алғанға – 2 бөлмелі, ал, "қола" иеленгендерге – 1 бөлмелі пәтер беретін болды.

Одан бөлек, Тәжікстан президентінің арнайы сыйлығы ретінде алтын алған чемпионға 300 мың сомони, күміске – 250 мың сомони және қола иегерлеріне 200 мың сомони төлейді екен. Егер ол ақшаны долларға шақсақ, 1 доллар – 10 сомониға тең, яғни, 300 мың сомони – 30 мың АҚШ доларына тең ақша.

Енді, көптеген мемлекеттер өз туларын Олимпиада аспанында көкке көтеріп, елінің даңқын шарықтатып жатқан спортшыларға сыйақы төлеп жатқанда, Ұлыбритания, Норвегия және Швеция секілді қағанағы қарық, сағанағы сарық елдір өздерінен шыққан олимпиада чемпиондарына көк тиын сыйақы төлемейді екен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу